03 Ақпан, 2017

Қазақстанның өндірісті азайту міндеттемесін орындау қарқыны жоспардағыдан жоғары

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан ОПЕК+ елдерінің биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай өндірісін азайту туралы міндеттемесін жоспардағы кестеден артық орындап жатыр, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі. «Алдын ала мәліметтер бойынша, қаңтар айындағы өндіріс көлемі 1,67 млн баррельді құрады. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемені жоспардағы кестеден артығымен орындап жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда біз былтырғымен салыстырғанда тәулігіне 30 мың баррель кем өндіріп жатырмыз. Қазақстан жоспарды артығымен орындады және біздің жинаған қорымыз бар», — деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Естеріңізге сала кетейік, былтыр ОПЕК елдері мен ұйымға кірмейтін мұнай экспорттаушы мемлекеттер жыл басынан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 1,8 млн баррельге азайтуға келіскен. Осы орайда, Қазақстанның тәулігіне 20 мың баррель аз өндіруі тиіс болған. Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан өзінің міндеттемесін толығымен орындайды. Өндірісті азайтуға Маңғыстау, Ақтөбе мен Қызылорда облыстарындағы өндірістің азаюы себеп болған. Ал әр өңірдегі өндірістің азаю көрсеткіші туралы министрлік нақты ақпаратпен бөліспеген. «Алдағы бес айда біз алғашқы жартыжылдықтың міндеттемесін орындаймыз. Міндеттемеге сай, тәулігіне 20 мың баррель азайтамыз», — деп жазады министрліктің ресми сайты.