«Өткеннің бәрі жасық емес, бүгінгінің бәрі асыл емес». Кеңестік кезеңде республикамыздың барлық аудандарында типтік үлгідегі автобекеттер болушы еді. Еліміз жаңа меншік қатынастарына көшкен кезде оның бәрі жойылып кетті. Бірқатарының қызмет түрі жекешелендірілгеннен кейін өзгерсе, тағы бірі иесіз қалды. Бүгінгінің биігінен көз тастағанда аудан орталықтары мен елді мекендерде автобекеттердің қажеттілігі айқын байқалып отыр. Өйткені, тұрғындар тарапынан бағасы қолжетімді автобус қызметін пайдалануға деген сұраныс бұрынғы деңгейден өсе түспесе, бір мысқал кемімегені байқалады. Өйткені, жұрттың бәрі бірдей таксимен немесе жеке автокөлігімен жүрмейтіні бесенеден белгілі.
Сондықтан қазіргі кезде әртүрлі жағдайларға байланысты жойылып кеткен автобекеттерді қайтадан қалпына келтіру қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, Ақтөбе аймағында жалғыз ғана автобекет жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Оның өзі облыс орталығында орналасқан. Ал аудан орталықтарында жібі түзу автобекет жоқ екенін немен түсіндіруге болады? Қазіргі нарықтық қарым-қатынастар жағдайында оны орнықтыру мен қайта жаңғыртудың жолдары қандай болмақ?
Ашығын айтқанда, бүгінде ірі елді мекендерде болуға тиісті автобекеттердің орнын касса нүктелері атқарып тұр. Мұнымен іс оңғарыла ма? Экономист мамандардың мәлімдеуінше, автобекет үлгісіндегі құрылымдар меншік иелеріне тек пайда, тиімділік әкелетін нысандар қатарына кіреді. Ендеше, осы мүмкіндікті жіберіп алмаудың жолдарын іздестіру жөн болмас па? Тіпті, алысқа бармай-ақ, аталған мәселені жолаушы тасымалдаушылардың есебінен де шешуге болатыны талас туғызбайды. Сондай-ақ, жергілікті өкілетті органдар бизнес өкілдерімен ортақ ұйғарымға келу арқылы автобекет нысандарын тұрғыза алатынына шәк келтірмейміз. Бұл арада бар гәп – ізденісте, істің көзін таба білуде болса керек.
Тұрғындарға көрсетілетін қандай қызмет түрі болмасын, бүгінгі күн талаптарынан кейін қалмауы, әсіресе, сервистік қызмет деңгейі жоғары болуы қажет. Ал ел ішінде баяғы кеңестік кезеңде жиі пайдаланылған сары түсті, салоны құрқылтайдың ұясындай тар «пазиктердің» түтіні будақтап, әлі жүргеніне қалайша қынжылмассың. Ақтөбе өңірінде де мұндай көріністер кездесіп қалады. Яғни меншік иелері әртүрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың автобус парктерін жаңғыртуға немқұрайлы, селқос қарайтынын көрсетеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ