Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді тапсырғаны мәлім. Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да медициналық сақтандыру жүйесіне тоқталып, алдағы атқарылар шаруалардың бірқатарын тілге тиек етті. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықты ақпараттандыру үшін журналистермен жиын өткізіп, аталған жүйенің мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді. Жаңа жүйе мемлекет пен жұмыс беруші және азаматтардың денсаулық сақтау саласында жұмылып жұмыс жүргізуіне негіз қаламақ. Жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін төлейтін міндетті медициналық сақтандыру жарнасының мөлшері азайтылды. Себебі, бұған дейін 2017 жылдың жазынан бастап міндетті сақтандыруға жалақының 2 пайызын, кейін бірте-бірте көтеріп, 2020 жылы 5 пайызын аудару жоспарланған болатын. Енді жаңа заң жобасы бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен – 1 пайыз, кейін 2022 жылы 3 пайызға дейін көтерілмек. Сондай-ақ, жаңа заң жобасы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер және азаматтық құқық шарттары бойынша кіріс алушылар, басқа да жеке тұлғалар үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бірден кірісінің 5 пайызын қорға аудару көзделген. Ал қарапайым қызметкерлер жарнаны тек 2019 жылдан бастап төлейді.
Айта кететін тағы бір жайт, қорға жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Олардың ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру мекемелерінің күндізгі бөлімдерінде, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер бар. Бұдан өзге жарна төлеуден бала тууға, бала асырап алуға және 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде, сот шешімімен қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар босатылады. Сарапшылар міндетті сақтандыру арқылы қызмет сапасы артып, медициналық материалдық-техникалық база жақсарады дейді.
«Кез келген азамат сапалы медициналық қызмет алғысы келеді. Кез келген дәрігер жаңа технология, осы заманғы қондырғының болғанын қалайды. Міне, осының барлығын медициналық сақтандыру қоры шешуге тиіс. Айтпақшы, қызмет құнын тым қымбаттатқан жекеменшік емханалар саны азаяды. Міндетті жарнаңызды уақтылы төлеп отырсаңыз болғаны. Қалғаны емдеу мекемесі мен қордың шаруасы. Қаржы аударылған соң, олар сапалы қызмет көрсетуге міндетті», дейді Дүниежүзілік банк жобасының халықаралық кеңесшісі Гинтарас Кацявичус.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік банк сарапшылары 57 елдің тәжірибесі ескерілген заң жобасын 3 жыл көлемінде дайындап, тиімді модель ұсынғандарын алға тартуда. Салыстырмалы түрде алар болсақ, Францияда халық жалақысының 16 пайызы жарна түрінде ұсынылса, Италияда бұл көрсеткіш – 13, Нидерландыда – 9, Жапонияда 7 пайыз. Сонымен қатар, Францияда халықтың – 80, Германияда – 90, Бельгияда 98 пайызы ММСЖ-мен қамтылып отыр. Әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген сақтандыру жүйесінің елімізге де берері мол. Алайда, жаңа жүйеге күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Олар тоқсаныншы жылдардың кебін кимесек болғаны деп есептейді. Осыдан жиырма жылдай бұрын елімізде міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылған болатын. Бірақ ол түрлі себептермен аяқсыз қалды.
Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да ММСЖ жайлы айтылып, оның денсаулық сақтау саласына қаншалықты тиімді екені баяндалады. «Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген ММСЖ енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек. Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет», делінген Елбасы Жолдауында.
Жақында Сенат қабырғасында өткен жиында коммерциялық емес «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрағасы Елена Бахмутова медициналық сақтандыру қорына төлем жасаушылардың жылдық қаражатын тілге тиек етті. «Жалпы алғанда, жұмыс беруші жылына бір қызметкерге 30 550 теңге төлесе, қызметкердің өзі 20 470 теңге көлемінде, жеке кәсіпкер 35 560 теңге және жұмыссыз топ 17 818 теңге, ал мемлекет зейнеткерлер мен мүгедектерге, өзге де әлеуметтік жеңілдігі бар жандар үшін 71 160 теңге төлейтін болады», дейді ол.
Иә, «екі аяқтың қадірін ақсағанда білерсің, отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің» деген сөзді қазақ бекер айтпаса керек. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмасы анық. Сондықтан басты байлықты басты назарда ұстаған абзал.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»