08 Қыркүйек, 2011

Екіжақты келісімге қол қойылды

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Бішкек мэрі Иса Омуркуловтың ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында Астана әкімі Қазақстан мен Қырғыз­стан­ды тек тығыз достық қарым-қа­ты­настар ғана емес, тарихи туыс­қандық тамырлар біріктіретіндігін атап өтті. Қала басшысы одан әрі мейманды Қазақстан елор­да­сы­ның жоғары әлеуметтік-эконо­ми­калық көрсеткіштерінен хабардар етті. Мәселен, елордада құ­рылыс саласындағы және жа­һан­дық қаржы дағдарысына қа­ра­мастан, жыл сайын 1 млн. 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін, 50 мың­нан астам адам көшіп келіп, тағ­дырын жаңа Астанамен байла­ныс­тырғанын айтты. Қаланың халқы мен аумағының қарқынды өсуіне байланысты 3-ші жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Елбасының бастамасымен ел­ор­даның айналасына 55 мың гектар жерге жасыл желек отыр­ғызылған. Сонымен бірге, И.Тасмағам­бе­тов: «Астана мен Қырғыз­стан­ды жақсы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық байланыстар біріктіріп отыр. Тек 2011 жылдың 1-ші жарты­жыл­дығында сыртқы сауда айна­лымы 26,5 млн. АҚШ долларын құ­раса, оның 25,5 миллионы – эскпорт. Екі елдің экспорттық-импорттық сауда байланыстарын одан сайын кеңейтудің жақсы мүмкіндіктерін іздестіріп, табуы­мыз керек», деді. Бүгінгі күні Астана қаласының аумағында экс­порт­тық-импорттық операциялармен айналысатын 54 қыр­ғызстандық және 17 бірлескен кә­сіпорын жұмыс істейді. Өз кезегінде И.Омуркулов Ор­талық Азиядағы сәулеті мен дәулеті жарасып отырған бірегей қала – Астана туралы жылы пікір білдірді. Ол мемлекеттік дең­гей­дегі өзара қарым-қатынастарды тілге тиек ете отырып, Президент Н.Назарбаевтың Қырғыз Рес­пуб­ликасына деген ықыласы әр­дай­ым жылы және елдегі жағдайды тұрақтандыруға қосқан үлесі сү­белі екендігін атап өтті. Бұл ретте, И.Омуркулов: «Астанаға соң­ғы рет 7 жыл бұрын келген бола­ты­нмын. Шыны керек, мен тек «Бәйтерек» монументін ғана та­ны­дым. Бү­гін­де қала танымастай өзгерген. Эко­номикалық дамуы, жаңа ғи­ма­раттардың салынуы ғаламат. Біздің сапарымыз осы қарым-қа­тынастарды қалалар дең­гейін­де, мәдениетіміз, хал­қы­мыз, гу­мани­тарлық, ғылым және экономика деңгейінде одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деген сенімдемін», деді. Кездесу соңында Бішкек пен Астана басшылары қалалар ара­сында бауырластық байланыстар орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Бішкек мэрі И.Омуркулов бастаған делегация 8-9 қыркүйек күндері Астананың көрнекті жерлерін, мәдени нысандары мен коммуналдық кәсіпорындарын ара­лайды деп жоспарлануда. Ал 9 қыркүйекте Атырау, Шығыс Қа­зақстан және Жамбыл облыс­та­ры­ның Астана қаласындағы күн­дері аясында өтетін гала-концертті тамашаламақ. Жұлдыз БАЙДІЛДА.