Қарағанды облысына Парламент Мәжілісінің депутаттары Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын түсіндіру мақсатымен келді.
Халық қалаулылары – Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрлан Әбдіров пен «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Мейрам Пішембаев «Maker» ЖШС-нің филиалы – «Қарағанды құю-машина жасау» зауытының жұмыскерлерімен кездесті. Әңгіме Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген дамудың жаңа кезеңіне дайындық жасау жұмыстары, сонымен қатар, Елбасының билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі Үндеуін талқылаудан бастау алды.
– Біз бүгін, Елбасымыздың Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын белгілеп берген Жолдауына байланысты және сонымен бірге, қаңтардың аяғында жариялаған Үндеуіне қатысты Қарағанды шаһарына ат басын бұрдық. Осы екі үлкен мәселе бойынша өңір тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру шараларын бастап кеттік. Басты байқағаным, аталған бастамаларды халық қолдап отыр. Өйткені, Қазақстан қоғамын дамыту – негізгі мақсат екеніне көз жеткізуде, – деді Н.Әбдіров.
Депутаттар енді Шет ауданына жолға шықпақ. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындаған үлкен мақсат – әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің озық отыздығына ену. Осы жолда ауыл шаруашылығы саласын алға шығарып, ұсақ шаруаларды кооперативке біріктіру жобасы аса маңызды екені белгілі. Ел сенімділері осы және басқа да қордалы мәселелерді ордалы кеңесте ортаға салмақ.
Аталған іс-шараға қатысқан жұмыскерлердің ішінде зауыттағы инженер-технолог, машина жасау саласының жас маманы Шералы Бекболатов көреген Көшбасшының ұлтты бір мақсатқа біріктіру кезеңіндегі кезекті Жолдауын бар ынта-ықыласымен оқып, танысқан ынталы маман екен. Ол: «Жақында ғана зауытымызға Чехиядан жаңа құрылғы әкелінді. Біз бұл зауытқа цифрлық-бағдарламалық заманауи құрылғыларға бағдарлама жазу үшін маман ретінде қабылдандық. Осы сала бойынша Ресейде білім алдым. Өндірісті автоматтандыру өз кезегінде зауыттың өнімділігін ең жоғары деңгейге жеткізеді деп есептеймін. Елбасымыздың Жолдауы еліміздің қарыштап дамуына септігін тигізеді. Жастар артылған сенімді толық ақтайды деп сенім білдіремін», – деді.
Халық қалаулылары Қарағандының шалғайдағы елді мекендерін бір апта көлемінде араламақ.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ