Бұл хабарды осыдан екі ай бұрын естіген болатынбыз. Сол күннен бастап ойын баласының тағдырына алаңдап жүретінбіз. Мәселе былай болған. Өткен жылдың 30 қарашасында Атбасар қаласындағы 3 жасар сәби облыстық балалар ауруханасына өте ауыр халде жеткізілген еді. Үстіне қайнап тұрған бір тегене сорпаны төгіп алған Нұртас Қозыбекұлының денесі 80 пайыз күйікке шалдыққан екен.
Дәрігерлер өлім аузындағы баланы ажалдан арашалап қалу үшін барын салды. Кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі мол ақ халатты абзал жандар қиялға сыймас ерлік жасады. Баланың денесіне теріні алмастырып салуға байланысты оннан астам пластикалық ота жасалды. Соның нәтижесінде, кішкентай баланың өмірін сақтап қалды. Емдеуші дәрігер Петр Редкозубовтың айтуынша, қазір Нұртастың жағдайы бірқалыпты, кешенді оңалту шаралары оң нәтижесін беруде. Ол жақын күндері үйіне шығатын болады.
Біз Нұртастың анасы Ырысгүлмен аурухана ауласында тілдескен едік.
– Біз ұлымыздың өмірін сақтап қалған Ақмола облыстық балалар ауруханасының барлық дәрігерлері мен медбикелеріне шын жүректен алғысымызды айтамыз. Көзімізден бұл-бұл ұша жаздаған бақытымыз қайта оралды. Отбасымыз қуаныш құшағында. Дәрігерлердің жанқиярлық ерлік еңбегі, шипалы қолдары мен мейірім-шапағатына дән ризамыз. Олар барша балалардың жарқын болашағын қамтамасыз етушілер ретінде қандай құрметке де лайықты, – дейді бақытты ана.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы