Англияның «Вест Хэм», «Суонси», «Челси», «Манчестер Сити», сондай-ақ Американың «Нью-Йорк Сити» клубтарында ойнаған Фрэнк Лэмпард футболдағы ғұмырын аяқтады. Бұл туралы eurosport.ru хабарлады.
«Футболда ғажайыпқа толы 21 жылымды өткіздім. Бірақ ендігі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдап отырмын. Жасым 38-ге келсе де, маған бірқатар ұсыныстар келіп түсті, бірақ өмірімнің жаңа бір кезеңіне қадам басуды жөн көріп отырмын.
Футболда біраз кубоктар ұтып алғаным, Англия құрамасының сапында 100-ден астам матч өткізгенім, мансабымда 300-ден астам гол соққаным үшін қатты қуанамын. Мұндай жетістіктерге жетуіме достарым, жақындарым, ата-анам үлкен көмегін тигізді. Оларға алғысым шексіз. Футболда мені жаттықтырған әрбір жаттықтырушым мені жаңа бір деңгейге шығарып отырды. Олардың орны мен үшін ерекше.
Сонымен қатар, ойнаған клубтарыма да шексіз ризамын. Ең бірінші 1996 жылы алғаш рет алаңға шығуыма септігін тигізген «Вест Хэмге» қарыздармын. Ал соңғы жылдары «Манчестер Сити» мен «Нью-Йорк Сити» командаларында футболдан өзгеше бір ләззат алдым.
Әрине, жүрегімнің басым бөлігі «Челсиге» тиесілі. Мұнда естен кетпес он үш жылымды өткіздім. Әріптестеріммен бірге жеткен жеңістерімді ешқашан ұмытпаспын. Ал жанкүйерлердің маған, командамызға көрсеткен қолдауына баға жетпейді.
Енді өмірімді басқа арнаға бұратын мезгіл жетті. Жаттықтырушы ретінде сынақтан өту мүмкіндігін беріп отырған Англия футбол қауымдастығына алғысымды білдіремін», – деп жазды Лэмпард.
The Times мәліметі бойынша Англия футбол қауымдастығы оған жастар командасын жаттықтыру мүмкіндігін ұсынып отыр. Ал «Челси» командасы өз кезегінде жаттықтырушылық әрі елшілік қызмет ұсынбақ.
Айта кетейік, Фрэнк Лэмпард төрт дүркін Англия чемпионы атанып, төрт мәрте ел Кубогында жеңіске жеткен. Екі реттен Лига Кубогы мен Англия Суперкубогын ұтқан. Сонымен қатар, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында топ жарған.