03 Ақпан, 2017

Өзгерістердің өзектілігін дер кезінде көре білген

272 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 25 қаңтардағы № 141 өкімімен бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Бұл түзетулердің негізгі мәні мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу. Елбасы Н.Назарбаев өз Үндеуінде атап өткендей, бұл өзгерістерге бір­ден-бір себеп – бүгінгі күннің сын-қатер­лері. Мықты Президенттік билік осы уа­қыт­­қа дейін өзінің рөлін табысты атқа­рып келді. Тәуелсіз Қазақстанның саяси, эко­­но­­микалық, әлеуметтік және дүние­жүзі­­лік кеңістікте жеткен тегеурінді жеңіс­­тері мен жетістіктерінің барлығы осы­ның айқын көрінісі. Қазір қоғамдық катынас­тар күрделене түсті, сондықтан оны рет­тейтін Негізгі Заң да мемлекеттік билік тармақ­тарының қарым-қатынасын соған лайықтауы тиіс. Өйткені, Негізгі Заңды қоғам мен мемлекет арасындағы келісім деп түсінсек, Конституция мемле­кетте орын алған қарым-қатынастардан асып та, кейін қалып та кетпеуі керек. Енді елімізде орын алған экономикалық және әлеуметтік жағдай, тұрғындарымыздың әл-ауқаты, мемлекеттік саяси институт­тар­дың соған сай болуын талап етеді. Қорытып айтқанда, бізге есеп беретін Үкімет, белсенді Парламент және заң үстемдігі мен әділдікті жоғары деңгейде қамтамасыз ететін Сот билігі қажет. Елбасының Үндеуіне сәйкес 40-қа жуық Президент өкілеттіктері Парламент пен Үкіметке беріледі. Мысалы, «Үкімет республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекіте­ді және олардың орындалуын қамтама­сыз етеді». Бұл өте өзекті және уақты­лы түзету, өйткені, мемлекеттік бағда­р­лама­лардың орындалуы үшін Үкіметтің жауап­кершілігі Конституция деңгейіне көтеріліп отыр. Сондай-ақ, «мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін еңбекақы төлеуді қаржыландырудың бірың­ғай жүйесін республика Прези­дентiнің келісімімен жобаға сәйкес Үкі­мет бекітетін болады». Жобаға сәйкес Парламент өкілет­тік­терін күшейту арқылы оның жауап­кер­шілігі өседі. Мәселен, Прези­дент Пар­ламент Мәжілісімен консуль­та­­ция­­лардан кейін Премьер-Министр ен­гізген ұсыныммен Үкіметтің құрылы­мын айқындайды, Президент дербес тағайындайтын және босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерінен басқа Үкімет мүшелерін қызметіне та­ға­йын­дайды және қызметінен боса­тады деген өзгеріс енгізілмек. Премьер-Министр тағайындалғаннан кейiн он күн мерзiмде Парламент Мәжілісі­мен консультациялардан кейін Үкiмет­тiң құрылымы мен құрамы туралы рес­пуб­лика Президентiне ұсыныстар ен­гiзедi деген түзету де бар. Со­ны­­­мен қатар, палата депутаттары жал­пы саны­ның кемінде үштен бірінің бас­тама­сы бо­йынша республика Үкіметі мүше­лері­нің өз қызметі мәселелері жөнін­дегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тың­дау қорытындылары бойынша Үкімет мү­ше­сі мемлекет заңдарын орындамаған жағ­дайда Палата депутаттары жалпы саны­ның кемінде үштен екісінің көпшілік дауы­сы­мен оны қызметтен босату туралы респуб­лика Президентіне өтініш жасауға қақылы. Мұндай жағдайда Президент Үкі­мет мүшесін қызметінен босатады. Сон­дай-ақ, Үкімет өзінің қызметінде Пре­зи­дент­тің, Парламенттің алдында жауапты болады. Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары және оның маңызды шешiмдерi туралы Пре­зидентке және Парламент Мәжі­лісі­не баяндайтын болады. Сонымен қатар, Үкімет жаңадан сайланған Пар­ла­мент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Сондай-ақ, мәслихаттың өкілеттігін мерзімі­нен бұрын тоқтату туралы шешім­ді де республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палата­ларының төрағаларымен консульта­ция­лардан кейін ғана қабылдайды. Тағы бір мынадай түзетуді ерекше атап өткім келеді: Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіп­сіздігін, егемендігі мен тұтастығын қам­тамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігіне қарап, қорытынды беруі үшін Конституциялық Кеңеске ұсыныстар жолдайды. Бұл толық­тырудың маңызы өте зор, өйт­кені, қолданыстағы Конституция нормалары­на сай, күшіне енген заң және өзге де құқық­тық актілер сот қарауы­ның шеңберіне түскенде ғана, 78-бап­тың тәртібінде Конс­титуцияға сәйкестігі тексерілетін. Ал осы түзету қабылданған жағдайда, аза­мат­тарымыздың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау жаңа жоғары деңгейге көтерілетіні сөзсіз. Осыған орай, Конс­ти­туциялық Кеңестің де құзыреті кеңейтіледі. Сот билігіне байланысты өзгертулер де бар, мысалы, Жоғарғы соттың құзы­реті: азаматтық, қылмыстық істер, жер­гілікті және басқа да соттардың сот­тылығына жататын өзге де істер бо­йын­ша жоғары сот органы болып табы­лады, заңда көзделген жағдайларда оның сот­тылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер береді деп нақ­ты­ланып отыр. Тағы бір ерекше назар аударуды талап ететін түзету, Конституцияның 26-бабына байланысты, онда «егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, заңды жолмен алынған мүлікке меншік құқығын шектейтін немесе одан айыратын заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді» делінген. Бұл мәселенің тари­хына үңілер болсақ, Елбасы бес инс­титуттық реформаны алға тартқан кезде, оның ішінде, меншік құқығына кепілдік беретін заңның үстемдігін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан болатын. Елбасы заңның үстемдігін адамның меншік құ­қығымен тікелей байланыстырып отыр. Неліктен? Өйткені, адамның конституциялық құқықтарының ішінде адам үшін ең маңыздысы ол – жеке меншік құқығы. Бұл құқықтардың қазақстандық құқықтық жүйеге ғана емес, адамның бостандығы, оның межесі ретінде адамның құқығы, тек қана адам өндіріс құралдарына меншіктену құқығы болғанда ғана орын алып, жүзеге асырылады. Егер өндіріс құралдарына адамның жеке меншігі толығымен жоққа шығарылса, ол жерде бостандық пен құқықтың болуы мүмкін емес. Жалпы алғанда, Негізгі Заңымызға енгізуге бағытталған бұл түзетулер біздің елімізде демократиялық үдерістердің жаңа қарқынын көрсетеді және Консти­туция­мызда айқындалған Қазақстан Респуб­ликасы өзін демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеуметтік мемле­кет ретінде орнықтырады деген негізгі қағи­далардың мызғымастығын айқындайды. Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының кандидаты