Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру және насихаттау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлмира Исімбаева мен Әбдіманап Бектұрғанов және «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің оқытушылық-профессорлар құрамымен, студенттермен кездесті.
Еңбек жолы мен қызмет лауазымы білім саласымен бірге өрілген депутаттардың қарашаңырақ оқу ордасына ат басын бұру мақсаты – егемен елдің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекеттің барлық саласына серпін беретін, постиндустриялық қоғамды қалыптастыратын өнеркәсіптік-инновациялық даму бағдарламасының саясатын ұсынатын, жаңа технологиялық-инновациялық дамуды қолдайтын тарихи құжат жайлы толық әрі терең түсініктеме беріп, мазмұны мен маңызын ұжыммен бірге талқылау.
Елбасының стратегиялық жоспарларының алға басуының нәтижесінде екі қадамды артқа тастап, үшінші жаңғыруға қадам басты. Мемлекет басшысы мән беріп отырған басымдықтар мен бағыттардың әрқайсысы халық үшін маңызды. Ә.Бектұрғанов негізгі бес басымдықтың әрқайсына жеке тоқтала тұрып, Жолдаудағы білім, тіл, технологиялық даму мәселелеріне қатысты ой-пікірін тарата айтты. Ғылым мен техниканың дамыған заманында елімізде өнеркәсіптің революциялық элементтерін енгізу қажет. Осыған орай жаңа инновациялық стартаптарды меңгеру, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, технологияның соңғы жаңалықтарынан хабардар болып, оған қол арту – Қазақстан жастары үшін арман емес, күнделікті өмірде үйренуге, талпынуға тиіс қажеттілігі болуы керек.
Депутаттар баланы алты жасынан мектепке беру, он екі жылдық білім жүйесі, үштілділік мәселесіне орай қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, түйіні әлі толық табылмаған түйткілді жайттармен сәт сайын бетпе-бет келіп, тығырыққа тіреліп жүрген ұстаздардың ұсынысын тыңдады. «Елбасы 1997 жылы жасаған алғашқы Жолдауынан кейін Қазақстан халқына арнап 21 рет Жолдау жасады. Әр Жолдаудың мәні де, орны да бөлек, ешқашан бірі екіншісін қайталаған емес, әр Жолдаудың өз жаңалығы бар. Жолдауда білім, оның ішінде жастарға кәсіптік-техникалық білім беру, осы салада мамандар даярлау, ауыл мен қала мектептерін теңестіру, жаңа мектептер салу – өте маңызды жұмыс. Бұған білім саласының қызметкерлерін өте жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Жолдаудың түпкі мәні халық қамы болғандықтан, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтылған бағыттар мен ілгеріректе қабылданған ілкімді бағдарламалар бойынша істелетін жұмыс бір сәтке тоқтамауы керек», – деді Гүлмира Исімбаева.
Депутаттар билік құрылымындағы өкілеттік бөлу мәселесіне орай туындаған конституциялық өзгеріске байланысты да дәйекті түсініктеме жасады. Жаһандану үрдісінен қалыспай, заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, қоғаммен ұштастыра алатын жастарды жаңа тұрпатты кезеңге сай білім беріп, тәрбиелеу ұстаздар алдындағы ұлы жауапкершілік екенін еске салып, Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігерді жұмылдырып, бірге атқаруға шақырды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ