Қызылордада облыс активінің отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген басымдықтар бойынша аймақты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде сәтті жүзеге асырылған бағдарламалар жайлы баяндап, Жолдау басымдықтарынан туындайтын алдағы міндеттерге кеңірек тоқталды.
– Мемлекет басшысы экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамытудың міндетін қойып отыр. Тиімді тұрғын үй саясатының нәтижесінде алғаш рет 2016 жылы Қызылорда облысында жарты миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 15 мыңға жуық жер телімдеріне бір жарым мың шақырымға таяу инженерлік жүйелер тартылды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жөніндегі ауқымды жұмыстар көп жылдардан кейін тұңғыш рет облыс аудандарында да қолға алынды.
Сондай-ақ, Елбасы алдымызға еңбек өнімділігін арттыруды міндеттеп отыр. Соңғы жылдары біз өңдеуші секторды тұрақты дамытуға қол жеткіздік. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ғана бұл саладағы өсім 15 пайызды құрады. Егер оны 2012 жылмен салыстырсақ, өсім – 52 пайыз. Осы саладағы еңбек өнімділігі 6 есе өсті. Нәтижесінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 4 есеге, ал, аймақтық жалпы өнім құрылымында 3,5 есе көбейді. Біз қарқынды төмендетпеуіміз қажет. Инновацияны қолдау және оларды өндіріске жылдам енгізу жаңа индустрияны қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады, – деді Қырымбек Көшербаев.
Білім беру жаңа экономикалық өсудің орталық буыны болуы тиіс. Облыс әкімі мектепке дейінгі білім беру саласында 3-6 жас аралығындағы балаларға тәрбие мен білім беруді толығымен қамту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын Қызылорда облысы 2015 жылы мерзімінен бұрын орындағанын атап өтті.
– Бұған өңірде мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытудың арқасында қол жеткізілді. Бүгінгі таңда облыстағы балабақшалардың 70 пайыздан астамы осы жүйемен жұмыс істейді. Егер де мемлекет 10 жыл ішінде 37 балабақша салып берсе, соңғы үш жылдың өзінде жеке сектор 380-нен артық балабақша ашты. Қызылорда облысының жағымды тәжірибесін Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өтті, – деді ол.
Қызылорда облысында стратегиялық құжаттың басқа да басымдықтары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Мысалы, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту аясында облыста кәсіпкерлік үйі салынып, бір ай бұрын кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады. Өткен жылы күріштен алынған рекордтық өнім, өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы – аймақтағы оң өзгерістердің айқын дәлелі. Сонымен қатар, Жолдауда айтылған бірінші басымдық, яғни экономиканың жедел технологиялық жаңғыртылуы бағытында да өңірде нақты істер қолға алынған.
Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жиын соңында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА