АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижесі жария етілген кезде, біреулер алақайлап қуанды, екіншілері сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Сөйтіп, төрт жылда бір өтетін саяси бәсекеде Республикалық партиядан ұсынылған кандидат 70 жастағы Дональд Джон Трамп сайлаушы-таңдаушылардың басым дауысын иеленіп, АҚШ-тың 45-ші президенті болып сайланды.
Қазіргі кезде Дональд Трамптың президенттікке сайланғаннан кейінгі және оның ресми түрде қызметке кіріскеннен бергі уақыттағы жұмысын, сондай-ақ, айтқан пікірлерін саясаткерлер мен сарапшылар таразыға салып, талдап жатыр. Ол дұрыс та шығар. Өйткені, Дональд Трамп әлемдегі ең қуатты мемлекет – Америка Құрама Штаттарының президенті. Сонымен...
Трамптың ұлықтау салтанаты 20 қаңтар күні ел астанасы Вашингтонда өтті. Ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде ол өзі үшін ең маңызды басымдық Америка болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, барлық шешімдерін, оның ішінде сыртқы саясаттағы іс-қимылдарын осындай ұстанымға негіздейтінін атап өтті. Жұмыс орындарын ашып, шекараны нығайтуға да уәде берді. Бұрынғы одақтарды реформалап, жаңаларын құратынын ескертті. «Әрекет ететін мезгіл туды, бос әңгіменің заманы өтті», деді ол. Рәсім аяқталған соң қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Конгресс ғимаратында өзінің алғашқы жарлығы – Ақ үй үкіметінің жаңа мүшелерін тағайындау туралы жарлыққа қол қойып, Сенаттың қарауына жіберді.
Дональд Трамптың бірер апта бұрын бірқатар беделді басылымға берген сұхбаты біраз елдің басшыларын едәуір алаңдатқаны рас. Сол сұхбатында ол: «НАТО-ның уақыты өтті», «Үлкен Қытай» саясатын қайта талқылау керек» және «Германияның босқындарды қабылдауы апатпен бірдей», деген пікірлер білдірген еді. Президенттің осы айтқандары аты аталған елдердің билігіне өкпе-реніш білдіретіндей қатты әсер етті. «НАТО-ның уақыты әлдеқашан өтіп кеткен, – деді Д.Трамп. – Меніңше, оның екі түрлі негізі бар. Біріншіден, бұл ұйым құрамына көп мемлекеттерді қосып алды. Екіншіден, құрылу мерзімі өте ұзақ».
НАТО Еуропа мен АҚШ арасында көпір болып тұрған маңызды халықаралық ұйым екенін жоққа шығара алмаймыз. Трамптың сол пікіріне алғашқы болып Литва президенті Далия Грибаускайте үн қосып, қарсылық білдірді. «Литва 1991 жылы Кеңес Одағынан бөлініп, 2004 жылы НАТО-ға мүше болды, – деді ол осыған байланысты. – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұйым Еуропада бейбітшілікті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғышарты болып келеді. Трампты АҚШ-тың НАТО-дағы міндеттерін дұрыс атқаруына шақырамын. Ол НАТО-дағы көшбасшылық қызметін мойнына алып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауы тиіс».
АҚШ президенті беделді басылымдарға берген сұхбатында, сондай-ақ Еуропалық одақты да «неміс тасымалдаушысы» деп сынға алған болатын. Ол Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу ұмтылысын оң бағалады. Өзге де мүше елдердің Одақтан шығатынына сенімді екенін жасырмады. Оның айтуынша, мұндай бірлестік көпшілік ойлағандай тым оңай бола бермейді. Ал Германия канцлері Ангела Меркель: «Еуропалықтардың тағдыры өзіміздің қолымызда. Біз барлық жағдайда бірге боламыз деп айта аламыз», деген назын білдірді. Мұндай пікірлерден француз саясаткерлері де сырт қалмады.
Трамп «The Wall Street Journal» басылымында жарияланған сұхбаты барысында Қытайға байланысты «Үлкен Қытай» саясаты қайта талқыға салынатын болады» деген еді. Ресми Бейжің оның осы сөзіне дереу ескерту жасады. Қытай СІМ-і оның осы сөзіне дереу «Бір Қытай» саясаты қайта талқыға салынбайтынын, Трамптың бұл пікірі 40 жылдан бергі АҚШ – Қытай қатынасына сызат салу болып табылатынын мәлімдеді. Қытай басылымдары «Трамп бұл мәселеде өзінің білімінің таяздығын танытып отыр» деген баға да берді.
Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскен екі аптаға жуық уақыт ішінде жиырмаға жуық жарлық пен өкім шығарған екен. Соның бірі – мұсылмандар басым тұратын мемлекеттер азаматтарының АҚШ-қа келуіне уақытша тыйым салатын құжат. Ол елдер – Сирия, Йемен, Иран, Ирак, Судан, Ливия және Сомали. Осы мәселеге байланысты жасаған мәлімдемесінде АҚШ алдағы үш айда иммиграциялық бақылау шаралары орнатылған соң, жеті ел азаматтарына қайтадан виза бере бастайтыны көрсетілген. «АҚШ иммигранттары басым ел саналады және қысымшылықтан бас сауғалағандарға біздің әлі де жанымыз ашиды. Бірақ біз өзіміздің азаматтарымыз бен шекарамызды да қорғаймыз. Америка қашан да азат әрі батыл адамдардың отаны болған», – деп атап өтеді президент.
Оның сөзіне қарағанда, енгізілген бұл шаралар «мұсылмандарға тыйым салу емес». Мұның дінге қатысы жоқ және ол елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Тыйым салатын осындай ереже қырықтан астам мұсылман еліне енгізілмеген. Президент, сондай-ақ өзінің АҚШ-қа келетін мигранттар ағынын тежеу жоспары аясында Сирияда босқындарға арналған «қауіпсіз аймақ» құрмақ ниетте екенін де ашып айтты. Ол Еуропалық одақтың Сириядағы азамат соғысынан шыққан босқындар мәселесімен күресін реттеу және саралау үшін қажет сияқты. АҚШ президенті Сирияда «қауіпсіздік аймағын» құруды мұсылман елдерінен шыққан босқындар мен басқа да иммигранттардан төнетін терроризм қаупіне қарсы тұру тәсілдерінің бірі деп есептейді. «Қауіпсіздік аймағы» туралы өкім миграциялық саясатты күшейтуге қатысты өзге де жарлықтармен бірге шығып қалуы мүмкін. Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама мұндай шаралар АҚШ-ты Сириядағы соғысқа бұрынғыдан да киліктіреді және Сирияда әуе шабуылын жүргізіп жатқан Ресей әскерилерімен қақтығысқа ұрындыруы мүмкін деген қауіп айтады.
Дональд Трамп өзінің сайлау науқаны барысындағы кездесулерінің бірінде АҚШ пен Мексика арасындағы шекараны бөліп тұратын қабырға-дуал орнату жөнінде уәде берген болатын. Ол осы туралы жарлыққа да қол қойды. Құжатқа сәйкес, елдің Ішкі қауіпсіздік министрлігі құрылыс жұмыстарын бірден бастайды. Мұның алдында ол дуалдың АҚШ бюджетінен салынып, кейін құрылысқа кеткен қаражатты Мехико 100 пайыз қайтарады деген болатын. Дегенмен, құрылыс жұмыстарын Конгресс мақұлдауы қажет. Трамптың айтуынша, бұл Құрама Штаттардың игілігі үшін салынады. Дуал миллиардтаған доллар үнемдеуге және көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Әрі бұл трансшекаралық ұйымдасқан қылмысты тоқтатады. Заңсыз көші-қонға бөгет болу үшін 3,2 мың шақырымдық қабырға салу мәселесін Трамп былтырдан бері көтеріп келеді. Құрылыс жұмыстарына 12 миллиард доллар жұмсалатын сияқты. Дегенмен, мұнымен келіспейтіндер де бар. Олар құрылыс жұмыстарына кететін қаржы тым азайтылып көрсетілгенін айтады. Сөз ретінде дуал салуға Мексика басшылығының үзілді-кесілді наразы екенін де айта кетейік.
АҚШ президенті елді Транс-Тынық мұхиты серіктестігінен шығару туралы жарлыққа да қол қойған. Сенат АҚШ-тың бұл серіктестікке кіруін сол күйі мақұлдамағандықтан, Трамптың шешімі шартты ғана саналады. Трамп келісімнен бас тартуды «америкалық еңбекшілер үшін тамаша жаңалық» деп атап, Вашингтон серіктестікке мүше елдермен, оның ішінде Австралия, Мексика, Жапония, Малайзия және Жаңа Зеландиямен екіжақты келісімдер жасайтынын мәлімдеді. Ал Германия канцлерінің орынбасары Зигмар Габриэль: «АҚШ-тың Транс-Тынық мұхиты серіктестігінен бас тартуы Германия үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», деп мәлімдеді. «Трамп АҚШ экономикасының Германия экономикасынан айырмашылығы – бәсекеге әрқашан қабілетті бола бермейтінін мойындайды», деді ол осы жөнінде.
Ресей Мемлекеттік думасының қаржы нарығы комитетінің төрағасы Анатолий Аксаков Трамптың шешімі жақсы нышан екенін, бұл оның өзге елдерге қарсы емес, Америка халқының мүддесіне сай әрекет ететін прагматик екенін көрсететінін атады. АҚШ президенті, сондай-ақ Канадамен және Мексикамен Солтүстік Америка еркін сауда аймағы туралы келіссөзді қайтадан жүргізетінін де мәлімдеді.
АҚШ президенті осы аралықта бірқатар маңызды тағайындаулар да жасады. Енді Трамп әкімшілігінің сыртқы саясатын (мемхатшы) Рекс Тиллерсон, қорғаныс министрлігін Джеймс Мэттис басқаратын болады. Илон Маск президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, Рональд Витиелло АҚШ шекара қызметінің басшысы қызметіне, Нейла Горсич жоғарғы сот федералды судьясы лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ, президенттің тапсырмасын орындамағаны үшін бас прокурордың міндетін уақытша атқарушы Салли Йейсті қызметінен босатты.
Атап өтуіміз керек, АҚШ президенті жылына 400 мың доллар еңбекақы алады екен. Бұдан Д.Трамп бас тартып отыр. Осы мәселеге байланысты сұраққа ол: «Бұған менің жауабым жоқ. Заң бойынша мен кемінде 1 доллар еңбекақы алуым керек. Енді мен 1 доллар еңбекақы алатын боламын», – деп жауап берген. Ал «Forbes» журналы оның байлығын 3,7 миллиард долларға бағалайды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»