Қазіргі таңда апатты мектептердің жайы баршаны алаңдататыны белгілі. Еліміз жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп отырған кезеңде білім беру жүйесіндегі түйткілді мәселелердің түйінін тарқату маңызды іс. Баланы болашағым деп ұққан әрбір ата-ана оның заман талабына сай білім алғанын әрі білім ошағының қауіпсіз болғанын қалайды. Елімізде апатты мектептерді жою және апатты мектептердің салдарынан туындайтын мәселелерді болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстардың жүргізіліп жатқаны белгілі. Ал Жамбыл өңіріндегі апатты білім ошақтарының ахуалы бүгінде қандай деңгейде? Құрылысы қайта жүріп жатқан мектептер саны қанша?
Ағымдағы жылдың алғашқы мәжілісінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев «2017 жылы апатты деген сөзден арылуымыз керек», деген болатын. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде апатты жағдайда 9 мектеп бар. Басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекова ондай мектептерді жою жөнінде тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтады. Өткен жылы еліміздің Ұлттық қоры есебінен Тараз қаласындағы «Салтанат» шағын ауданындағы 1000 орындық орта мектептің, жергілікті бюджет есебінен Сарысу ауданы Досбол ауылындағы 50 орындық орта мектеп пен Талас ауданы Қараой ауылындағы 50 орындық орта мектеп құрылысы басталды. Бұл нысандар биыл аяқталады деп күтілуде.
Жергілікті бюджет есебінен 2017 жылға 4 мектептің құрылысына 802,429 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде Меркі ауданы Арал-Қыстақ ауылындағы 50 орындық бастауыш мектеп, Қордай ауданы Соғанды мен Көктөбе ауылдарындағы әрқайсысы 50 орындық негізгі мектептер және Талас ауданы Қасқабұлақ ауылындағы 120 орындық орта мектеп бар. Қалған 2 мектептің мәселесі 2018-2019 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда. Ал бүгінде облыста үш ауысымда 5 мектеп жұмыс істейді.
Сондай-ақ, өткен жылы Ұлттық қор есебінен басталған Меркі ауданы Сарымолдаев ауылындағы 600 орындық орта мектептің құрылысы биыл аяқталады. Ал Тараз қаласындағы №24 орта мектептің 300 орындық қосымша ғимаратының, Шөлдала массивіндегі 900 орындық орта мектептің және Байзақ ауданы Байзақ ауылындағы 300 орындық орта мектептің құрылысына Ұлттық қор есебінен биыл 1 миллиард 887 миллион 308 мың теңге бөлінді. Қалған 1 мектептің мәселесі 2018 жылы жергілікті бюджет есебінен шешіледі деп жоспарлануда.
Мектеп – білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан білім ошағының талапқа сай болуы талантты шәкірттерді көптеп тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Жамбыл облысы да апатты жағдайдағы мектептерге ерекше көңіл бөліп отыр.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
ТАРАЗ