Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды, деп жазады 24.kz.
Бұл қызметке Тасмағамбетовтың өзі сұранғандықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай шешім қабылдап отыр. Мемлекет басшысы осыған байланысты мәлімдеме жасап, онда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін неліктен бөліп, қайта құрғанын да түсіндірді.
"Үкіметтің кеңейтілген өте маңызды жиыны өтті. Әкімдер қатысты. Жасап жатқан шаруалары белгілі. Екі үлкен мәселе. Біріншісі – саяси реформалар, Конституцияға өзгерістер енгізу. Екіншісі – Қазақcтанның үшінші жаңғыруы деген үлкен жолдау. Осыған байланысты мәлімдейін, кадр мәселелерінде біраз өзгерістер жасадық. Өздеріңіз білесіздер. «Бәйтерек» ұжымында жасалып жатқан тексеріс мәселесіне қатысты Экономика министрі жұмыстан босатылды. Тимур Сүлейменов деген азамат оның орнына министр болып тағайындалды. Сауатты, тәжірибелі. Мәскеуде жұмыс істеп келді. Сол министрліктің орынбасары болған. Меніңше, дайындығы жақсы болады, деп тағы да сенім артамыз. Екіншіден, екі министрлікті ажыратып, Денсаулық сақтау министрлігін жекеше құрған себебіміз, денсаулық сақтаудағы сақтандыру мәселесінде көп жұмыстар бар. Халыққа соны түсіндіру керек және соны іске асыру керек. Бұл халыққа қажет. Денсаулық жүйесіне өте қажет мәселе. Біртанов деген өте сауатты азамат. Америкада оқып келген. Назарбаев Университетінде жұмыс істеген. Сол министрліктің орынбасары болды. Жұмысты біледі, атқарады деп сенемін. Үшіншіден, мен Мәскеудегі Қазақстанның елшісін тағайындадым. Ол елші Иманғали Тасмағамбетов болатын болды. Біріншіден, біз үшін Ресей өте үлкен көрші, әріптес, экономика, саясат жағынан өте жақын мемлекет. Ол жерге өте белді, тәжірибелі, салмақты, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы жағдайды білетін адам болғаннан кейін осындай шешім қабылдадым. Екінші қабылдаған себебім, Тасмағамбетовтың өзінің сұрауы солай болды. Өзінің ойы, көңілі. Сол жақта істеп келемін деп, менен сұрағаннан кейін оны да ескеріп, екі жағынан да тура келетін болғаннан кейін тағайындадым. Премьер-министр орынбасарларының аз болғаны жөн. Министрлер өз шаруасын бітіру керек ешкімге сілтемей, ешкімге сүйенбей. Берген мәселені шешіп, өздері жауап беру керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.