Тастағы таңбалар, жазулар, белгілер және археологтарымыздың жер астынан тапқан әр түрлі бұйымдары құсбегіліктің тарихы екі мыңжылдықтан әріде жатқанын айғақтайды. Қазақпен бірге жасап, Ұлы Дала елінің төл мәдениетінің бір бұтағы болып келе жатқан құсбегілік өнер Маңғыстауға да жат емес екен.
Республиканың басқа облыстарында саятшылар, құсбегілер клубтары ашылып және олар жыл сайын түрлі жарыстар өткізіп, бұл өнер дамытуды жақсы жолға қойып келеді. Маңғыстау облысында кенже қалып келген болатын, тек соңғы 3-4 жыл көлемінде Маңғыстау ауданындағы Тұщыбек ауылының жастары төл өнерді дамытуды қолға алып, құсбегілік өнермен шұғылданып жүр. Олар «Қауырсын» атты клуб құрып, дала төсінде жаттығу жұмыстарын жүргізеді.
Маңғыстауда ақпан күшіне мінді – аяз қатайып, қар жауып, айнала ақ көрпе жамылды. Осы қарсаңда Отпан тау етегінде «Отпан» мекемесі қызметкерлері қазақтың бекзат өнері – құсбегілікке арналған дәстүрлі «Салбурын» атты этнографиялық шара ұйымдастырды. Шараға құсбегілер мен мектеп оқушылары қатысты.
– Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – төл өнерді дамыту және жас ұрпақты кең далада атқа мініп, аң аулап, құс салып дегендей ширап-ширығып өсуі үшін қызықтыру. Жастардың қызығушылығы бар, олар «Қауырсын» клубын құрғанмен, әрқайсысы әр салада болғандықтан, төл өнермен етене айналыса алмай жүр. Өлкемізде атадан қалған өнерді дамыту үшін жанашыр көзқарас керек-ақ. Құсбегілікті дамытуға кәсіпкер азаматтар назар аударса екен, – дейді «Отпан» мекемесінің қызметкері, ұйымдастырушылардың бірі Жомарт Айдарбек.
Саят киімдерін киіп, қолдарына қыран құстарын алып келген құсбегілерді көргенде оқушылар бұрынғы сал-серілерді көргендей әсерде болды. Олар оқушыларға құсбегілік, қыран құстардың түрлері, оларды қалай ұстап, асырап-баптап, қалай баулып аңға салу керектігі туралы айтып, қырандардың дене құрылысындағы ерекшеліктерімен таныстырды. Шара соңында қайыру кезінде бабында тұрған бүркіттерді қоянға салып, шырғаға түсіріп, алыстан қиқулап қолға шақырып қондыру сынақтарынан өткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суреттерді түсірген
Талант ҚҰСАЙЫН