03 Ақпан, 2017

Экономика мен саяси реформаларды теңестіретін уақыт

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің депутат­тары Қ.Сұлтанов, С.Ахметов, М.Әшімбаев және Т.Хитуов сапармен Маңғыстау облысында жүр. Мемлекет басшысының кезек­ті Жолдауын талқылау және түсіндіру, сондай-ақ, Елба­сы­ның билік тармақтары ара­сын­да өкілеттіктерді бөлу мәсе­ле­лері жөніндегі Үндеуін талқы­лауды мақсат еткен сапар ба­рысында облыстағы бірқатар ұжымдарда болып, жұртшы­лықпен кездесулер өткізілуде. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы – жаһандық бәсекеге қабілеттілік» ат­ты Жолдауында негізгі басымдықтар қатарында «жаңа еуразиялық логис­тикалық инфрақұрылымды дамыту­ды» атап өтумен қатар, Транска­спий дәлізі бойынша тасымалдау көлемі­нің үлкеюіне байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын жүзеге асыруды тапсырды. Теңіз жағалауында орналасқан Маңғыс­тау өңірінде көлік-логисти­калық бағытта әңгіме қозғағанда тілдің алдымен теңізге келіп тірелетіні белгілі. Ақтаудағы «теңіз қақпасы» атанған халықаралық теңіз-сауда порты – бұл саладағы іргелі мекеме. Шет елдер­мен су жолы арқылы сауда-саттық, тасымал байланысын жол­ға қойған және ол байланыстарды зама­науи тұр­ғыда жетілдіре түсуді, жұ­мыс қарқы­нын арттыруды қолға алған ұжымда жадырай айтар жаңалықтар жеткілікті. Парламент депутаттары Ақтауға сапарларын «Ақтау халықаралық теңіз-сауда портына» барып, жұмыс барысымен, порттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Әрқайсысы «қаланған бір кірпіш» болып әр бөлімде еңбек етіп жүрген ұжым қызметкерлерімен кездесіп, Елбасының жуырдағы Үндеуі мен Жолдауын түсіндірді. Мәжіліс депутаттары Ақтау­дағы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ғимаратының мәжіліс залында Маң­ғыстау облысы активімен, уни­вер­ситет қызметкерлерімен және сту­дент­термен кездесті. «Біздің бар­лық игілік-жетістіктеріміз еліміз­дің тәуелсіздігінен басталып тұр, тәуел­сіздік – біздің ең басты іргетасымыз. Біз, әсіресе, жастар еліміздің ер­теңін жасау үшін алдымен, өткен тарихты терең түсініп, тәуелсіздікті қас­тер­леп, сезіне білуіміз қажет. Бүгін­гі мүм­кіндіктердің қалай, қандай қиын­дық­тармен келгендігін ұғынуы тиіс. Ел­басы­ның биылғы Жолдауы – тәуел­сіз­­діктің 25 жылдығында жаса­ған баян­да­масының жалғасы деп айтар едім, өйткені, Жол­дауда біздің халқымыздың бола­шағы негізделіп отыр, алапат заман­да, дүниежүзілік қайшылықтар зама­нында біз болашағымызды қалай жасай­мыз, көштен қалмау үшін бар­лық мүмкіндіктерді жасайтын адами капитал, адам санасы, адамның мүм­­кіндігі, адамның білімі және қабі­лет-қарымы. Елбасы дүниежүзілік дең­гейде бәсекеге қабілетті, лайық­ты болуымыз керектігін айтты. Оған тек біліммен ғана қол жеткізе ала­мыз. Қазақстанның бүгінгі халықара­лық беделін Елбасы тек білім-біліктің арқасында қалыптастыра алды», – деген Қ.Сұлтанов елді тәуелсіздіктің беріктігі үшін еңбек етуге, жастарды отансүйгіштікке және терең білім алуға шақырды. Мәжілісмен М.Әшімбаев конс­титуциялық реформа мен Жолдау жайлы тереңірек баяндады. «Тәуел­сіздік алған 25 жыл ішінде бізде біраз реформа жүзеге асты. Сол рефор­малар негізінде нақты қағидат жатты деп айта аламыз. Ол, «біріншіден, экономика, екіншіден, саясат» деген қағидат. Осы негізде біздің эконо­ми­камыз реформаланды. 25 жыл ішін­де ауыз толтырып айтатын біраз же­тіс­тіктеріміз бар. Экономикамыз нарық­тық форматқа ауысып, бизнестің дамуына мүмкіндіктер жасалып, көптеген кәсіпорындар, өндірістер пайда болды. Әлеуметтік салаларда да көптеген реформалар жүзеге асты. Бұл – жоғарыда айтылған қағида аясында қол жеткен жетістіктеріміз, бірақ уақыт бір орнында тұрмайды, ішкі-сыртқы үрдістер үздіксіз алға жылжуда. Біз экономика мен саяси реформаларды теңестіретін кезеңге жеттік, яғни, мұны саяси жағынан да біраз өгерістерді жүзеге асыратын кез келді деп қабылдау қажет», деген Мәулен Сағатханұлы конституциялық реформа туралы жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында сөз алған зей­нет­кер Ж.Сәтенова білім беру саласы­на қатысты ұсыныстарын ортаға сал­са, 4-курс студенті С.Базарбаев мін­детті медициналық сақтандыру мен уақытша тіркеуге қатысты сауалдарын жолдады. Тұрғындар сауалына депутат С.Ахметов жауап берді. Маңызды міндетті мақсат еткен мәжілісмендер Маңғыстауда қоғамдық қабылдаулар өткізіп, аудандарда және бірнеше  еңбек ұжымында болды, халықпен кездесіп, Үндеу мен Жол­дау­ды талқылап, түсіндірді. Тұ­р­ғын­­дар тарапынан түскен ұсыныс-тілек­тер­ді қабылдау үшін олар бір апта уақытын арнайтын болады.  Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ