03 Ақпан, 2017

Президент жекешелендіру бойынша нақты тапсырмалар берді

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіру мәселесінде нақты тапсырмалар жүктеді. «Барлығы жармасып, жекешелендіруді тежеп келеді. Барлығымыз мемлекеттік экономиканың үлесі аз деңгейде болуы керектігіне келісетін секілдіміз. Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы деңгейі бойынша 15 пайызды айқындадық. Бұл көрсеткішке бірден шығу мүмкін емес шығар, бірақ та жыл сайын тиісті межеге жету керек қой?! Менің тапсырмам бойынша ведомстволық бағынышты ұйымдарды қайта түгендеу жүргізілді. Оның нәтижесінде мемлекеттік меншікте 7 мың ұйым мен кәсіпорындар жұмыстарын жалғастыруда. Осы орайда кейбір министрліктер ведомствоға бағынышты ұйымдарды бергісі келмейді деген пікір қалыптасуда. Не үшін?» - деді Н.Назарбаев. Осы орайда Президент Үкіметке «Yellow pages» қағидасына сәйкес қалуы тиіс ұйымдар мен кәсіпорындардың толық тізімін дайындауды тапсырды. «Егер де ұйым мемлекеттік мүлік құрамында сақталса, онда осы нысан не үшін қалып отырғанына нақты түсінік беріңіздер. Неден қорқамыз? Осы тізімге енбегендердің барлығын жекешелендіру керек немесе 2020 жылға дейін жою қажет. Бұдан бұрын бекітілген жекешелендірудің кешенді жоспарын 2020 жылда емес, 2017-2018 жылдары жүзеге асыру керек, яғни екі жыл уақыт беріліп отыр», - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.