04 Ақпан, 2017

«Әр адамның өз Абайы бар»

312 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Әлемдік әдебиеттің, оның ішінде Батыс Еуропаның, Ресейдің классикалық шығармаларынан міндетті түрде күйсандықта не скрипкада ойнайтын бір кейіпкерді кездестіресіз. Ол барлық кезде басты кейіпкер емес. Мысалы, үлкен қаладағы бір мырзаның үйіне қонаққа келген ығайлар мен сығайларға сол үйдің қожайыны не оның әйелі, тіпті болмаса жасөспірім бала-шағасы күйсандықта не скрипкада өнер көрсетіп жатады. Бұл сол аспаптарға ақсүйек отбасылардың жаппай қызығушылығын, кейбірі еліктеп, сән үшін үйренгенін көрсеткенімен, арғы жағында «музыка – барлық өнердің бастауы» деген түсінік жатыр. Сондай-ақ, классикалық музыка аспаптарына тек қолы жеткендердің ие болғанын байқатады. Иә, бүгінде классикалық музыка аспаптары арзан тұр­майды. Қазіргі заманда да оған қызығушылық бәсеңсіген жоқ. Балаларын музыка мектебіне беретіндер көбіне мәдени ортамен байланысы бар қалалықтар екені тағы шындық. Біз бұл жерде әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген музыканттарымыздың көбінде асфальтта өскен балалар болып келетініне алғышарттың баяғыда жасалғанын айтқымыз келген. Дирижерлік мансабын 18 жаста бастаған Алан Бөрібаев та – әлемдік деңгейдегі үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген талант. Ловро фон Матачич (Хорватия), Антонио Педротти (Италия), Николай Малько (Копенгаген) атындағы халықаралық байқаулардың бас жүлдесін иеленгенде ол 25 жасқа да толмаған болатын. Дирижерлік отыздан асқан адамдардың қолы екенін жарыса айтатын маман­дардың пікірін тас-талқан етіп, 7-8 жыл ішінде әлемдік үлкен деңгейге шыққан нағыз дарынды қазақтың бірі осы Алан еді. Оның Италияда жеңіп алған Гран-при жүлдесі Еуропадағы ең үздік симфониялық оркестрлермен 12 концерт өткізуіне жол ашты. Ал, Копенгагендегі жеңісі еуропалық агенттіктермен жұмыс істеуіне алғышарт жасады. 2001 жылы 22 жастағы Алан Бөрібаев Юрий Темирканов, Марис Янсонс, Лучано Паваротти сынды жұлдыздармен жұмыс істейтін «IMG Artists» агенттігімен келісімшарт жасас­ты. Одан бері де қанша жыл өтті. Аланның дирижерлік мансабы сол баяғы зор биікте. Әлемдегі үлкен сахналардың түгелінде өнер көрсеткен Алан қазіргі кезде «Астана Опера» опера және балет театрының бас дирижері, оған қоса, Ирландиядағы ұлттық симфониялық оркестрдің бас ди­рижері және көркемдік жетекшісі, Ресейдегі Үлкен театрдың шақы­рылған дирижері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер Асқар Бөрібаев пен атақты Ахмет Жұ­бановтың немересі Шолпан Жұбанованың отбасында дү­ниеге келген тұңғыш ұлдың му­зыкаға жақын болмауы мүмкін емес еді. Әкесі де, анасы да музыкант баланың алдында бір ғана таңдау тұрды. Ол – музыка. Алан Бөрібаев Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектеп-интернатта оқыған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және Вена университетінің түлегі. Өткен жылы отандық режиссер Ермек Шынарбаев Алан Бө­рібаевтың өмірі мен шығар­машылығына арнап екі дерек­ті фильм түсірді. Бірінде «Абай», екіншісінде «Кармен» операларына қызу дайындық сәті камераға алынған. Сол фильм­дердің тұсаукесерінде Ермек Шынарбаевтың «Өнер мен ғылым саласында біздің талантты адамдарымыз өте көп. Бірақ, біз көрші Ресей елі сынды оларға арналған деректі фильмдердің көптігімен мақтана алмаймыз. Біз әлі де ұлы қайраткерлер басқа жақта, тым алыста деп ойлап, ал өзімізді енді өсіп келе жатқан жас мемлекетке теңейміз» – дегені есімізде. Бұл – өзгелерге тәуелді психологиямызға дәл қойылған диагноз. Әйтпесе, әлемдік деңгейде танылып үлгер­ген өнер жұлдыздары бізде аз емес. Өкініштісі, Олимпиадада алтын медальді жеңіп алған спортшыларымыздың құрметіне көк тудың жоғарыға көтерілетіні сияқты, олардың әрқайсысы үшін көк ту көтеріліп жатқан жоқ. Десе де, Алан сияқты жоғары деңгейдегі өнерпаздар оған көңіл аудара қоймауы да мүмкін. Күнделікті тіршілігінде әдетке айналып, бүгін Англия, ертең Жапония, бүрсігүні АҚШ-тың үлкен сахнасында өнер көрсете беретін Бөрібаевты құр мақтанның шабыттандырмайтыны тағы белгілі. Алан Бөрібаевтың арманы – қазақ халқының музыкасын әлемге таныту. Оған оның қабілеті де, қарымы да жетіп тұр. Елу жылдан аса сол күйінде қойылып жүрген «Абай» операсын қайта қоюы­ның өзі отандық музыка тарихын дүр сілкіндірген оқиғалардың қатарына кірді. Премьерасы 1944 жылы болған «Абай» операсына 1958 жылы біршама өзгерістер енді. Ал, тура 57 жылдан соң 2015 жылы жаңа премьера өтті. Оны біздің кейіпкеріміз қойды. «Абай» операсы Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди сынды тұлғалардың есімдерімен байланыс­ты. Олар нағыз шедевр туғызды. Сөйтсе де, әр адамның өз Абайы бар деп ойлаймын. Мен бұл музыканы әлемге танытқым келеді. Партитураның нотасын оркестр­ге өңдеп түсіріп, көрермендерге басқашалау етіп ұсындым, – дейді Алан бізбен әңгімесінде. Әрине, біз де дүние жүзіне тегіс танымал болған «Кармен», «Богема», «Травиатадан» «Абай» операсының несі кем деп ойлаймыз. Оны сол деңгейге шығарғысы кеп жүрген қазақтың талантты ұлына тек қана сәттілік серік болғай. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»