Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде сулы-батпақты жерлер күніне арналған көрме өтті. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватымен бірлескен фотокөрмеде қорықтың басты ерекшеліктері мен биоалуан түрлілігі туралы ақпарат берілген.
Музей басшысының орынбасары Жәнібек Орынбасаровтың айтуынша, шараны ұйымдастырудағы мақсат – қоршаған ортаны аялауға шақыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
– Көрмеге «Ақжайық» резерватының судағы және құрлықтағы өсімдіктер топтамасы және жануарлар түрлерінен хабардар ететін 40-тан астам фотосурет қойылды, – дейді резерват қызметкері Нұргүл Оразғалиева.
Айта кетейік, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр атырабындағы аумаққа 2009 жылы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты атауы берілген еді. Ерекше табиғи кешенде сирек кездесетін және эндемикалық судағы, құрлықтағы өсімдіктер топтамасы мен жануарлар бар. Резерват табиғи аумақты қорғаумен бірге, ғылыми зерттеу жұмыстарын, экологиялық ағарту, туризмді дамыту мақсатында қызмет етіп келеді.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ