03 Ақпан, 2017

Қазақстан жастары конгресінің ҮНДЕУІ

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан жастары конгресінің Қазақстан Республикасы

Президентінің халыққа арнаған Жолдауын қолдау жөніндегі

ҮНДЕУІ

Бүгінгі күнде Қазақстан жастары азаматтық қоғамның толық құқықты, талапты және жауапты субъектісіне айналған. Жастар үшін көптеген бағдарламалар іске асырылуда. Жыл сайын мыңдаған жас маман – жоғары оқу орындары мен колледж түлектері ел ертеңін еңселендіруге үлес қосудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болуда. Мұның барлығы – Елбасымыздың көреген саясатының жемісі. Қазақстан жастарының конгресі Ел­басының «Қазақстанның Үшінші жаң­ғы­руы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жол­дау­ындағы бастамаларын толықтай қолдайтыны туралы мәлімдейді. 25 жыл ішінде қарқынды әрі мақсатты дамыған Қазақстан әлем сахнасында беделді орынға ие болды. Бұл жетістік – алғашқы екі жаңғыру кезеңдерінің нәтижесі. Ол жылдарда жастар еліміздің табыстарында маңызды рөл атқарды. Президент өзінің Жолдауында еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуына мүмкіндік беретін мынадай маңызды бағыттарға екпін түсірді. Олар – экономиканы қарқынды түрде технологиялық жаңғырту; дәстүрлі негізгі салаларды дамыту; еңбек нарығын жаңғырту; макроэкономикалық тұрақтылық; адами капиталдың сапасын көтеру; институттық түрлендіру, қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлықпен күрес. Қазақстан жастарын біріктіруші жастар ұйымы ретінде біз Президент бастамалары қазіргі заман талаптарына сай деп санаймыз. Еліміздің жас буыны үшін білім, еңбек нарығы, ақпараттық технологиялардың дамуы мәселелері ерекше маңызды. 2015 жылы Елбасымыз «Тегін кәсіби-техникалық білім» жобасын ұсынған болатын. Осы жылы аталған жоба өзінің жаппай іске асырылу сатысына көтеріледі және көптеген студентке өз жолын табуына көмектеседі. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы ең алдымен білім беру жүйесінің рөлін өзгерту қажет екенін белгіледі. «Біздің міндетіміз – білім арқылы экономикалық өсу моделінің орталық түйінін қалыптастыру. Оқу бағдарламаларын сындарлы ойлау, өздігінен ақпарат іздеу дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», деді өзінің Жолдауында Елбасы. Сондай-ақ, Президент ІТ-білім, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мен патриоттық тәрбиенің өзектілігін атап көрсетті. Мұның барлығы жастардың бойында мемлекетіміздің жаңа даму кезеңінде қажетті, өмір үшін маңызды жаңа дағдылар мен қабілеттерді қалыптастырады. Білім беру жүйесінде ІТ-саланың қарқынды дамуы және мұғалімдер біліктілігінің жоғарылауы қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайтуға септігін тигізетіні айқын. Жас қазақстандықтар үшін ең маңызды мәселе – жұмысқа орналасу мәселесі. Еңбек нарығын жаңғырту мақсатында Елбасымыз өз Жолдауында жұмыскерлердің жаңа заман салаларының мамандықтарына көшуі үшін қолайлы жағдайлар жасау міндетін қойды. Осыған орай, Президент еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Мұндай жол карталары жұмыс берушілердің жұмыссыздарды қайта дайындауға және жаңадан жұмысқа орналастыруға міндеттейді. Қазақстан жастарының атынан Елбасы Жолдауындағы бағыттарды толықтай қол­дайтынымыз туралы мәлімдейміз! Әлемнің жаһандануы бізден жаңа көзқарастар мен жаңа еңбек нарығын талап етеді. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  атты Жолдауы бізге «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына жетуде серпінді қадам жасауға, экономикалық өсудің жаңа моделін қалыптастыруға, бәсекелестік қабілетімізді нығайтуға және 2030 жылы 30 дамыған елдер қатарына қосылуға зор ықпалын тигізетініне сенімдіміз. Қазақстан жастарының конгресі