08 Қыркүйек, 2011

Тіркелгені – 67, тізімдегісі – 12 адам

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қырғызстан президенттігінен үміткерлердің бүгінгі күнге дейін тіркелгені 67 адам болып отыр. Кеше елдің орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік тілден емтихан беру сызбасын жасады. Әзірге оның тізіміне 12 адам ғана енгізілді. Бұлар кандидаттыққа өту үшін заң талабына сәйкес 100 мың сом кепілдік жарна мен өздерін кемінде 30 мың адамның қолдайтындығы жөнінде қағаз тапсырғандар. Қалған­дары­ның қай күні емтихан тапсыратындығы осы екі талапты орындап, тізімге енгізілген соң ғана белгілі болады. Тағы да ауыр лаңкестік жасалды Кеше Үндістан астанасында 2008 жылы Мумбайда болған терактіден кейінгі үлкен лаңкестік жасалды. Жо­ғарғы соттың алдына қастандықпен «ұмытылып» қалдырылған портфельдегі жарылғыш заттар 10 адамның өмірін қиып, 47 жанға жарақат салды. Терактінің жауапкершілігін Үндістан, Пәкстан мен Бангладеште әрекет ететін «Харкат-уль Жихад әл-Исламия» ұйымы мойнына алып отыр. Оның өкілі электронды пошта арқылы осындай хабар түсірген. Ол БҰҰ-ның 2010 жылғы шешімі бойынша тыйым салынған ұйымға жатады. Қайда екені әлі нақты белгісіз Ливия көтерілісшілері кеше Муаммар Каддафидің қай жерде жасырынып жатқанын тауып, сол аймақты қоршауға алдық деп жариялады. Хабарды таратқан Өтпелі ұлттық кеңес әскери командованиесінің өкілі Анис Шарифт біз енді Каддафиді не тірі, не өлі күйінде бәрібір қолға түсіреміз деп масаттанды. Бірақ полков­никтің нақты қай жерде жасырынғанын айтпады. Бұдан бұрын М.Каддафиге сенімді әскерлердің қорша­уындағы бронемашиналар Нигерияның шекарасынан өткен. Каддафи солардың бірінде болуы керек, осы ел арқылы ол өзіне саяси баспана беретін Буркина Фасоға өтеді деп жарияланған. Бірақ Буркина Фасо өкілі бұл мәліметтің жалған екенін жариялады. Кім білсін? Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс Өзбекстанның экологиялық қозға­лыс­тары БҰҰ Бас Ассамблеясына тә­жіктің алюминий компаниясы – ГУП TALKO-ның үстінен шағым түсірді. Онда экологтар аталмыш компанияның әрекетінен қор­шаған ортаға орасан зиян келіп отырғанын айтып, оны анық­тау үшін халықаралық сарапшылар комиссиясын ұйым­дастыруды өтінеді. Ал Тәжікстан жағы мұны күлкіге айналдырып, басы ауытқып кеткен адамдардың сандырағы деп мәлімдеді. Себебі, дейді олар, алюминий зауытынан шығатын қоқыстың зияндылығы рұхсат етілген нормадан әлденеше есе аз. Сайып келгенде, бұл саяси ойын екенін бәріміз біліп тұрмыз, делінген олардың мәлімдемесінде. Газ мәселесі шешімін табар емес Украина мен Ресейдің газ проблемалары төңірегіндегі кикілжіңдері жалғасып келеді. Украина жағы Ресеймен келісімге қол қойған «Нафтегаз» холдингін тарату ар­қылы міндеттемеден құтылуды көздеп отыр. Кеше Украинаның отын және энергетика министрі Юрий Бойко холдингтің құрамындағы компаниялардың акцияларын сату арқылы мемлекеттік бюджетке 10-12 млрд. доллар түсім кіретінін мәлімдеді. Әзірге компания­лардың акцияларын бағалау жұмыстары жүргізілуде, ал аукцион 2012 жылдың басынан бастап өткізілмекші. Бірақ Ресей жағы өздерін алдарқатқысы келетін мұндай әрекет­терге жол бергісі жоқ. Олар қол қойылған міндетте­мелердің орындалуын үзілді-кесілді талап етуде. Табиғат қаһары толастамай тұр Жапонияда болған «Талас» тай­фу­нының зардабы әлі толық еңсерілген жоқ. Секундына 30 метр жыл­дамдықпен соққан дауыл мен қалың нөсердің кесірінен жолдар бұзылып, сел жүрген еді. Кейбір өзендер арнала­рынан асып кеткен. Қазір тайфунның лаңынан 50-ден астам адамның қаза болып, 55 адамның із-түзсіз жоғалып кеткені белгілі болып отыр. Ондаған елді мекендер әлі күнге су жүріп кеткен жолдардың ортасында қалып, олармен байланысқа шығу қиындаған. Қайырымдылық көмек­тері әуе жолдары арқылы жеткізіліп, қоршаудағы жандарды ажалдан құтқаруда. Жапон халқы өздеріне биыл қандай қарғыстың тигенін біле алмай дал. Қысқа қайырып айтқанда: *Мәскеудің Манеж алаңында былтыр 5 мыңдай адам қатысқан төбелес ашып, бұзақылық жасаған тобырдың басшыларына сот процесі басталды. Бес адамнан тұратын олар «Другая Россия» оппозициялық бірлестігінің мүшелері екен. *Гаага халықаралық трибуналы Югославияның бас шта­бының бұрынғы бастығы М.Першичті 27 жылға бас бостан­дығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол С.Милошевичтің оң қолы болып жүргенде 13 рет қасапты қылмыстарды ұйымдастыруға қатысыпты. *Жапонияның жаңадан тағайындалған премьер-министрі Йосихито Нода Ресей Федерациясының президенті Д.Медведевпен телефон арқылы сөйлескен. Онда «солтүстік аумақтардың» проблемасын тезірек шешу екі жаққа да тиімді екендігі айтылса керек. *Франция президенті Н.Саркозидің рейтингі соңғы кезде өсіп, оны қолдаушылар үлесі 37 пайызға дейін артқан. Оның себебін мамандар француздардың көбі президенттің М.Каддафиге қарсы жасаған әрекеттерін қолдауынан, ел бюджеті тап­шылығының төмендеуінен және әйелі К.Бруноның екіқабат болғандығынан деп отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.