Астанада ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың басшылығымен Медициналық қызметтердің сапасы бойынша біріктірілген комиссияның отырысында Денсаулық сақтау министрлігі дәрілерді электронды түрде сатуды енгізуді жоспарлап отырғандығын айтты.
«Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу; МӘМС жүйесінде жеке медициналық ұйымдарға тең мүмкіндіктер беру; денсаулық сақтау жүйесін қажетті ақпараттандырумен қамтамасыз ету және барлық дәрілік заттардың бағаларын заңды түрде реттеу бойынша нақты тапсырмалар бергеді», - деді Е.Біртанов.
«Аталған тапсырмаларды орындау мақсатында мемлекеттік органдардың, сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктердің күшін біріктіруіміз қажет», - деді Елжан Біртанов.
«Мәселен, дәрілік заттардың бағасын реттеу саласында дәрілерді электронды түрде рецептімен тағайындау мәселелерін қарастыру керек. Бұл пациенттер тарапынан бейресми төлемдердің орын алмауы үшін, сонымен қатар, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреуге әкелетін дәрілік заттарды бақылаусыз қолданбау мақсатында жасалмақ», - деп атап айтты ол.
«Сонымен қатар, ҮЕҰ-мен жұмыс жандандырылып, денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру мәселелерін шешуде жаңа инновациялық тәсілдерді қолдану бойынша комиссияның қызметі кеңейтілетін болады», - деді министр.
Комиссия отырысында «магниттік-резонанстық-томографиялық-үйлесімді кардиовертер-дефибрилятор имплантациясы», «Экспресс денсаулық» аппараттық-бағдарламалық кешені арқылы мектеп оқушылары денсаулығын диагностикалау» және т.б. медициналық технологияларды бағалау нәтижесі қарастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 82 қадамын орындау мақсатында Медициналық қызметтердің сапасы бойынша біріктірілген комиссия құрылды. Комиссияны құрудағы негізгі мақсат - емдеу хаттамаларын, медициналық білім беру стандарттарын жетілдіру арқылы медициналық қызмет көрсетудің үздік стандарттарын енгізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен олардың сапасын бақылау.