04 Ақпан, 2017

Жеке балабақша ашқыңыз келсе...

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мем­лекет-жекеменшік әріптестігін дамытуға айрықша көңіл бө­лінген. Әріптестіктің әлеуетін арттыруға бағытталған қадамдар Атырау облысында да жүзеге асып келеді. Бұл жаңа үрдіс тәрбие саласында тиімді жобаға айналды. Оған жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы дәлел бола алады. Қазір мұнайлы аймақта 164 балабақша бар, оның ішінде 30 балабақша жекеменшік үлесінде. Облыстық білім беру басқар­масының басшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, өткен жылы 8 балабақша пайдалануға берілген. Қазір 13 мектепке дейінгі мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Соның өзінде кезекте тұрған сәбилердің 85 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. Қалғандары, яғни үш мыңнан астам бала үйде тәрбие алуға мәжбүр. Бұл проблеманы шешу үшін мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту, өзге мақ­саттағы ғимараттарды жа­ңар­ту, жаңа құрылыстар салу, мемлекет-жекеменшік әріптес­тігін өрістету керек. Алайда, заман талабына сай жаңа іс бастауға ауыл тұр­ғындары қызығушылық танытпай отыр. Аймақтағы 30 жекеменшік балабақшаның 28-і Атырау қаласында, қалғаны Жылыой мен Мақат аудандарында ашылған. Қалған аудандарда әзірге жеке балабақша жоқ. Осы жайтты қаперге алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданында өткен көшпелі кеңесте халықты балабақша бизнесімен айналысуға шақырды. «Мемлекет балабақшалар мен мектептерді көптеп салып жатыр. Бірақ кезек мәселесін тезірек шешу үшін бұл іске жеке кәсіпкерлерді тарту жұмысын күшейту керек. Бизнес бастаймын деген азаматтарға мемлекет қолдау көрсетіп отыр», – деді аймақ басшысы. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ