03 Ақпан, 2017

Тірек ауылдардың «тірек» болар түрі бар ма?..

913 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өңірдегі 31 ауыл «Тірек ауылдар мен аудан орталықтарын дамыту» бағдарламасына енгізілді. Өкінішке қарай, бұл ауылдардың тірек боларлықтай тыныс-тіршілігі әлі байқалмай отыр. Үкіметтің 2013 жылғы 18 қыркүйекте бекітіп берген тізіміне алғашында өңірден 24 тірек ауыл енген-ді. Талапқа сәйкес, әр облыста әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары әрі орташа болып табылатын ауылдар ғана тірек ауылдар бола алады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бекітілген ортақ әдістеме аймақтық дамудың өзіндік ерекшеліктерін толық есепке алмаса керек. Сондықтан шикізаттық, инфрақұрылымдық, өнер­кәсіптік қуаты мен басқа да маңызды факторларын еске ала отырып, алғашқы тізімге өзгерту енгізіліп, Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка, Қалқаман, Қызыл­жар ауылдары, Екібастұз қаласына қа­рас­ты Ақкөл, Төртүй, Әлкей Марғұлан атындағы, Шиқылдақ ауылдары бар тағы 7 ауыл қосылыпты. Сөйтіп, өңірдегі тірек ауылдар саны 31-ге жеткен. Яғни, Үкіметтің тірек ауылдар мен аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы алдағы уақытты өсу, даму әлеуеті бар ауыл­­дарды қалыптастыруға арналған. Тірек ауыл жаңғыртылған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы бар, жұ­мыс орындары ашылатын орталыққа айна­луы керек. Даму үдерістері басқа ауыл тұр­ғын­дарының сол жерлерге көшіп келуге ынтасын арттыратындай деңгейде болуы маңызды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бұл бағдарлама өңірде бес бағыт бо­йынша кешенді жоспар арқылы іске асырылуда деп отыр. Мысалы, екінші бағыт шеңберінде Ертіс, Қашыр, Май, Шарбақты аудандарында 24 бірлік ауылшаруашылық техникасы мен сау­да жабдығы сатып алыныпты. Ал Ақтоғай, Қашыр, Май аудандарында суа­ру жүйелері қалпына келтірілді. Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдары мен ауылдық аймақтарының шаруа қожалықтары 958 бас ірі қара мал сатып алса, Лебяжі ауданының Шарбақты ауылында бақша дақылдары тұқымын өңдейтін цех ашылды. Үшінші бағыт бойынша Қашыр, Май және Успен аудандарында әлеуметтік нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілді, Тереңкөл ауылында 3 сауда орны ашылды. Бұл бір қарағанда, тірек ауылдарды қалыптастыру, дамыту бағдарламасынан бұрын, ауыл шаруашылығына арналған әкімдіктердің кезекті шаралары секілді. Мәселенің мәнісіне келсек, тірек ауыл­дарды дамытуға арналған нақты бір жос­пар, жүйе байқалмайды. Айтпақшы, Австриядан Максимилиан Федингер деген халықаралық сарапшыны шақырып өңірлік «Мемлекеттік қызметшілерді қай­та даярлау және біліктілігін арттыру» орталығында тірек ауылдардың әкім­деріне арналған «Жобаларды бас­қару жөніндегі шеберлік сабақтары» да өткізілді. Федингер Түркия мен Косоводағы ауылды дамытудағы нақты мысалдар арқылы ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға арналған шағын жобаларды қаржыландыру механизмінің қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп айтып берді. Еуроодақ жасаған «Мемлекеттік қызметті реформалау және жаңғырту» жобасының негізгі сарапшысы, Австрия мемлекеттік университетінің директоры М.Федингер, тірек ауылдар жобасының әр элементі басқалармен өзара байланысты екеніне және мемлекеттік сектор тарапынан қолдау көрсету шаруаларды өндіріс ашып, дамытуға ынталандыратынына сенімді. Қаржыландыру рәсімі конкурстық негізде жүзеге асырылады, бұл әділ бәсекелестіктің болуына, салынған қаражаттың қайтуына кепілдік береді. Бастапқы деректері бірдей болғанда, табыс­ты жобалар жаңадан ашыл­ған өндірістер санын бірнеше есе арттырады, халықтың өздігінен жұмыс­пен қамтылуын еселейді. – Түркияда шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту мәселесіне аса көңіл бөлінеді. Алдымен жоба әзірлеу керек. Өйткені, нақты жобалар арқылы өзге елдерде жүзеге асқан үздік тәжірибелер ауыл, аудан әкімдерінің белсенділігі ауылдағы әлеуметтік маңыз­ды мәселелерді іске асыру жолында жасалатын үлкен қадам екенін көрсетіп отыр, – деп кетті шетелдік сарапшы. Бұл нақты жасалған жоспар, жобалар арқылы әр ауылдың өзіндік бағытын айқындау қажет деген сөз. Біздің бар ма, жоқ па деп іздеп, көргіміз келіп отырғаны да осы ауыл, аудан әкімдері жасаған жобалар. 2012 «Павлодар облысының 2030 жылға дейінгі бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі стратегиясы» жасалды. Оны «Стратеджи Партнерс Групп» халықаралық консалтингілік компания әзірлепті. Маңызды құжатта 2030 жылға дейін өңірді дамытудың негізгі үш мақсаты белгіленген. Ендеше, қы­руар қаражат кетіріп жасаған осы жаһан­дық мақсаттарды далада қалдырмай құжат­тар­дың бетін ашып үңілейік, ізденейік, ойланайық, жоба-жоспар жасайық. Жалпы, тірек ауылдар қатарына енген Майқайың да, Қалқаман да бұрыннан бері келе жатқан өндірісті кенттер. Тірек ауылға енгізілмеген өндірісті Солнечный кенті де бар. Бұл кенттерде бірнеше өндіріс орындары орналасқан. Майқайыңның өңірдегі басқа ауылдардан өзгешелігі сол, қала типтес кент, 9 мың тұрғыны бар. Бірақ, әлі де бір басына жетерлік мәселесі аз емес. Былтыр жылусыз қала жаздады. Үйде отырған 176 балаға балабақша керек. Сондықтан, Майқайың мен Қалқаманды тірек ауылдар қатарына алудан бұрын қала типтес өндірісті жұмысшылар кенті атын сақтап, өңірлік арнайы бағдарлама жасап қолға алса дұрыс болар еді. Әлгі, алғашқы тізімге енбей, соңынан қосылған 7 ауылға келетін болсақ, бұл ауылдар өндірісті Ақсу мен Екібастұз қалаларына қарайды. Өкінішке қарай, қазір осы екі қалаға қарасты ауылдар не Ауылдарды дамыту бағдарламасына, не моноқалалар бағдарламасына енбей қалған, егер Үкімет қолдамаса, алдағы уақытта бұл ауылдардың күні не болары белгісіз. Өйткені, Екібастұз бен Ақсу моноқала деп аталады да, енді тірек ауылдарға қосылды. Облыстық әкімдік тапсырмасымен, «Өңірдегі ауылдық аумақтардың шекараларын қайта қарау жөнінде оңтайландыру» шарасы да қолға алынды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бір ауылдық аумақтағы халық саны 2 мың болуы керек. Мысалы, облыстағы Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауы­лында 2156-дей адам тұрса, Екібастұз қаласына қарасты шалғайдағы Комсомол ауылдық аумағында 505 адам бар. Бұл жақтың халқы үдере көшіп қалаларға кетіп қалды. Қазір облыста тұратын ауыл халқының саны 222 мыңдай ғана. Ауылдарда халық саны, мектептер оқушылар саны мүлде азайып барады. Туу көрсеткіштері төмен. Қайта оралман ағайындар келіп ауыл арасы біраз толып қалды. Қайбір жылы «болашағы жоқ ауы­лдар» деген қара тізім жасалып, санатта тұрған көптеген ауыл жойылып кетті. Облыстағы Май ауданында 10 мыңға тарта халық бар десек, әр ауылдық аумаққа 2 мың тұр­ғын­нан бөлгенде 5 ауылдық аумақ қа­на келеді. Ақсу қаласына қарасты 15 ауыл­дық аумақтан оңтайландырудан соң 6 ауылдық аумақ қалдырды. Қызылжар, Сары­шығанақ, Алғабас пен Айнакөл сияқты қаланың дәл түбінде отырған ауылдар қосылып, бір ауылдық аумақты құрайды. Өкінішке қарай, қалалардың дәл түбінде тұрғандарымен шалғайдағы ауылдармен күнкөрістері бірдей. Өңірдегі үш қалаға қарасты ауылдық аумақтарды дамытудың 2013-2015 жылдарға арнал­ған іс-шаралардың кешенді жоспары әзір­леніп жатыр деп еді. Нәтижесін көр­медік. Облыс орталығына қарасты 5 ауыл­ды дамыту үшін 3 жылда 17 млрд тең­ге бөлінеді, тұрғындардың жұмыспен қам­ты­луы негізгі міндеттердің бірі болмақ де­лінді. Бұл да солай айтылды, қалды. – Келесі жылы тірек ауыл Байқоныста ас тұзы өндіріледі. Қазіргі кезде бұл жобаға 375 миллион теңге құюға әзір инвестор бар. Ол ас тұзын өндіруге қажетті құны 75 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтар сатып алуды бастап кетті, – дейді Қашыр ауданының әкімі Жанат Шұғаев. Біз тірек ауылдарды дамытуға бюд­­жеттен қаржы бөліп, олардың инфра­құрылымын жақсартумен айналысамыз. Бірақ, бұл шаралар негізгі жұмыстың тек 10 пайызын ғана құрайды. Ең бастысы, әр тірек ауылда тұрғындарды жұмыспен қамтып, бюджетке салық төлеуге қауқарлы кәсіпорын болуы керек, деген болатын облыс әкімі Б.Бақауов. Ал тірек ауылдарда орта­лық­тан­ды­рылған су жүйесін құру жұмыстарын бас­тау үшін жобаларды республикалық бюд­жеттен қаржыландыру қажет. Б.Бақауовтың айтуынша, алдағы үш жыл­дың ішінде облыстағы 31 тірек ауыл­дың әрқайсысы қалпына келтірілуі тиіс.  Ауыл­дың дамыған инфрақұрылымы жағынан тар­тымды болуы, халқы жаңа жұмыс орын­дарын құру есебінен жұмыспен қам­тылуы керектігін, ал бұның жаңа өнд­і­рістер ашу, бизнестің қолданыстағы жо­ба­ларын кеңейту арқылы мүмкін бола­тынын айтады. Бұл үшін көптеген мем­лекеттік бағдарламалар бар, тек оларды дұрыс пайдаланып, халыққа ақпарат беру керек. Біз жазған мәселелер бүгін ғана емес, талай жылдардан бері беті қарамай келе жатқан, айтылған, жазылған жайлар. Ниет пен пейіл болса ауылдар жайнап, баяғыда-ақ жолға түсер еді. Ауылдан ел кетпесін дейік. Мәселе осында. Павлодар облысы