03 Ақпан, 2017

Күнтізбе шығару қиын ба?

229 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ескі күндердің суреті көз ал­­­ды­мызға елестейді. Жапан түздегі жалғыз үй. Шопанның ең жақын деген көршісінің өзі қозыкөш жерде тұрады. Бірінен бірі ай­нымайтын сыңар күндер. Кеше мен бүгіннің арасында ешқандай өзгешелік жоқ. Күн көтерілгеннен батқанға дейінгі аралықта атқары­латын шаруа да бір. Қойды қора­сынан шығарып, қос құлағы туған сәтінде үсіп кеткен күрең атына мініп, қисая жамбастап, ілбіп басып кетіп бара жатады. Содан түс әлетінде малды қораға жақын жерге қайырып, әлденіп алғасын, тағы да қойдың соңынан кетеді. Үй шаруасындағы әйелдің де өмірі бірқалыпты. Сиыр сауады, тамақ пісіреді, кір-қоңын жуады, ерте туған қозыларды жайғайды. «Қысқы каникулда ағаңа қолғабыс жаса», деп бізді қойлы ауылға жібергенде осындай көрініске куә болатын едік. Сонда уақыт тоқтап қалғандай әсер ететін. Бір аптаның ішінде әбден зерігіп, жынды адам секілді көк қасқа құнанмен далада бейберекет ерсілі-қарсылы шауып, оны әбден жауыр ғып, одан аға­мыздан ұрыс естіп тынатынбыз. Уақыттың өтіп жатқанын есіктің жақтауында ілініп тұрған қалың күнтізбе ғана куәлік қылатындай еді. Әр парағы жыртылған сайы­н күннің өткенін, ауылға қайтар сәттің жақындағанын хабарлап тұратын. Бұл неге еске түсті? Байқасаңыз, бүгінде баяғы тойған қозыдай топ-томпақ болып әр үйде тұратын күнтізбе шықпайды екен. Сағат, фотоаппарат, бейнекамера, қойын дәптер секілді күнделікті қажетті дүниелерді өзіне сіңіріп алған қалта телефоныңыз күнтізбені де жұтып қойыпты. Күнтізбесі қолында жүрген адам оны үйіне іліп не жыны бар дерсіз? Дегенмен, біз осы дүниенің қажеттілігін аңғардық. Және соны іздеп жүрген адамдарды да жолықтырдық. Алматы мен Астанадан, өзіміздің Қызылордадағы сауда орындары мен кеңсе тауарларын сататын дүкендерден іздеп көріп едік, таппадық. Жұмыс үстеліне, үйіңіздің қабырғасына ілінетін плакат түріндегі күнтізбелер толып тұр. Ал өзі қалың, әр бетін жыртып не қайырып қоятын түрі жоқ. Әдетте жас ұрпақтың кітап оқымайтынын, сауатының кем екенін айтып, налып жатамыз ғой. Бізге осы күнтізбе баланы кітап оқуға тәрбиелейтін құрал секілді көрінеді. Адамның таным-түсінігін арттырып, көкжиегін кеңейтіп, білімін жетілдіріп, керекті ақпараттармен жан-жақты қаруландыратын зат секілді әсер етті. Қалай? Жаңадан Америка ашып немесе велосипед құрастырып жаңалық қылудың еш керегі жоқ. Күнтізбенің әр парағын қайырған адам күнде қызықты деректерді оқып, бүгінгі күннің маңызының қандай екенін білсе, артық па? Мысалы, 10 тамыз күнгі бетіне «Бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы дүниеге келді» деп жазып, артқы қабатына хәкімнің бірнеше өсиетін жазса, қатып кетпей ме? Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді ойшылдар мен Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты Алаш арыстарының туған күнін белгілеп көрсетсек, пайдалы емес пе? 8 наурыз күніне қазақ қыздарына қатысты, 7 мамырға ерлік туралы, 30 тамызға заң-зәкөннің күш қуаты жайында, 1 желтоқсанға Елбасының ерекше сөздерін, 16 желтоқсанға Тәуелсіздік турасындағы адамға рух беретін өнегелі әңгімелерді басса, зиян ба? Бір жылда 365 күн бар. Яғни, күнтізбенің де соншама парағы болмақ. Со­ның барлығын тәрбиелік мәні бар нақылдармен, мақал-мәтел­дермен, жұмбақтармен, Алаш арыстарының елдік мұрат жөнінде айтқан асыл сөздерімен, қысқа ғана тарихи деректермен, ұлттың ұлы ойшылдарынан қалған пәл­сапалармен толтыруға болады ғой. Сонымен қатар, оның ішін имандылыққа, салт-дәстүрге, иба мен әдепке, тәлім мен тәрбиеге қатысты қаншама дерекпен қам­тыса да ешкім қой демейді. Қазақ тарихындағы елеулі күндерге ерек­ше екпін беріп, халық сана­сында жаңғыртып отыруға, жас ұрпақтың миында жатталып қа­луына әсер етуге таптырмас тә­сіл дер едік. Жұртты жаппай та­рихи, қазақтың өмір салтына қа­тысты, әдеби, рухани-мәдени кітаптарды оқытуға мәжбүрлей алмаспыз. Бірақ, күнтізбенің әр бетін қайырған адам өзіне осындай мол әрі қысқа деректі алса, ертең оның өз таным-түсінігін кеңейту үшін бұдан да үлкен дүниелерді қолына алмасына кім кепіл?! Осы тұрғыда бірнеше баспаға хабарласып көрдік. Мұндай күн­тізбелердің қажеттілігі жайында хабары жоқ. Оны шығару керек деп есептемейді. Біріншіден, бұл мехнатты жұмыс. Шаруасы шаш-етектен. Екіншіден, ұрпақ тәрбиелейік, елге ағартушылық қызмет қылайық дейтін баспа кем. Өйткені, барлығы нарыққа бейім­деліп алған. Әрине, қазір бас-басына баспа ашып алған заманда бәлкім, солардың біреуі күнтізбені аз ғана таралыммен шығарған да болар. Бірақ дүкен сөрелерінде мүлдем жоқ. Ал біз осындай күн­тізбелер шығарса, оның сұранысы артатынына сенеміз. Себебі, ескінің көзін көрген, салт-санасын сіңірген адамдар мұндай дүниені әлі де қажет санайды. Айтпақшы, «ауылдағы академик» Асан Рүстембеков те осы күнтізбені таппай жүргенін айтқан. «Жиырма сегіз жылда күнтізбе қайталанады екен. Менде соның 27-сі бар. Соңғысын таппай жүрмін. Егер көзіңе шалынса, маған хабар берші», деп еді. Қоғамда Асан ақсақал секілді адамдар аз емес деп ойлаймыз. Бар тірлікті жинап қойып, осы іске өзіміз бел шеше кіріссек пе екен, әлде?.. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы