04 Ақпан, 2017

Сіз іздеген жастар көбейді, Сейдаға!

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасы болса керек. Алматыда жеңіл атлетикадан республикалық жарыс өтетін болады да, сол жерге жас спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов аға­мыз келеді. Жарысты өткіз­уге тиісті мемлекеттік жаттық­ты­рушының қолын­дағы қа­ғаз­ға үңіледі. Парақ­тай бастаған. Сол кезде көгілдір көзіне мұз қатқан әйел кекеткен кейіппен: «Жас жігіт, бұл тізімнен кім­дерді іздеп тұрғаныңды бі­лемін. Бірақ сенің өкінішіңе қарай, олар бұл бес жылдықта да, келесі бес жылдықта да бұл тізімде болмайды», дегендей ой айтады. Бүгінде қазақ спорт жур­­­налистикасының атасына баланған Сейдахмет Берді­құлов ағамыздың жүзі түтігіп кете­ді. Ел, жер қазақтікі, бірақ спортшылар арасында қазақ жастары жоқ. Арғы-бергіні түген­деген қайран ағамыз: «Мені іздеген сол жастар жоқ болса, ол ең алдымен сіздің кінә­ңіз, Ольга ханым», деп күйі­неді. Дәл осылай айтылмаса да, нобайы осы. Кітабынан оқып, жүрегіміз ауырған. Сейдахмет ағамыз қазақ жампоздары десе, жанын қиғандай азамат қой. Ұлтын сүйген адам – нағыз мықты адам. Ұлы ұстазымыздан қалған әдет пе, ұлтшылдыққа жат­қызасыз ба, біз де осы жағын түгендей жүретін бол­ғанбыз... Универсиадада шорт-тректен мемлекеттік жат­­тық­тырушы София Тілеу­бае­вамен әңгімелестік. Бұрын биатлон спортында жат­тық­тырушы болған қыздың қыс­қы спорт түрле­рінде талантты қазақ жастарының көбейіп келе жатқандығын айтты. Қазақ жастарына «Абылай аспас сары белдей» көрінетін шорт-тректе толықтай жастарымыз өнер көрсетеді. Фрис­тайлдың акробатика түрінен жарысқа шыққандардың бәрі – қазақ. Хоккейден қыз­дар құрамасының тең жартысына жуығы қазақ жастары. Басқа да спорт түрлерінде қан­дас­тарымыз көбейіп келеді. Осы кезде «Сіз іздеген жас­тар көбейді, Сейдаға!» деп ұстазымыздың рухына бас иеміз. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ