06 Ақпан, 2017

Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматыдағы Универсиаданың шайбалы хоккей додасында қазақстандық шеберлер Чехия құрама командасымен мұз үстінде имек таяқ түйістіріп, қарсыластарына қарағанда, өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдеді. Біздің хоккейшілердің тегеурініне шыдай алмаған қонақтар 0:8 есебімен ойсырай ұтылуға мәжбүр болды. «Халық Арена» мұз сарайында өткен бұл матчта Константин Савенков пен Артем Бурделев екі реттен шайба салды. Сондай-ақ, Дмитрий Гренц, Никита Михайлис, Антон Петров және Кирилл Савицкий сынды ойыншылар да мұз үстінен гол соқпай кетпеді. Бұған дейін Қазақстан құрамасы Қытай (22:0) мен Швецияны (5:0) да күйрете жеңген болатын. Сөйтіп, Сергей Старыгиннің үш кездесуде өз қақпасына бір де бір шайба жібермеген шәкірттері тоғыз ұпаймен турнирдің плей-офф кезеңіне өтті. Ширек финалда біздің хоккейшілер іріктеу кезеңінде 3-орын алған Швеция құрамасын 4:0 есе­бімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Қазақстандықтар жартылай финалда Словакияны 4:3 есебімен буллит бойынша жеңген Чехия құрамасымен кездеседі. Екінші жартылай финалдық ойын Канада мен Ресей құрамаларының арасында өтеді. * * * Өкінішке қарай, қыздар арасындағы сында Қазақстан құрамасы бесінші-жетінші орындар үшін болған матчта Жапония хоккейшілерінен 0:4 есебімен ұтылып қалды. Бұдан бұрын біздің хоккейші қыздарымыз Ұлыбритания командасын 11:0 есебімен ұтып, Канада (0:11) және Қытай (1:4) хоккейшілеріне есе жіберген болатын. Сонымен, Қазақстанның қыздар құрамасы Универсиаданың хоккей сынындағы соңғы кездесуін бүгін Ұлы­британия командасымен өткізеді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»