03 Ақпан, 2017

Елбасы бизнесті тексеруші шенеуніктердің азаймағанын сынады

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокуратура мен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасына тексеру-бақылау қызметтеріне ревизия жүргізуді тапсырды. Президент мемлекеттік қызметкерлердің қысқартылуынан кейін де олардың сол қызметте отыра беретінін сынады.  «Тимұр Мұратұлы (ұлттық экономика министрі – ред), мүмкін бұл мәселемен сен айналысарсың. Үкімет тексерістің азайғанын, тәуекелді басқарудың жаңа жүйесінің енгізілгенін, мемлекеттік қызметтің электронды форматқа көшкенін айтып есеп береді. Алайда, тексеруші органдардағы қызметкерлердің саны әлі азаймай тұр. Біз олардың санын қысқарттық қой, неге олар сол орында әлі отыр. Тексерушілерді азайтамыз, бірақ шенеуніктердің саны сол қалыпты. Мен Үкіметке Бас прокуратурамен және “Атамекенмен” бірлесіп тексеруші органдарға ревизия жасап, нәтижесін тура бір айдан кейін маған баяндауды тапсырамын. Кімнің немен айналысып отырғанын анықтаңдар», — деді мемлекет басшысы. 2016 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша, шағын және орта бизнес шығаратын тауар мен қызмет көлемі 7 пайызға азайып кеткен. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері 7 пайыз азайып, ондағы қызметкерлер саны 3 пайыз кеміген.
«Тексеруші көп болса, бизнес қалай дамиды? Соңғы 10 жылда жыл сайын нормативті-құқықтық актілер қабылдаймыз. Олардың саны қазір 4 есеге көбейді. 2016 жылдың өзінде бизнесті реттейтін түрлі 6 мың акт қабылданды. Республика бойынша қазір бизнесті тексеретін 61 ведомства бар. Оның 45-і орталық болса, 16-сы жергілікті органдар. Таяуда Бақытжан Әбдірұлымен әңгімелестік, қарап отырсақ, тіс ауруын емдейтін жеке меншік стоматологиялар бар, ал басқа ауруларды емдейтін клиникалар неге ашпасқа?» — деді Назарбаев.