Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты тақырыппен жарияланған 2017 жылғы Қазақстан халқына Жолдауымен таныса отырып, еліміздің кешегі, бүгінгі және болашақтағы даму жолдары туралы терең ақпарат аласыз.
Еуразия кеңістігіндегі өзінің тарихи орнын анықтап, небәрі 25 жыл ішінде даму мен тұрақтанудың ерекше үлгісін көрсеткен жас мемлекетіміздің болашаққа жасаған нық қадамдары нәтижелі болды. Елі үшін туған Елбасы қаһарман халқын жасампаздық пен жаңғыру жолында ерлікке, табысқа толы белестерге бастады.
Тарих тағылымына терең үңілетін болсақ, осыдан ширек ғасыр бұрын кеңес дәуірінің «құрсауынан» босап шыққан тұтас бір ұлттың, тұтас бір халықтың алдында жаңаша дамудың жолын таңдау міндеті тұрды. Бұл өте жауапты кезең еді.
Дегенмен, ел басқарған ерлеріміздің батыл әрекеттерінің, ұлтымыз бен халқымыздың бірлігі арқасында арман жолын адаспай тауып, ертеңгі жарқын болашағымызға деген берік сенімімізді ту етіп, намыс пен бақыт жолында жалындап жанып, бүгін бүкіл әлем таныған іргелі мемлекеттің іргетасы берік қаланды.
Жаһандану жолы – тарих пен уақыттың үлкен сыны. Ал егер таразы басында бүтіндей бір ұлт пен тұтас халықтың тағдыры мен мемлекет болып қалыптасудың жаңаша жолын таңдаудың кезеңі тұрса, мұнан үлкен жауапкершілік, мұнан үлкен сын бола қоймас.
Біздің халқымыз ежелден ерекше жаратылған халық деп есептеймін. Ықылым заманнан бері, «тар жол, тайғақ кешу» дәуірлерінде, ғасырлар тоғысында ыдырап кетпей, керісінше, тағдыр «қазанында» құрыштай қайнап, өздеріне ғана тән ұлылық пен іріліктің, бірліктің арқасында әр кезде Ақ тудың астында бас қосып, енді, міне, бүгінде тәуелсіздік туының желбіреген ақ таңына да аман-есен жеттік емес пе.
Елбасы Жолдауының әржолын толқымай отырып оқу, терең мазмұны мен баянды мағынасына қанықпай қабылдау мүмкін емес.
Өзінің тарихи ерекшеліктері бар жаңғырудың бірінші кезеңін абыроймен аяқтап, Елбасы батырлық пен батылдықтың жаңа үлгісін танытып, жаңғырудың екінші кезеңін – «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын жариялады.
Бұл кезеңде де сындардан сүрінбей, қаһарман халқы қоштап, Елбасы «Астана» деп атаған елордамыздың салынуы арқылы мемлекетіміздің даму мен тұрақтану жолының қаншалықты айшықты екенін бүкіл әлемге паш етті.
Қазақстан Республикасының әлем жұртшылығы алдында халықаралық дәрежедегі беделі күннен-күнге артып, дамыған елдердің қатарынан өзінің тарихи орнын табу жолын тайсалмай таңдады. Бүгінгі тірлігімізге баға бермей, болашағымызды бағамдамай, жоспарлы шаралар ұйымдастырмай алға жылжу мүмкін емес.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспары нақты стратегиялық қадамдарды айқындайтын, толағай жетістіктерге бастайтын тарихи құжат ретінде әділ бағаланады.
Қазақстан Республикасының әлемдегі экономикасы дамыған 50 елдің қатарынан көрінуі – ерен еңбектің, халықтың мызғымас бірлігінің үлкен жеңісі. Алдымызда мұнан да зор, мұнан да биік міндеттер тұр. Ол – дамыған 30 елдің ортасынан өз орнымызды тауып, өскелең ұрпақтың, ұлдарымыз бен қыздарымыздың жарқын болашағына даңғыл жол ашу, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, солардың қолына даңқты эстафетамызды табыстау міндеті.
Аталған асқаралы арманға жетудің жолдары Елбасының туған халқына арналған Жолдауында анық көрсетілген, жете сараланған. Ел экономикасының әлеуетін арттыру, халқымыз үшін байлық пен молшылықтың сарқылмас қорын дайындаудың тетіктері, оларды жүзеге асырудың бағыттары айқындалды.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік жолында экономика саласындағы табыстарымызбен қатар, еліміздің саяси, әлеуметтік өміріндегі өзгерістерге де үлкен мән берілуде.
Қазіргі уақытта қоғамда Елбасының Қазақстан Республикасының Ата Заңына билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселелеріне қатысты өзгерістер енгізу туралы Үндеуі қызу талқылануда.
Республика Президентінің кейбір өкілеттіктерін қысқарта отырып, Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту арқылы мемлекетті басқарудың жаңа, тың жолдарын анықтауға батыл қадам жасау – демократия қағидаттарына сай құрылған, анық құқықтық, зайырлы мемлекетке тән тарихи бетбұрыс ретінде бағаланады.
Мемлекеттік биліктің дербес саласы – сот билігінің бүгінгі және ертеңгі даму жолдарын елдің, халықтың даму жолдарынан, тағдырынан бөлек қарастыру мүмкін емес. Қазақстан Республикасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты, заңдарда көрсетілген жолдармен қорғаудың кепілі ретінде құрылған тәуелсіз сот жүйесі, ең алдымен, тәуелсіздігіміздің жемісі.
Елбасы Жолдауында «Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет» деп анық айтылған. Отандық сот жүйесі соңғы жылдары аталған абыройлы міндетті орындау, Қазақстан халқының сенімін ақтау жолында айтулы табыстарға қол жеткізді. Республикамыздың сот жүйесінің беделі халықаралық қатынастарда да тиісті дәрежеде бағаланып, өзіндік қолтаңбасы айқындалуда.
Қол жеткен табыстармен шектелуге болмайды. Өткен аптада Астана қаласында болып өткен республика сот жүйесінің 2016 жылғы жұмысының қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мәми саланың алдында тұрған міндеттері мен мақсаттары туралы нақты тапсырмалар берді. Бірінші кезекке сот билігіне халықтың қолжетімділігін, заңның үстемдігін қамтамасыз ету міндеттері қойылды. Сот жүйесінің заңдарда көрсетілген жолдармен қызмет атқаруы Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалық процестердің орындалуына, табысты жүзеге асуына тікелей әсер етеді.
Сүйікті Отанымыз бен жасампаз халқымыз жаңғыру мен жаңарудың үшінші кезеңіне сеніммен аяқ басты. Біз тарихтың сындарынан сүрінбей өткен, байлық пен бақыттың қадір-қасиетін терең түсінетін, бірліктің бастауынан сусындаған, жүректері елім деп соққан ерлердің қаһарман ерліктеріне сүйсінген, аталы сөздеріне тоқтаған, мәуелі бәйтеректің саясында мамыражай өмір сүруге жаралған халықтың ұрпағымыз.
Ұланымыз – намысты ұлдарымыз бен көрікті қыздарымыз, ұранымыз – Мәңгілік Ел болу.
Сайын даламыздың самал желі біздің жігерімізге жігер қосады, бойымызға күш-қуат береді, талабымызды ұштайды.
Жаңғыру жолындағы сәтті қадамдарымыз жаһандық бәсекелестікке қабілеттілігімізді арттыратын айқын жол екенін терең түсінеміз.
Жарияланған Жолдаудың жасампаздығы халқымыздың ерен еңбегі мен мызғымас бірлігінің нәтижелері болуға тиіс.
Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы