Жоғары хоккей лигасында сынға түсіп жатқан қазақстандық қос клуб – Өскеменнің «Торпедосы» мен Қарағандының «Сарыарқасы» кезекті жеңістеріне қол жеткізді. Шығысқазақстандық шеберлер өз мұз айдынында Красноярскінің «Сокол» командасын 3:2 есебімен тізе бүктірсе, қарағандылық хоккейшілер Ангарскіден келген «Ермактың» қақпасына жауапсыз үш шайба соқты.
Өскемендегі ойында есепті бірінші болып қонақтардың ойыншысы Дмитрий Поляков ашты. Бұдан кейін Владимир Коротков, Евгений Белухин және Денис Игнашин қатарынан үш шайба соғып, «Торпедоны» алға шығарды. Ал матчтың соңына таман «Соколдың» ойыншысы Александр Репьях бір гол салып, есеп айырмашылығын қысқартқанымен, ойын 3:2 есебімен өскемендіктердің пайдасына шешілді.
Қазір «Торпедо» турнир кестесінде 97 ұпаймен бұрынғысынша топ бастап келеді. Бірақ олар екінші орындағы СКА-Нева (Санкт-Петербург) командасынан ұзап кете қойған жоқ. Жалпы саны 45 кездесуден өткізген екі ұжымның арасын бір ғана ұпай бөліп тұр.
«Сарыарқа» болса, «Қарағанды Аренаның» мұз айдынында Ангарскінің «Ермак» командасымен өткен ойында 3:0 есебімен басым түсіп, 93 ұпаймен (45 ойын) үшінші сатыдағы орнын сақтап қалды. Бұл кездесуде қарағандылықтар сапынан Даниил Ердаков екі мәрте және Илья Антоновский бір рет мергендік танытты.
Кеше «Торпедо» Өскеменде «Ермакпен» күш сынасса, «Сарыарқа» Красноярскінің «Соколын» өз айдынында сынақтан өткізді.