«Нұр Отан» партиясы Көкшетау аумақтық филиалы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының жиналысы болып, онда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу және бастауыш партия ұйымының жұмысы туралы мәселелер қаралды.
Партияның алға қойған міндеттеріне сай бастауыш партия ұйымының жұмысы туралы баяндап берген «Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы» ҚБ жетекшісінің орынбасары, партия мүшесі Сергей Киласьев денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 35,6 млрд теңгені құрағандығын және ол толық игерілгендігін ерекше атады. Оның айтуынша, 2016 жылы 8 жаңа нысан қолданысқа берілсе, биылғы жылы да бірқатар нысандар салынады. Жалпы, облыс бюджетінен бөлінген қаржыға 274 дана медициналық құрал-жабдық пен 12 санитарлық автокөлік сатып алынған. Өңірде 1804 дәрігер және 6074 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді екен. Өткен жылы медициналық ұйымдарға 359 медициналық қызметкер келсе, оның 70-і дәрігер.
Әйтсе де келген қызметкерлердің тек 74-і ғана баспанамен қамтамасыз етілген. Соның ішінде 34 жас маманға баспана сатып алу үшін 106 млн теңге несие бөлінген. С.Киласьевтің мәліметіне қарағанда, облыста ауруды анықтаудың алты түрі бойынша 388 мың скринингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде 6 мыңдай сырқат анықталған. Өңірде бала туу саны артып, өлім-жітім азайғандығы да аталмай қалмады. Туберкулезбен ауыратындар саны азайғанымен, түрмеден босап шыққандарды емдеу мәселесі әлі де өткір тұрғандығы ашып айтылды. Партияның Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Ғалым Бекмағамбетов залдан қойылған сұраққа берген жауабында жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі тек заң аясында шешімін табуы тиістігіне ерекше назар аударды. Баспананы тегін беру деген мәселе қазір жоқтығын алға тартқан ол тұрғын үй салу жылдан жылға артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Депутат Көкшетау қаласында 9 мың адам муниципалды тұрғын үй кезегінде тұрғандығын да қаперге сала кетті. Соның 4 мыңы әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар саналады. Жалпы, нұротандықтар осындай бірқатар мәселелер бойынша пікір алысып, есеп бергеннен кейін партияға жаңадан қабылданғандарға мүшелік кітапшаларын салтанатты түрде табыс етті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы