09 Қыркүйек, 2011

Астығымен ажарлы аймақ өзге салаларда да толымды табыстарға жетіп келеді

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстанның қай өңірі бол­масын өзіндік ерекшеліктер мен артықшылықтарға ие. Еліміздің ба­тыс аймағында мұнай және та­биғи газ мол келсе, солтүстік өңір­лер бидайлы, астықты өлке болып саналады. Әрине, мұнай, газ секілді әлем көзін тігіп отыр­ған ресурстар Қазақстанның бар­лық өңірлерінде бірдей кездесе бермейді. Мысалы, Солтүстік Қа­зақстан облысында мұндай шикізат атымен жоқ. Алайда, еліміздің экономикасында облыстың алып отырған өзіндік стратегиялық ор­нын ауыл шаруашылық, аграрлық сектор түзеді. Бидай, басқа да дәнді дақылдар өсіру, мал ша­руа­шылығы, жалпы ауыл шаруа­шы­лығы дамуы жөнінен алдыңғы қа­тарлы облыстардың бірі сана­ла­ды. Тұрғындардың 59,5 пайызы ау­ылды жерлерде тұрып, жер өң­деумен айналысады. Өткен жылы облыстың аймақтық өнімділік көр­сеткіші жаман болған жоқ. Аймақ басшысы Серік Біләлов­тың айтуынша, Елбасы Н.Назар­­баевтың тапсырмаларына сәйкес алда бірқатар маңызды міндеттер тұр. Олар – индустриалық-инно­вациялық жобаларды іске асыру, әлеуметтік, экономикалық сала­лар­ды одан әрі ілгерілету, ком­му­налдық-шаруашылық мәселелерін басты назарда ұстау, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, жұ­мыс­сыздықты азайту. Облыс былтыр бітік егін өсіріп, 6 миллион тонна астық өндірді. Оның бір миллион тоннадайы экспортқа жөнелтілді. Осының өзі астықты аймақтың ішкі мүмкіндігінің қуаттылығын аңғартса керек. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы жал­пы өндіріс көлемі 238 миллиард теңгені құраған. Республикадан бөлінген 5,4 миллиард теңге трансферт мақсатты түрде игерілген. Мал шаруашылығы сала­сы­ның да жақсы дамып келе жатқа­нын айта кеткен жөн. Ел бой­ын­ша өндірілетін еттің – 2, сүттің – 4,7, жұмыртқаның – 17,3 пайызы облыстың үлесіне тиеді. Жолдау талаптарына орай еңбек өнім­ді­лі­гін арттыруға бағытталған пәр­мен­ді шаралар салаға өзгеше леп берді. Салыстыру үшін нақты цифрлар келтірейік. 2009 жылы аймақтық өнім өндіру көрсеткіші 403,9 миллиард теңгені құраса, облыс тұрғындарына есептегенде 625,5 миллион теңгеге жеткен. Сөйтіп, 2001 жылға қарағанда 4,8 есеге артқан. Облыс экономикасының негізгі бөлігі ауылшаруашылық сек­то­рына тиесілі, яғни 34,7 пайызды құрайды. 2010 жылы бұл сала­да­ғы жалпы өнім көлемі 158,7 миллиард теңгеден асып түсіп, кә­сіпкерлер 81,7 миллиард теңгенің өнімдерін өндірген. Негізгі ка­пи­талға құйылған инвестиция 53,3 миллиард теңгені құрап, соңғы он жылда 51,2 пайызға көбейген. Ин­вестицияның үштен бірі аграр­л­ық секторға, 26,4 пайызы өн­ді­рістік салаларға тартылған. Тұ­тас­тай алғанда, ауыл шаруашы­лық саласына 90 миллиард теңге инвестиция бағытталып, инже­нер­лік-әлеуметтік инфрақұ­ры­лым­дар, трактор-машина паркі жаңартылған. Өндіріс саласына құйылған инвестицияның жарты­сына жуығы өңдеуші өнеркәсіпке жұмсалған. «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 141 жоба жүзеге асырылған. Биыл 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Облыста әлеуметтік-эконо­ми­калық, тұрмыстық салаларда қор­даланып қалған түйінді мәсе­ле­лерді шешудің жолдары да жан-жақты қарастырылғаны байқа­ла­ды. Серік Сұлтанғазыұлы олар­дың қатарына бірінші кезекте ауыз су, балабақшалардың жетіспеуі, аз қамтылған жандар мен отбасыларды қолдау, қолжетімді азық-түлік бағаларын қалып­тас­ты­ру мәселелерін қосады. 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы шеңберінде ат­қарылған жұмыстар аз көрін­бей­ді. 145 елді мекенге сапалы ауыз су жеткізілген. Тұрмысы төмен тұрғындар үшін 19 дүкен, 87 сауда нүктесі, 46 дәріхана ашылған. Облыс басшылығы үдемелі ин­­дустриалды-инновациялық даму бағдарламасын орындауда да іргелі табыстарға жетіп келеді. Киров атындағы зауыт сандық тележелі қондырғысын ойлап тау­ып, кешенді қондырғылар шыға­ру­ға кіріскен. «Құрылыс матери­ал­дары» кәсіпорны төзімі берік, жылу­ұс­та­ғыш полиэтиленді құ­бырлар өн­діру, ЗИКСТО зауыты отандық вагондар құрастыру ісін қолға алған. Машина жасау бой­ынша – 2, құрылыс индустрия­сын­да – 3, тау-кен саласында – 2, ауыл ша­руа­шылығында – 6 жоба игерілуде. Сөйтіп, жаңа техно­ло­гияларға негізделген техникалық қайта жаң­ғы­рулар сұранымға ие жоғары са­палы өнімдер мен тауарлар өндіру қарқынын арттыра түсетін болады. Облысты «Солтүстіктің қақ­па­сы» деп тегін атамайды. Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған облыста­ры­мен шектесетіндіктен, жыл өткен сайын шекаралық аймақтағы екі­жақты сауда-өнеркәсіп, экономи­калық байланысы нығайып келеді. Мемлекет басшысының үш ел арасындағы Кеден одағын жедел де тиімді дамыту ұстанымына сәй­кес өңірлік тұрақтылықты ны­ғайтудағы қадамдар одан әрі өріс ала түсті. Ресейдің іскер, бизнес топтарымен бірлесе отырып, екі­жақты пайдалы кездесулер ұй­ым­дастыру, біріккен кәсіпорындар салу тәжірибесі қалыптасқан. Мұ­­ның өзі халықтар арасындағы дос­тыққа, татулыққа, өзара түсі­ніс­тікке кең жол ашары сөзсіз. Солтүстікқазақстандықтардың биылғы межесі тіпті үлкен. Қазір өңірде егін орағы кең өріс алған. Диқандар 3,9 миллион гектар ал­қаптың дәнді дақылдарын жинау жұмысын барынша қысқа мерзімде өткізуге жұмылған. Ауыл ша­руашылық тауар өндірушілерін мем­лекеттік қолдау күткен нәти­же­сін беруде. Гектар берекелілігі 18 центнерден айналуы осыны ай­ғақ­тайды. Демек, Отан қамба­сы­на кемі 6-6,5 миллион тонна Қы­зыл­жардың астығы құйылады деген сөз. Мұның өзі Тәуелсіздік ме­рекесіне үлкен тарту болары анық. Ғаділбек ӘКІМОВ, әлеуметтанушы-экономист. Солтүстік Қазақстан облысы.