06 Ақпан, 2017

Бүркітші Айшолпан туралы фильм батыста сынға ұшырады

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыстың кейбір киносыншылары Монғолиядағы бүркітші қазақ қызы Айшолпан туралы фильмнің шынымен де деректі екеніне күмән келтіруде. Бұл туралы бүгін BBC News жазды. Аталған туынды дүйсенбі күні Bafta байқауына ұсынылды.

Әкесінен құсбегілікті үйренген 13 жасар Айшолпан Нұрғайып Монғолияның оңтүстік батысындағы Баян Өлгей аймағында тұрады. Айшолпан туралы режиссер Отто Беллдің деректі фильміне батыс кинотанушылары "деректен гөрі әрекеті көп фильм", "ертегіден тұратын деректі фильм" деген бағалар берсе, кей сарапшылар "көшпенді қазақтардың табиғатын аша алмаған, шикі түсірілген" дейді.

Америкалық тарихшы Адриен Мамор "ер адамның үстемдік құрған соңғы 2000 жылда алғаш рет қыз бала ерлігінің осындай биікке көтеріліп дәріптелуін" жоғары бағалайды. Дегенмен, Мамор Айшолпанның құсбегілікпен айналысуын оның әулетімен байланыстырып, "12 ұрпақ бойы қыз бала сүймеген әулетте Айшолпанның ер мінезді болып өсуі таң қаларлық дүние емес" дейді.

Жалпы, Отто Беллдің фильм түсіруіне түрткі болған Израиль фотографы Ашер Свиденскийдің BBC-ге арнап түсірген суреті екен. Суретті көргеннен кейін режиссер 2014 жылы Айшолпан туралы фильм түсіруге бекініпті.

Фильм туралы сарапшылардың сын айтатын тағы бір тұсы - фильмде Айшолпан радиодан құсбегілердің жарысы болатынын естіп, оған қатысуға ата-анасынан рұқсат сұрауы. Кинотанушылар осы жерде Айшолпанның мінезі ашылмай қалғанын айтады.

Кино сыншылары Айшолпанның құздан төмен түсетін жері мен әкесінің жіппен демеп тұратын тұсын және осы секілді бірнеше әсерлі жерлерді "шынайы емес, кадрдың әдемі шығуы үшін әдейі жасалған" деп сынайды. Дегенмен, режиссер бұл сынмен мүлде келіспейді. "Айшолпанның ұядан балапан алып түсетін жерін мен бір дубльмен алдым. Бұл спорт ойындарынан тікелей хабар таратумен парапар нәрсе", - дейді режиссер. Сарапшылардың тағы бір күмәнмен қарайтын жері Айшолпанның әкесі Ағалайға қатысты. Ағалай Айшолпанның құсбегілікпен айналысуы үшін өз әкесінің батасын алатын жері шынайы болғанымен, батыс сыншылары бұл кадрдың да фильм үшін әдейі түсірілгенін айтады. Алайда, Отто Белл бұл тұста да сыншылардың пікірін жоққа шығарады. Дегенмен, Беллдің сценарциін Айшолпанның өзі мақұлдаған. "Мен 10 жасымнан бастап құсбегілікке қызыға бастадым", - дейді Айшолпан BBC-ге берген сұхбатында. Айшолпанның айтуынша, көптеген ересек ер адамдар қыз баланың құсбегілікке шыққанына таңырқай қараған. Дегенмен, жарысты ұйымдастырушылар Айшолпанға көп көмек берген. Aisholpan at the Ajyal film festival in Doha (2016)