Үкімет Елбасының сынынан қорытынды шығаруға кірісті
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен сенбіде Үкіметтің кезектен тыс отырысы өтті. Онда кеңейтілген отырыста берілген Президент тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.
Еске салсақ, жұма күні Елбасының қатысуымен кеңейтілген отырыс өтіп, онда Үкіметке бірқатар нақты міндеттер қойылған болатын. Міне, сол тапсырмаларға орай Үкімет тиісті шешімдер қабылдап, тиімді шараларды қолға алуы тиіс. Сенбідегі шұғыл жиынның да сыры осында.
Сонымен, Премьер-Министр еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту бойынша біраз жұмыс атқарылғанын, алайда бизнеске реттеу жүктемесі артуын жалғастырғанын атап өтті. Бұл ретте Премьер-Министр Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне осы мәселені шешуді тапсырды. Бұдан өзге, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірге бір айда барлық бақылау-қадағалау функцияларын ауқымды тексеруді аяқтау тапсырылды. «Бірінші кезекте бизнеске көтеріңкі талаптар мен әкімшілік кедергілерді қысқарту қажет. Заңнамалық актілерге барлық қажетті өзгерістерді ағымдағы жылы қабылдау керек», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы тарапынан салық органдарына көп сын айтылғанын еске салды. Осыған байланысты Б.Сағынтаев Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бизнесті тексеруді оңтайландыру тұрғысындағы жұмысын қайта құруды тапсырды. Бұдан бөлек, Премьер-Министр Бас прокуратурамен бірге негізсіз жүргізілген істерді бір ай ішінде реттеуді жүктеді.
Сондай-ақ, Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі органдармен бірге жаңа Салық кодексін әзірлеу кезінде әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдетуді және оны барынша қарапайым етуді тапсырды. «Оның алдында біріктірілген Салық және кедендік кодекс әзірлеу жоспарланған болатын. Алайда, Президенттің тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне жеке салық және кедендік кодекстерді әзірлеу қажет», деді Б.Сағынтаев.
Кеңейтілген отырыста айтылған 2018 жылдың соңына дейін кәсіпорындарды жекешелендіру жұмыстарын жеделдетіп, аяқтау туралы тапсырма да пысықталды.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, нысандардың басым бөлігі биыл өткізілуі тиіс. Қаржы министрлігі аталған жұмыстың ай сайынғы кестесін бақылауда ұстауы қажет. Бұдан өзге, Мемлекет басшысы мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік секторда қалатын нысандардың толық тізімін әзірлеуді тапсырды. Осы орайда, Б.Сағынтаев Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовке Yellow pages rules қағидаларына сәйкес келмейтін, аталған тізімдерге кірмейтін нысандарды жоюды тапсырды. Бұл жұмыс 1 наурызға дейін аяқталуы тиіс.
Үкімет басшысы, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар жанындағы отандық тауарлар үлесін арттыруды тапсырды. Премьер-Министр Б.Сағынтаев автокөліктер бойынша орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар тетігін енгізу отандық өндірушілердің әлеуетін арттырып, олардың өндірісін жаңғыртуға мүмкіндік бергенін айтып өтті. «Біз биылғы жылы аталған жұмысты жиһаз бен жеңіл өнеркәсіпте жүргізу жөнінде келісіп қойдық. Осыған ұқсас тәсілді енгізетін салалардың тізімін ұлғайту керек», деді Б. Сағынтаев. Осыған орай, Инвестициялар және даму министрлігіне ҰКП-мен бірлесіп бір аптада аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Бұдан өзге, Қаржы министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде отандық өнімді пайдалану тұрғысынан конкурстық құжаттаманы тиянақты түрде тексеру тапсырылды. Бұдан бөлек, Б.Сағынтаев квазимемлекеттік сектордың сатып алу жұмысына тоқталды. Ол бұл мәселеде бірыңғай саясаттың жоқ екенін айтып, бір апталық мерзімде осы компанияларға арналған, айқындық пен қолжетімділік ескерілген, сатып алулардың бірыңғай ережелері бойынша ортақ тәсілдеме әзірлеуді жүктеді. Сонымен қатар, Премьер-Министр Инвестициялар және даму, Қаржы министрліктеріне ҰКП және ұлттық холдингтермен бірлесіп, квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушыларды қосып, тиісті деректер базасын біріктіре отырып, сатып алулар мен өндірушілердің бірыңғай ІТ-платформасын құруды міндеттеді. Сондай-ақ, Инвестициялар және даму, Энергетика министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қоры және әкімдермен бірлесіп, әрбір ірі кәсіпорынмен жұмыс жүргізіп, жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша мақсатты индикаторды белгілеу тапсырылды.
Жұмадағы кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы тарапынан мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі тетіктерін қолданудың төмен қарқындарына, әсіресе, өңірлерге қатысты да сын айтылған болатын. Осыған байланысты Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне бір айда процедураларды одан әрі жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Бірінші тоқсанның соңына дейін түрлі салалардағы типтік жобалар тізімін кеңейту және осы мәселе бойынша өңірлерге толық әдістемелік қолдау көрсету тапсырылды.
Үкімет басшысы, сондай-ақ, экспорт және импорт жөніндегі ұлттық компаниялар құру мәселесін пысықтауды жүктеді.
Б.Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне салалық министрліктермен және әкімдіктермен бірге Президент мысалға келтірген 72 нысанның әрқайсысы бойынша пысықтауды және сәйкес шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, аталған министрлікке мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және Ұлттық палатамен бірге жаңа жобаларды іріктеу бойынша тиімді тәсілдерді әзірлеу тапсырылды. Бұдан өзге, Премьер-Министр екі апталық мерзімде экспорт және импорт жөніндегі ұлттық компаниялар құру бойынша ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігімен бірге біздің өнімдердің экспортын шет ел нарықтарында ілгерілету бойынша ортақ жоспарды әзірлеп, бекітуді тапсырды.
Премьер-Министр денсаулық сақтау саласына қатысты да бірқатар мәселелерді қозғап, министрлікке нақты тапсырмалар жүктеді. Үкімет басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласында, бірінші кезекте, ұзақ мерзімдік негізде отандық өндірушіден дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды ұлғайту жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет, сонымен қатар, оларды сатып алу процедураларының айқындығын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, дұрыс баға белгілеу үшін медициналық техниканың Бірыңғай номенклатурасын құру тапсырылды. Медициналық сақтандырудың міндетті жүйесін енгізуге баса назар аудару қажет.
«Білім беру туралы айтар болсақ, жалпы, Президент аталған саладағы жаңа тәсілдерге қолдау білдірді», деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке халық арасында 12 жылдық білім беру жүйесіне ауысу, үштілділік және ҰБТ-ның жаңа жүйесі жөнінде сауатты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Бұл жұмысқа Ақпарат және коммуникациялар министрлігі де атсалысуы керектігін баса айтты.
Кеңейтілген отырыста кеңінен қозғалған мәселенің бірі мемлекеттік бюджетті игеру мәселесі болатын. Премьер-Министр бюджет қаражатын үнемді пайдалану мәселесінде шығындарды сапалы және бірқалыпты жоспарлау қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жоспарларын бекіту кезінде қатаң позиция ұстану қажеттігін айтты.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»