07 Ақпан, 2017

Назарбаев реформаларының түркі әлемі мен Еуразия кеңістігіне әсері мол

347 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халық талқылауына ұсынылған билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөнін­дегі Үндеу елімізде үлкен қолдау тауып отырса, халықаралық қоғамдастық тарапынан да ай­тарлықтай қызығушылық туғызуда. Бұл сөзімізге әлемнің әр шалғайынан келіп түсіп жатқан үнқосулар дәлел. Бүгін оқырмандар назарына түркиялық саясаттанушы Күршад ЗОРЛУДЫҢ үн қосқан мақаласы ұсынылып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы 4-5 жылда жүргізілген кей­бір зерттеулер халықтың тек 4-5%-ның ғана демократия мен демо­кра­тиялану үрдісін маңызды құбы­­лыс деп есептейтінін көрсеткен. Халық­тың шамамен 60%-ын құрай­тын басым бөлігін тұрақтылық, күнделікті тіршілік, денсаулық және қауіпсіздік мәселелері толғандырған. Десек те, елдің тарихи негіздерін және КСРО кезеңінен мұраға қалған ебедейсіз саяси, бюрократиялық жүйені жаңа реформаларға бейімдеу басты мәселелердің назардан тыс қалуына апарар еді. Қазақстан­ның негізін салған Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңде жазған «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында «Біз үшін бүгін демо­­кратия ма, жоқ тоталитаризм бе деп тала­судың жөні жоқ. Біз таң­дау­ды жаса­ғанбыз, мақсатты айқын­дағанбыз. Алайда, біздің алдымызда демократиялық дамудың қай үлгісін алуымыз керек деген мəселе тұрғаны рас», деп жазады. Назарбаев елінің демократиялану үрдісінің кезең-кезеңімен сатылы түрде жүзеге асырылатынын айтқан. Бұл дұрыс шешім болды. Өйткені, демократияны институттар арқылы дамыту, тиісті құрылымдарды қалып­тастыру және оны қалың жұрт­шылыққа қабылдатқызу үшін жоға­ры­дан төменге қағидасы нәтиже бермесі анық. Мұстафа Кемал Ататүрік те Түркия республика болып жария­лана сала жылдам жаңару жолын таң­дап, көптеген реформаларды жүзеге асырды. Дегенмен, демократияның ықпалын толығымен сіңіру үшін ұзақ жыл қажет болды. Әлбетте, Қазақстан басқа гео­гра­фия­­­лық кеңістікте және басқа өз­гер­мелі факторларға байланысты мем­лекет болып қалыптасты. Бұл ай­мақ­та демо­кратия­ның болмағанын айта­тын­дар шындыққа біржақты ғана қарап, баға бергендер. Кейбір кем­ші­лік­терге қара­мас­тан, қазақ ұлты өз әлеуметтік-пси­хо­логиялық ерек­ше­лік­теріне сәйкес демо­кратия ұғымы­мен бірге өмір сүре бастады. Прези­дент Назарбаевтың айрық­ша мән беріп, білек сыбана кіріс­кен ре­фор­малау үдерісінде атал­ған ерек­ше­ліктер де ескерілген. Қазақ­стан жергі­лікті дәстүрлер мен бас­қару әдеттерін жалпыадамзаттық құн­дылықтармен үйлестіріп, таңдаған бағыты бойынша келесі сатыға өтуді көздеді.

Назарбаев сүйенген негіздер

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің жаңару үдерісінде қол жеткізілген табыстарын келесі саяси биліктің қабылдап жалғастыруы үшін мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі реформа жасауға кірісті. Назарбаев ойластырған жаңа жүйе әдетте бір кісі көп нәр­сені белгілеп келген бұрынғы тәжі­ри­бенің өзінен кейін теңгерімді жолмен жалғасын табуына жағдай жасайды. Әлемде қақтығыстар жыл­­дам жайылып жатқан алма­ғайып заманда тұрақтылықты сақ­­­тау үшін Назарбаевтың тежеу те­тігі мен теңгерімділікті қамта­ма­сыз етуді көздейтінін түсінуіміз қажет. Қазақстанның 25 жылдық тәуел­­сіздік кезеңін жақыннан бақы­л­аған маман ретінде ай­тарым, әуелі Парла­менттің және одан кейін Министрлер Каби­­неті­нен құралатын атқару­шы биліктің Президенттің кей­бір өкілеттіктерін алатыны анық­талды. Бұл страте­гияны бүгінгі күннің нәти­жесі деп ойлайтындар қателеседі. Өйт­­кені, бұдан бұрын көптеген сала­да көргеніміздей, алда да Назарбаев­тың ұзақ мерзім­ді үрдісті сатылы түрде жүзеге асыратынына әлі куә боламыз. Президент Назарбаев өткен жыл­дың желтоқсан айында ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына ар­налған жиын барысында маңыз­ды өзгерістердің болатынын білдіріп, елдің жаңа даму кезеңіне аяқ бас­қанын, мемлекеттік басқаруда Пар­ламент пен Үкіметтің жауап­­кер­шілігін арттыруды күн тәр­­тібіне шығаратынын, билік өкі­лет­тіктерін Президент, Пар­ла­­мент және Үкімет арасында қай­тадан үйлестіру үшін қолайлы уақыттың келгенін мәлімдеген. Негізінде, осы мәселеде артқа да көз тастап, мына жайтты еске түсіру артықтық етпейді. Назарбаев президенттік жүйе­ге қатысты алғашқы ірі өз­герісті 2007 жылдың 21 мамы­рын­да жасады. Өзгеріс енгі­зіл­геннен кейін Президент былай деді: «Осы конс­титуциялық өзгерістер арқылы басқару жүйеміз прези­дент­тік республика болып қала береді, ал Парламенттің өкілет­тігін ба­рын­ша кеңейтуге бағыт­талған жұмыс­ты жүргізуді ұсына­мын. Бұл реформалар бізді пре­зиденттік республика моделінен прези­денттік-парламенттік бас­қару моделіне алып келеді». Президенттік-парламент­тік жү­­­йе бұрынғы кеңестік мем­ле­­кет­­­терді зерттеген Шугарт пен Кэри деген ға­лым­дардың клас­си­фи­кациясының өнімі болып табы­лады. Оған сәйкес пар­ла­мент­­тік жүйенің элементтері ма­ңы­­зын жоймай, халық сайлаған пре­­зидент жүйедегі өз орнын сақ­тай­ды. Осылайша, президенттік, жар­­т­ы­­лай президенттік және пар­­­ла­­мент­тік жүйеге толығымен ұқ­са­­майтын модель қалыптасады. Бұл модельдің артық­шы­лықтары мен кемшіліктеріне келсек, супер­президенттік және парла­мент­­тік жүйелер арасында орын ала­ды. Екі жүйенің бірінен екіншісіне өт­кісі келетін елдер жоғарыда атал­ған модель­мен міндетті түрде бет­пе-бет келеді. Конституция тұр­­ғы­­­сынан алған­да, бұл модель­дің пар­ламенттік неме­се супер­пре­­зи­­денттік жүйеге ауыс­қанын көр­­­­сететін үш маңызды сала заң шы­ғару, тарату және өкілет­тігін тоқ­тату болып табылады. Яғ­ни, «пре­­зидент заң шығару өкі­­лет­­ті­гін өзіне қабылдай ала ма, пар­ла­­мент­тің өкі­лет­тігін тоқ­тата ала ма және ми­нистр­лер кабинетін тарата ала ма?» деген сияқты сауалдар бар. Қазақстан Ата Заңының ең үлкен ерекшелігі «күшті Прези­дент, күшті атқару органы» қағи­да­ларына негіз­делуінде жатыр. Елдегі басқару жүйесі­нің президенттік сипаты Қазақ­стан Ата Заңының 2-бабында белгіленген. Бұған қоса, осы бапта Қазақстанның мем­лекет­тік жүйесін анықтайтын үш маңызды тұрақты фактор көр­сетілген. Оларға президенттік жүйе, унитарлық мемлекет және республика ұғым­дары жатады. Конституцияда, тіпті, Қазақстан Республикасы мен Қазақ­стан атауларының бір мағына беретіні де ашық жазылған. Қазақстанның Конституциясында Мемлекет басшы­сы­ның кәдімгі президенттік жүйедегі Президенттен артық өкілеттіктерге ие болғанын көруге болады. Назарбаев өкілеттіктер мәселесіне айрықша мән беріп, оны елдің тарихи үрдісімен байланыстырып, әсіресе, сырттан араласуға қарсы тиімді жауап берудің, тұрақтылықты сақтаудың шарты деп түсіндіреді. Президент Назарбаевтың Ата Заң­ға түзетулер енгізу арқы­­лы өзгертуге талпынған өкілет­тік пен жауапкершілік тепе-тең­дігінде аталған баптарға кеңі­нен орын берілген. «Прези­дент Парламенттің қос қанатының (Сенат-Мәжіліс) төрағаларымен және Премьер-Министрмен келісіп, Пар­ламентті тарата алады». Қалыптан тыс, төтенше және әскери жағдайларда Прези­денттің өкілеттік мерзімінің соң­ғы алты айы ішінде тарату заң­сыз. «Парламент Президенттің сұрауы­мен депутаттардың үш­тен екі бөлігінің басым дауыс беруімен заң шығару өкілеттігін ең көп дегенде бір жылдық мерзімге қабылдай алады». Үкімет Президент және Ата Заңда ашық түрде белгіленген жағ­дай­ларда Парламент алдында жауапты болады. Президент өкі­лет­тік берген Премьер-Министр Үкіметті құрып, Парламент сенімін алуға тиісті. Әділет, Ішкі істер, Қор­ғаныс және Сыртқы істер министр­лерін Президент тікелей таға­йын­дай алады.

Ықтимал әсерлері

Жоғарыда аталған өзгерістер жүзеге асырылған жағдайда Қазақ­стан өте маңызды табыстарға қол жеткізеді. Біріншіден, өзгеріс­тер жасалған жағдайда саяси пар­тиялар мен Парламенттің тәжі­ри­бесі үлкен маңызға ие бо­лып, саяси демократия бірте-бірте халық­тың арасына кеңінен жайы­ла­ды. Екіншіден, заң шығару, атқару және сот билігі арасында тепе-теңдік жүйесі күшейтілетін болады. Бұл алда болуы ықтимал заң­сыз­дықтардың алдын алуда қазіргі­ден де күштірек, рефлекстері дамыған мемлекеттік жүйеге алып келеді. Үшіншіден, Қазақстанның соңғы кезеңде халықаралық арена­да қол жеткізген жоғары беделінің бір көрінісі ретінде бағаланады. Осылайша, кейбір орталарда демократия және заңның үстемді­гі тұрғысынан сыналған Қазақ­стан халықаралық қолдау тауып, сырттан тікелей инвестиция тарту­да бірқатар артықшылықтарға ие болады. Бұған қоса, аталған үр­діс­тің Түркі әлемінде және Еура­зия кеңістігінде әсерлері сезіле­тін болады. Өйткені, жүйелер мен биліктер бір-бірімен үстел басында отырған ресми делегация­лар сияқты институттық және құрылымдық сәйкестілік немесе сәйкессіздік мәселесімен бетпе-бет келуде. Назарбаев және Қазақстан – аймақтағы ынтымақтастық үлгілерінің ортасында орналасқан ел ретінде көршілеріне, эконо­микалық және саяси серіктестеріне күшті сигнал беру қасиетіне ие мемлекет. ЕҚЫҰ, Ислам Ынты­мақ­­тас­тығы Ұйымы, Еуразия­лық экономикалық одақ және Түркі кеңесі сияқты институттану үрдісінің бел ортасында ойып тұрып орын алған Қазақстан Респуб­лика­сындағы соны талпыныстар көптеген елдің өз ұстанымын қайтадан тұжырымдауға негіз қалыптастырады. Қазақстанның Түркі әлемінде өте маңызды орны және ықпалы бар. Қазақстанның өз Конституциясын жетілдіру саласында жасаған осы күшті қадамы Түркі әлемінде және барған сайын кеңейе түскен ортақ кеңістікте жоғары бағаланатын болады. Күршад ЗОРЛУ, саясаттанушы, Түркия, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін