03 Ақпан, 2017

Соттар электронды жүйеге көшеді

207 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздегі соттар қызметінің былтырғы жұмысы мен судьялардың VII съезінің қорытындысына арналған брифинг болып өтті. Оған Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева мен Жоғарғы сот судьясы Елена Максюта қатысты. Брифингте А.Рахметулин 2016 жылы Қазақстанда сот жү­йе­сін дамытудың жаңа кезеңі басталғанын, Ұлт жоспарын практикалық тұрғыдан іске асыру қамтамасыз етілгенін, Судья­лардың VII съезі өтіп, онда сот жүйесін дамыту басым­дықтары айқындалғанын атап көрсетті. Ол былтыр сот жүйесінің ат­қарған жұмысының негізгі қоры­тындысына ерекше тоқ­талды. Оның айтуынша, Судья­лардың VII съезінде Мемлекет басшысы үш сатылы сот төрелігі жағдайындағы соттар жұмысын жоғары бағалады. Қазір жаңа процестік ережелер мен құқықтық институттар, судьяларды іріктеу мен олардың қызметте өсуіне арналған жаңа жүйе алғашқы тексерістен өтіп, өз өміршеңдігін дәлелдеді. Сот сатыларының қысқаруы бірінші және апелляциялық сот сатыларының рөлін күшейтті. Судья лауазымына үміткерлер үшін жұмыс өтілі бойынша талап қатаңдатылды, жаңадан тағайындалған судьялар үшін сынақ мерзімі енгізілді. Полиграф арқылы зерттеу енгізілді. Судья­ларды іріктеу кезеңі барынша жария­лы түрде өтеді. Бұл жұмысқа Қо­ғамдық кеңестер кеңі­нен тар­тылған. Оқу процесі мен сот практикасын барынша байланыстыруға мүмкіндік беретін, судьялардың біліктілігін жоғары деңгейге жет­кізуді қамтамасыз ететін, ғы­лыми-зерттеу жұмысын жетіл­діретін Жоғарғы сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Сот жюриі өз қызметін жаңа тәртіп бойынша жүзеге асыруда. Ендігі кезекте судьялар өз біліктілігін әрбір бес жыл сайын дәлелдеп отырады. Өткен жылы 1200-ден астам судья алғаш рет кәсіби бағалаудан өтті. Осы орайда ол барлық соттар аудио-бейнетіркеу жүйесімен 100 пайызға жабдықталғанын, Судья­лардың VII съезінде судья­л­ардың жаңа Әдеп кодексі қа­был­данғанын, ол судьялардың кәсіби және соттан тыс қызметін реттейтінін айтты. – Жоғарғы сот Қазақстан хал­қы Ассамблеясымен Медиация инс­титутын дамыту жөнінде ме­мо­рандумға қол қойды. Осын­­дай меморандумдарға облыс әкімдіктері де қол қойды. Өңірлерде медиация бөлмелері ашылды. Жоғарыда айтылған шаралар сот төрелігіне қолже­тімділікті қамтамасыз етуге, сот жүйесінің ашықтығын арттыру мен соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған, – деді Абай Рахметулин. Жалпы, оның айтуынша, өткен жылы соттар жұмысының сапасына қанағаттанушылық деңгейі 74 пайызға жетті. Мұны 16 мыңнан астам адам қатысқан электрондық сауалдаманың нәти­жесі дәлелдейді. Шамамен осындай нәтижені Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдар­лама­сының зерттеуі де көрсетті. Дүние­жүзілік экономикалық форум мен Бүкіләлемдік банктің халықаралық рейтингтерінің сот индекстері бойынша Қазақ­станның орны да жақсарды. Қылмыстық істер бойынша қорытындыны айта келе, А.Рах­метулин сот төрелігін жүзе­ге асыруда айыптау жағы басымырақ деген қалыптасып кеткен пікірді жоққа шығаратын кейбір көрсеткіштерге назар аударды. «Мәселен, – деді ол, – ақтау үкімін шығару 19,2 пайызға артты, 18 854 адамға қатысты 16 529 қылмыстық іс тоқтатылды. Олар жазаға тартылған жоқ. Өткен жылы барлығы соттарға 51 234 қылмыстық іс келіп түсті». Брифингте Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы­ның төрағасы Айгүл Қыдырбаева соттардың үш сатылы жағдайын­дағы жұмысы туралы атап өтті. Ал Жоғарғы сот судьясы Елена Максюта соттардағы негізгі элек­трондық қызметтер туралы айтты. Ол қазір «Сот кабинеті» қызметінің арқасында 80 пайыздан астам арыз электрондық түрде түскендігін атап өтті. Сонымен қатар, «Талдау» форумы, «Төрелік» жүйесі, «Сотқа шақыру», «Сот құжаттарымен танысу» және басқа да қызмет­тер туралы әңгімелеп берді. «Биыл сот органдарының Ахуал­­дық орталығы іске қосы­лады. Судьяның, прокурор мен қорғаушының автомат­тан­дырылған жұмыс орындары бар сот отырысының электронды залының моделі әзірленуде», – деді ол. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»