06 Ақпан, 2017

«Алматы Арена» 10-шы алтынды сыйлады

149 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жұманы жұп алтынмен тәмамдап, сенбідегі жарыстардан үлкен үміт күткен едік. Бұл сенбінің де жүгі ауыр, өйткені Универсиаданың бас ғимараты – «Алматы Аренада» мәнерлеп сырғанаудан басты үміткеріміз Денис Теннің өнерін тамашалау күтіп тұрған...

«Бұйырған кетпейді...» – 9-шы алтынды бәрібір алдық!

Уысымызда тұрған 9-шы алтын медальдан қалай айырылып қалғаны­мыз туралы өткен нөмірлерден хабар­дар оқырманға айтарымыз, бұйырған кетпейді екен. Шаңғышылар бұл жолы аралас командалық спринтерлік жарыста нағыз шеберлік танытты! Жарыс жолына Анна Шевченко мен Олжас Климин шыққанда-ақ үміттің жетегіндегі жанкүйердің ой құшағында қалғаны тектен тек емес. Өйткені, бұл Анна мен Олжасқа беріл­ген ең бір тамаша мүмкіндік бола­тын. Анна Шевченко – Алматы Уни­версиадасында Қазақстанға ең ал­ғашқы медальды сыйлаған спорт­шы. Класссикалық стильде 5 ша­қы­рымдық қашықтыққа жүгір­ген Анна екі мәрте де қола медаль­ға қол жеткізген. Ресейдің шаңғы­шы­лары Анна Нечаевская мен Лилия Васильева сол жолда Аннамыздың алдын кезек-кезек кес-кестеп, алтын­ды да, күмісті де қолдан бермеді. Ерлер арасындағы классикалық спринтерлік шаңғымен жүгіруде Олжас Климинге санаулы сантиметр­лер жетпей қалып, төртінші орынмен жарысты тәмамдаған. Міне, сондықтан да бүгінгі аралас ко­ман­далық спринтерлік жарыста бар мүм­кіндікті қолдан келгенше пайдаланып қалудың оңтайы келіп тұрды. Жұптық жарыс барша қазақ­стан­дық жанкүйердің үмітін ақтап шықты. Ұзын сөздің қысқасы, сол бәскеде ерек­ше өнер көрсеткен Анна Шев­чен­ко мен Олжас Климин ұжымы еліміз­д­ің қоржынына 9-шы алтынды салды. Анна мен Олжастың жарыс қорытындысындағы көрсеткіші (18:23,48) ең үздік деп саналды. Француздар екінші (18:26,67) орынды иеленсе, бұл жолы ресейлік шаңғышы жұп үшінші орында (18:29,50) қалып, қола медальды қанағат тұтты. Өкінішке қарай, қазақстандық тағы бір жұп – Ольга Мандрика мен Сергей Малышев жұбы алтыншы орында (19:11,72) қалып қойды.

Денис Тен Қазақстанға 10-шы алтын медаль сыйлады

Ішіне артық-кемсіз 12 мың көрер­мен сыятын «Алматы Арена» мұз айдынды спорт сарайы халыққа лық толды. Жарыс төрт жарым сағатқа созылды. Халықтың сүйіктісі әрі үміті – мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен кезегі бойынша айдынға ең соңынан, 24-ші болып шықты. Әлемнің әр бұрышынан келген конькимен мәнерлеп сырғанаушылар бірінен соң бірі айдынға шығып, өнерін ортаға салды. Нағыз маман, яки спорттың бұл түрінен хабары бар адам болмаса, көпшілік көрермен шыр айналып секіріп, ақ айдында жұлдызша аққан спортшылардың біліктілігін саралап біле алмайтын еді. Бір рет құламаса да, төменнен, бірнеше рет сүрінсе де биіктен орын алған спортшылардың шынайы өнерін түсіну де қиынның қиыны болатын. Бұлайша өз ойымызды ортаға салуы­мызға Қазақстан намысын жыртушы Абзал­ Рахымғалиевтің айдынға алғаш­қы топпен шыққан сәті себепші болды. Қазақ спортшының аты аталған сәтте «Алматы Арена» жанкүйердің қиқуынан жарылып кете жаздады... Шыныдай жыл­тыраған ақ айдынның үстінде жұлдыздай ағып мәнердің он сан түрін көрсеткен Абзалға деген жер­лес­терінің сондағы қоше­метін сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес еді. Абзал қауыр­сын­дай жеңіл көтеріліп, сан рет шыр­көбелек айналып, айдынның бетіне өте жеңіл қонақтап жатты. Мін көрмегендейміз! Алайда, мәнерлеп сырғанаудың ақырғы қорытындысында төрешілер біздің Абзалға 7-ші орын лайық деп тапты. Екі жарыстың қорытындысы бойынша ол 12-орынға табан тіреді. Мұз сарайындағы аргенти­налық, кореялық, италиялық мәнерлеп сырғанаушылардан соң айдынға шыққан швед Александр Майоров пен жапон Кейдзи Танаканың өнерін сүйсіне тамашалап, жақсы ұпай бөліскендеріне куә болған көрерменнің Денис Тен айдынға шыққанда жарыла дауыстап, қызына қолдау көрсетуінің сыры бар. Соңғы екі спортшының өте жоғары алған бағаларына қарап, көрермен Джакома Пуччинидің мұңлы сазды музыкасына құлақ түріп тына қалды. Іштей Денистің қателеспеуін тілеп, мазасыз күй кешті. Денис Теннің құлашын жазып келіп көкке көтерілген сәтінде ышқына айқайға басады да, айдынға топ еткенде қайтадан тына қалады. Осылайша арада төрт жарым минуттың қалай өткені де білінбеді... Мамандардың сараптамасына сенеміз. Залдағы шу дамылдаған сәтте төрешілер еркін бағдар­ламада Денис Тен 172,06 балл жина­ды деген ұйға­рым жасады. Алдағы қысқа бағдарламамен екеуін қосқанда қазақ спортшысы 266,97 балл жинап, алтын медаль алды. Қазақстан құрмасының 10-шы алтын медалы! Кейдзи күміспен күптелсе, Александр қоламен үшінші орынға табан тіреді. Журналистерге дереу арада берген сұхбатында Денис туған қаласы «Алматыдағы бұл алтынды жарыс 2018 жылғы Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ал­дындағы ең ауыр жаттығудай болды», деп ағынан жарылды. Барша қауым «Ниетіңе жет, бауырым!», деген тілек айтты чемпионға. * * * Жексенбідегі басты жарыс биатлоншылар арасындағы аралас эстафетадан басталған. Жүлдегер Галина Вишневская нысана көздеуден үш рет қателескенімен, әріптестерінен 30 секунд алда кетіп қалған. Дарья Усанова да 20 секунд алда еді... Үшінші қашықтықта Василий Подкорытов 4 рет қателесіп, ресейлік спортшы екі арадағы уақыт көрсеткішін 15 секундқа дейін қысқартты. Ақтық қашықтықта Антон Пантов ойлағандай шеберлік көрсете алмай, ақыр соңында Қазақстан биатлоншылары алтынды Ресей командасына қолдан беріп қойып, күміс медальды қанағат тұтты. Украина үшінші орында қалды. * * * Шорт-трек Қазақстан жан­күйер­лерінің асыға күткен спорт ойындарының бірегейі. Жұлдыздай аққан жігіттеріміз осында. Қыздарымыз да көштен қалып жатқан жоқ. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен бірінші күнгі 1500 метрлік бәсекеде шорт-трекші алматылық Нұр­бер­ген Жұмағазиев қола жүлдені иеленді. – Алда екі күн бар, біздің жігіт­тер алтын аламыз деген үмітте, – деді Жұмағазиев. – 1500 метр­лік қашықтықта кореялық спортшылар бірінші орынды ешкімге берген емес. Есесіне 1000 метрлік, 500 метрлік қашықтықта біздің жұлдызымыз жануы әбден мүмкін... Батыл айтылған сөз. Демек, алтын – алдымызда. Бүгінге дейін командалық тізімде барлығы 23 медальмен (оның 10-ы алтын) ресейліктерден соң екінші орында келеміз. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ