03 Ақпан, 2017

2016 жылы Қазақстанда 5 мың шетелдік емделді

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өткен жылы Қазақстанның медициналық ұйымдарында емделген шетел азаматтарының саны 2015 жылмен салыстырғанда 28%-ға артып, 5 мың адамды құрады, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі. Медициналық қызметтер Түркия, Үндістан, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Корея, Қытай сынды алыс-жақын шетел азаматтарына көрсетілді. Шетелдік пациенттердің арасында консультативтік-диагностикалық, стационарлық, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық, травматологиялық қызметтер, сонымен бірге, трансплантология және т.б. сұранысқа ие. «Нейрохирургия ұлттық орталығы пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасының Joint Commission International ең жоғары халықаралық стандартымен сертификатталған. Аталған ұйым әлем бойынша шетел азаматтарына арналған ауруханаларды тексеріп, стандарттаумен айналысады. Орталықтың бұл стандарттарға сай келуі - медициналық туризмнің халықаралық нарығына жол ашты», - дейді «Нейрохирургия ұлттық орталығы» АҚ-ның басқарма басшысы Серік Ақшолақов. «Алғашқы жылдары нейрохирургия орталығына медициналық туризм бойынша қабылданған адамдар саны аз болатын. Өткен жылы алыс жақын шетел мен ТМД елдерінен емделуге 35 пациент келді. Біздің орталықта ем алғысы келетін шетелдіктер саны күн санап өсуде. 8 жылда Нейрохирургия ұлттық орталығында 180-нен астам шетел азаматтарына ота жасалды», - деп мәлім етті ол. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту - пациенттерге медициналық көмек көрсету шараларының сапасы мен қолжетімділігін, қауіпсіздігін арттырып, еліміздегі медициналық туризмді дамытуға жағдай жасады. Айта кету керек, Қазақстанда көрсетілетін медициналық қызметтердің бағасы шетелде көрсетілетін қызметтерден әлдеқайда арзан.