Қазақстан мен Чехия екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың даму әлеуетінің жоғары екені айтылуда.
Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің мәліметтері бойынша, бүгінде Қазақстан аумағында чехиялық капиталдың қатысуымен 185 бірлескен кәсіпорын тіркелген, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары - 107. Оның сөзіне қарағанда, Чехия Қазақстанға автокөлік, автобөлшектер, электр жабдықтарын, жиһаз, шыны өнімдерін, фармацевтикалық тауарлар сатады.
«Қазақстан үшін екіжақты қарым-қатынастардың машина жасау саласы, атап айтқанда чехиялық машина жасау технологиялары маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл сала экспорттық әлеуеттің негізін қалап отырған, Чехия экономикасының ең күшті бағыты саналатыны жасырын емес. Бізде «Азия Авто» мен «Skoda Auto» арасындағы нәтижелердің барын білеміз. «Skoda Қазavia» көлігін және «President Edition» санатындағы көліктерді құрастырудың конвейерлік желісі құрылды. 2005 жылдан бері 70 млрд. теңгеге 19 888 «Skoda» көлігі сатылды», - деді Жақсалиев.
Дегенмен, вице-министрдің пікірінше, Қазақстан мен Чехия арасындағы серіктестік олардың шын әлеуетін аша алмай отыр. Сауда айналымның көрсеткіштері шикізаттық тауарлар мен энерготасымалдағыштардың құнының төмендегеніне байланысты төмен дөңгейде сақталуда.
«2005 жылдан 2016 жылдың тоғызыншы айына дейін, Чехиядан Қазақстанға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі небәрі 186 млн. долларды құраған. Біз жемісті серіктестік үшін барлық оңтайлы жағдайлар жасап беріп отырмыз. Осындай экономикалық серіктестікте маңызды рөлді Қазақстан-Чехия үкіметаралық комиссиясы ойнайды, әсіресе экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық байланыстар бойынша. Комиссияның келесі отырысы Прагада 28 ақпанда өтеді. Қазақстан мен Чехия арасында 16 халықаралық келісімшарт жасалды», - деп хабарлады вице-министр.
Өз кезегінде, Чехия Парламенті депутаттары палатасының төрағасы Ян Гамачек, чех делегациясы Қазақстанға «біздің елдер арасындағы саяси диалогқа дайын екендіктерін» растауға келгендігін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай кездесулер дәстүрге айналып отыр.
«Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Екіжақты қарым-қатынастардан көріп отырған жеміс те одан көп болуы тиіс. Соңғы екі жылда біздің сауда айналым аздап төмендеді. Алайда бұл Қазақстан немесе Чехия шығаратын өнімдердің сапасы түсті деген сөз емес. Бұған жаһандық сыртқы факторлар өз әсерін берді. Мұнай бағасының құлдырауы, Ресейге қарсы жасалған санкциялар және басқалар бар. Біздің елдер арасында көп мүмкіндіктер бар, оларды тауып, дамыта білуіміз шарт», - деді Гамачек.