03 Ақпан, 2017

Қазақстанда 2 мың импорттық тауар отандық өнімге ауыстырылады

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жүйе құрушы компаниялар арасында Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін тауарлардың қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуды қолдау туралы үшжақты келісімге қол қойылды, деп жазады strategy2050.kz. ҚР ИДМ «NADLoC» жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігі» АҚ-да Қазақстанда ірі компаниялардың технологиялық процесі үшін қажетті тауарлардың қажеттігіне толық талдау жүргізіліп, отандық тауар өндірушілердің әлеуеті зерттелгені хабарланды. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша «NADLoC» АҚ сарапшылары 5 салада бүгінгі күні 387 млн доллар сомасына шетелдік өндірушілерден сатып алынатын 2 мыңға жуық тауарлар позициясын анықтады. Мамандар импортты алмастыру мақсатында жаңа өнім түрлерін өндіруді ұйымдастыру кезінде жоғарыда көрсетілген сома Қазақстан экономикасына жұмыс істейтінін атап өтті. «Жүйе  құрушы ірі компаниялар да өз тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көретуге дайын. Мысалы, «Казцинк» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Еуразиялық топ» ЖШС шағын және орта бизнестің тауар өндірушілерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастық жасауға және жергілікті кәсіпорындардан бар тауарларды сатып алуға дайын», - делінген хабарламада. Осы компаниялар отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шығарылатын өнім желісін кеңейтуге, сондай-ақ оның сапасын жақсартуға бағытталған жоғарыда аталған үшжақты келісімге қол қоюға қатысты. Осыдан басқа, мемлекет қазақстандық кәсіпорындарға жыл сайын қолдау көрсетеді. Мұндай қолдау құралдарының бірі «Өнімділік - 2020» бағдарламасы аясында жалпы танылған халықаралық стандарттар бойынша өз тауары сапасының сәйкестігін растаған барлық отандық өндірушілер ала алатын сапа менеджменті жүйелері мен өнімді сертификаттау бойынша шығындардың бөлігін өтеу болып табылады.