Хакім Абай жұмысы жоқтық адам баласын аздырып жіберетінін айтып кетті емес пе?! Еш уақытта ескірмейтін, мәні мен маңызын жоғалтпайтын құнды сөз осындай-ақ болар. Бір ойды екінші бір ой қозғайды. Дүниеге періштедей пәк күйінде келген адам кейін неге қылмыс жасайды? Оның басты себебінің бірі – жұмыссыздық десек ақиқаттан аттамаймыз. Қылмыстың аты – қылмыс. Кім де болса жасаған қылмысының жеңіл, орта және ауыр делінетін түрлеріне қарай тиісті жазасын алмақ.
«Бидайдың баратын жері – диірмен» дегендей, қылмыс жасағандардың баратын жері – қылмыстық атқару жүйесі болмақ. Биыл осындай орындарда жазасын өтеп жүргендердің бірқатар бөлігіне рақымшылық жасалды. Бостандыққа шыққаннан кейінгі олардың тағдыры қандай болмақ? Қайтадан қателікке ұрынып жүрмей ме? Бір нәрсе айқын. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар тиісті жұмыспен қамтылса, бұлайша алаңдауға негіз жоқ.
Сондықтан да оның өзектілігін терең түйсіне білген Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы рақымшылыққа іліккендерді жұмыспен қамту шараларын белгілеп жүзеге асыруда. Аталған басқарма басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, бұл қатардағы азаматтардың тізімдері Ақтөбе қаласындағы және облыс аудандарындағы жұмыспен қамту орталықтарына жолданған. Көңілге медеу тұтарлық жәйт. Оларға қайта оқыту және жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері ұсынылып отыр екен. Сірә, бәрекелді деген қоштау мен қостау сезімі дәл осындай жағдайда білдірілетін шығар. Нақты деректер биылғы жылы мамандықтарын қайта даярлауға жолданатын 757 адамның арасында рақымшылыққа іліккендер де аз емес екенін көрсетеді.
Бұл өзі өте нәзік шетін мәселе деуге болады. Азаматтық тәртіп пен режімнен қол үзіп қалғандар ештеңеге селт етпей, қолын бір-ақ сілтеуі әбден мүмкін. Мұндайда олармен ортақ мәмілеге келе алсаңыз жақсы, ал егер бұлай болмаған жағдайда ізгі ниет бірден аяққа тапталмасына кім кепіл? Әрине, мұндай теріс көрініске жол бермеудің басты жолы өзара үнқатысу ғой. Мұндай диалог, әсіресе, бас бостандығынан айыру орындарынан азап өмірге оралуға әзірленіп жатқандар үшін өте қажетті екені аян.
Осы орайда Ақтөбе аймағында биылғы жылы қылмыстық атқару жүйесі департаменті, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірлесіп ұйымдастырған белсенді іс-шаралар кешені нақты нәтиже бере бастағанын айту парыз. Осы орайда азаматтық өмірге қайтадан аттанғалы отырғандармен сұрақ-жауап үлгісінде өткізілген кездесулердің пайдасы мол болғаны байқалады. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына осы мәселе бойынша рақымшылыққа іліккендер мен жазасын толық өтегендер, сондай-ақ, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар тиісті өтініштер білдіруі – алдыңғы пікіріміздің басты дәлелі.
Бүгінгі күні аталған санаттағы 172 адам жұмысқа орналастырылыпты. Ал 6 адам қайта даярлауға жіберілген. Тіпті, бостандыққа шыққандардың арасында «Жұмыспен қамтудың-2020» бағдарламасы аясында шағын несие алып, өз кәсібін ашқандар да бар болып шықты.
Қысқасы, қазір өңірде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандар мемлекеттің тигізген шапағатын сезініп отыр дей аламыз. Бүгінгі күні оларға қатысты әлеуметтік оңалту бойынша жүргізіліп келген жұмыстар одан әрі жалғасуда. Ақтөбе өңірінде рақымшылыққа іліккендер жұмыссыз қалмайды деп нақты тұжырым жасауымыздың басты мәнісі де осында.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ