06 Ақпан, 2017

«Арландар» маусымды жеңіспен бастады

183 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) 2017 жылғы жаңа маусымы басталды. Осы жобаға алғашқы маусымнан бері үздіксіз қатысып келе жатқан еліміздің «Astana Arlans» клубы Ресейде жергілікті «Patriot Boxing Team» клубын 3:2 есебімен ұтты. Халықаралық әуесқой бокс федерациясы ұйымдастырған бұл жарысқа қатысатын командалар саны биыл қысқарған. Қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Украина, Әзірбайжан, Польша, АҚШ, Пуэрто-Рика командалары биылғы додадан тыс қалды. Сондықтан, өзге қатысушы командалар құрлық бойынша үш топқа бөлінген. Плей-офф бәсекелері басталғанша мұхит асудың керегі жоқ. Мексика, Аргентина, Куба командаларымен әзірге жолықпаймыз. Әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде бұл экономикалық тұрғыда үнем болатыны анық. Қазақстанның «Астана арландары» командасы С тобына түскен. Біздің топта Ресейдің «Patriot Boxing Team», Қытайдың «Чайна Драгонс» және Өзбекстанның «Өзбек Тайгерс» клубтары бар. Өткен сенбі күні жерлестеріміз алғашқы кездесуін өткізу үшін Мәскеуге барды. Шаршы алаңда «С1» дәрежесіндегі боксшылар жұдырықтасты. Бұл бокс кеші біз үшін аса сәтті бастала қоймады. Ең жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов қарсыласы Батор Сагалуевтен ұтылып қалды. Біржан Жақыпов кеткеннен кейін 49 килодағы тәжірибелі деген боксшымыздың 2015 жылғы Еуропа ойындарының жеңімпазына шамасы жетпеді. Есесіне жақында салмақ ауыстырған 56 килодағы астаналық Ілияс Сүлейменов сенімді ақтады. Ол ұпай саны бойынша Артем Хотеновтан басым түсті. Одан кейін Ресей құрамасы екінші рет алға шықты. «Арландардың» 64 килодағы өрені Ділмұрат Мижитов Радимир Абдурахмановтан жеңіліп қалды. Павлодарда өткен ел чемпионатында жеңіске жеткен 75 килодағы тараздық Әбілхан Аманқұл 20 жастағы Раджаб Раджабовты айқын басымдықпен жеңіп, жалпы есепті теңестірді. Негізі Раджабов та осалдардың қатарынан емес. Хабаровскіде өткен халықаралық турнирде әлем чемпионатының қола жүлдегері Артем Чеботаревтің өзін ұтқан болатын. Соңғы шешуі кездесу 91 килодағы боксшылардың арасында өтті. «Арландардың» намысын Антон Пинчук қорғады. Азия ойындарының жеңімпазы ресейлік Илья Квасниковқа еш мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, «Astana Arlans» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ал біздің топтағы екінші жұпта Қытайдың «Чайна Драгонс» командасы өз жерінде өзбектерді дәл осындай есеппен ұтты. Айта кетейік, жаңа маусым алдында команданың бұрынғы боксшылары мен бапкерлері клубты сотқа берген еді. Себеп біреу. Осыдан екі жыл бұрын «Астана арландары» екінші рет Бүкіләлемдік бокс сериясында чемпион атанған. Жеңімпаз клубтың есепшотына Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) 400 мың доллар аударған еді. Бірақ басшылық бұл ақшаны сыйақы ретінде үлестіруді жөн көрмеген. Боксшылар мен клуб арасында маусым басында ондай келісімшарт та болмаған екен. Мәселені өзара шеше алмаған соң, 24 адам сотқа жүгінді. Олардың арасында бапкер Бейбіт Есжанов және боксшылар Ерік Әлжанов, Самат Башенов, Мардан Берікбаев, Жомарт Ержан, Мұхамеджан Еркін, Қайрат Ералиев, Мирас Жақыпов, Нұрдәулет Жарманов, Ержан Мұсафиров, Зәкір Сафиуллин, Мейірболат Тойытов бар. Боксшылар сыйақыдан бөлек «Astana Arlans» клубынан әрқайсысына 200 000 мың теңге көлемінде моральдық шығын  өтеуін талап еткен еді. Бірақ сот олардың өтініштерін қанағаттандырған жоқ. Анығын айтқанда, боксшылар сотта жеңіліп қалды. «Астана» кәсіби президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Күлшіков боксшылар мен бапкерлердің алдында ешқандай қарызымыз жоқ деп отыр. Барлығын келісімшарт бойынша төлегенін мәлімдеді. Жалпы, биылғы маусымда «Astana Arlans» клубының құрамына 20 боксшы енген. Дегенмен, команда бапкерлері резервтік құрамға 19 боксшы алып отыр. Жетінші маусымда «Astana Arlans» капитаны болып, 52 кило салмақтағы Олжас Сәттібаев сайланған болатын. Бек Төлеуов