03 Ақпан, 2017

Басқару жүйесін жетілдірудің тың жолдары

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ол елордада өткен сарапшылық форумда жан-жақты әңгіме арқауына айналды Кеше Астанада «Парасат» жүйелі зерттеулер институты Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтымен (ҚСЗИ) бірлесіп ұйымдастырған «Жаңғырту 3.0: Қазақстанның экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысы» тақырыбында сарапшылық форум өтті.  Форумда Президент Жолдауында айтылған, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыру­лар­дың қисынды жалғасы болып табы­латын жаңғыртудың үшінші қада­мының негізгі басымдықтары мен елдің жаңа технологиялық өмір сал­тына біртіндеп көшуі мәселесі талқы­ланды. Форум барысында «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Нұрсұлтан Ахмедия жаһандық трансформация жағдайындағы адами капиталдың маңыздылығын және ол фактордың Қазақстан үшін жаңа сын-тегеуріндерге тигізетін ықпалын атап көрсетті. «Әлемде болып жатқан өзгерістер адамзат алдында үлкен мүмкіндіктер аша отырып, жасампаздық бастауы ретінде көрініс табады. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бір орында күтіп тұрып қалмай, болашақтан оза білген және сын-тегеуріндерге батыл қарсы шыққан халықтар ғана жеңімпаздар бола алады, деп атап көрсеткен деді ол. Форум жұмысына Қазақстанның және бірқатар өзге де елдердің сарапшылар қауымдастығының мүшелері – саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, құқықтанушылар, экономистер қа­тыс­ты. Олар Жолдау шеңберінде белгі­ленген жаңғыртудың үшінші қада­мының негізгі басымдықтарын, жаңа экономикалық өсім моделінің ерек­шеліктерін талқылады. «Жаңа модельдің қажеттілігіне әлемдік экономикадағы да, сол сияқ­ты, жаһандық дамудағы да қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлер алғышарт жасап отыр. Шикізат саласының үстемдігімен сипатталатын қазіргі жұмыс істеп тұрған өсім моделі бүгіннің өзінде қажетті өсу қарқынын қамтамасыз ете алмайды», деп атап өтті «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының сарапшысы Мәншүк Кәрімова. Мемлекет басшысы бюджет шығындары тиімділігін түбегейлі арттыру жөніндегі міндеттерді белгілеп берді. Осылайша, тиімсіз мемлекеттік бағдарламалардың қаржыларын Үшінші жаңғыру міндеттерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу жүзеге асырылатын болады. Үкімет жұртшылықтың көңіл-күйіне неғұрлым оперативті түрде үнқатуы тиіс, деп есептейді белгілі саясаттанушы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбек. «2014 жылы «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтында жұмыс істей жүріп біз қандай ақпараттық топтамалар неғұрлым теріс қоғамдық көңіл-күй тудырады деген тұрғыда өзіміз үшін үлкен талдау жасадық. Онда жол қозғалысы ережелеріндегі өзгерістер, девальвациялық алаңдаушылықтар, еуразиялық интеграция, тарифтердің өсуі, ірі іс-шараларды өткізудің қажеттілігі және басқа да мәселелер болды. Біз бәрін де өлшедік. Содан бері арада екі жыл өтті. Енді міне, 2017 жылғы қаңтардағы жағдай көз алдымызда. Тек бір айдың өзінде ғана қаншама ақпараттық тасқынның болғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Ақпараттар ағынының тығыздығы екі жыл ішінде ондаған есеге өсті. Ақпараттық тербелістер, қоғамдық алаңдаушылықтар барған сайын жиірек, тығызырақ бола түсуде, ал оларға жауап қатуға уақыт айтарлықтай азайып келеді», деді ол. Саясаттанушы атап өткендей, оқиғаларға шұғыл түрде үн қату өте маңызды. Сондай-ақ, С.Нұрбек әр жерлерде құрылған қоғамдық кеңес сияқты алаңдардың пікірлердің бүкіл ауқымын толықтай қамти алмайтынына да айрықша назар аударды. APEX Consult қадағалаушы кеңесінің төрағасы Данат Жумин қоғамдық петицияларды өмірге енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асырудың қай сатыда тұрғаны жөнінде баяндады. Осы орайда бұл идеяның өткен жылы Данат Жумин «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысына басшылық жасап тұрған кезде өмірге келгенін еске сала кету қажет. Авторлар онлайн-петицияны заңдық тұрғыда бекітуді ұсынып, осы тұжырымдама жобасының тұсауын кескен болатын. «Өткен жылы біз қоғамдық петициялар институтына бастамашылық жасаған кезде, біз оны мемлекетті күшейту, оны қуаттырақ қылу мүмкіндігі ретінде ұсынған болатынбыз. Мақсат – Фейсбуктегі пікірсайысты позиция тұрғысынан пікір білдіріп, оны дәйектей алуға мүмкіндік туатындай қандай да бірқалыпты да сындарлы арнаға көшіру еді. Біз онда қоғамда бүгінде орын алып отырған, яғни елде болып жатқан оқиғаларға қатысты өз көзқарастары қалыптасқан, ойларын айтуға, оны дәйектеуге дайын сындарлы күштерге алаң берейік, өз ойларын сол жерде жеткізетін болсын деген болатынбыз. Ал мемлекет болса, онымен тайталасқа түсудің орнына, халықтың ұсынғандарының ішінен жақсы дегендердің бәрін алып, оны мемлекеттік саясат деңгейінде жүзеге асыратын болсын. Егер ол қандай да бір жайтпен келіспейтін болса, онда өз пікірін дәлелдеп шығуы тиіс», деп атап өтті Жумин кеше «Жаңғырту 3.0: Қазақстанның экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысы» тақырыбында өткен сарапшылық форумында сөйлеген сөзінде. Форум барысында сарапшылар сонымен бірге, алда тұрған конституциялық реформа мәселесін де талқылады. Онда аталмыш өзгерістердің басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және одан әрі де саяси трансформациялауға бағытталған жаңа шаралар болып табылатынын атап көрсетті. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»