07 Ақпан, 2017

Астана процесі үшін алғыс білдірді

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордада Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі халықаралық техникалық кездесу өтті. Кездесуден соң Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас шұғыл басқарма басшысының орынбасары, генерал-майор Станислав Гаджимагомедов Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, журналистерге мәлімдеме жасады. – Ақпанның 6-сы күні Ресей, Түркия және Иран делег­а­ция­лары, сондай-ақ, Біріккен Ұлт­тар Ұйымының өкілдері Астана қаласында бірлескен топ­тың алғашқы отырысын өт­кіз­ді. Аталған топ 23-24 қаң­тар күндері дәл осы жерде Сирия мәселелері бойынша өт­кен халықаралық кездесудің нәти­­­жесінде құрылған болатын. Бүгін­гі отырысқа қатысушылар Сирия­да әскери іс-қимылды тоқ­тату режімін орындау барысын тал­қылады. Осы режімді толы­ғымен орындауға қажетті арна­йы бақылау жүргізу, түрлі аран­датушылық әрекеттердің алдын алу мен тоқтату режімінің барлық талаптарын орындау жайы сөз болды. Сондай-ақ, қатысушылар өзара сенім шараларын пысық­тап, гуманитарлық көмек­тердің кедергісіз жеткізілуі мәселесін талқылады. Делегациялар Сирия­да әскери іс-қимылды толығымен тоқтатуға мүдделі екендерін жеткізді. Барлық қатысушылар Астана процесін жалғастыруға арналған талқылау алаңын ұсын­ғаны үшін, сонымен қатар, әскери іс-қимылдарды тоқтату жөніндегі бірлескен топтың Астанадағы алғашқы отырысына барлық жағдайды жасағаны үшін шынайы алғыстарын жеткізді,– деді генерал-майор Станислав Гаджимагомедов. Биылғы жылы 23-24 қаң­тар күндері елордада Ресей, Түркия және Иран елдерінің ұсыны­сымен Сирия мәселе­лерін реттеу бойынша халық­аралық келіссөздер өткені бел­гілі. Халықаралық саясатта Астана процесі деген атауға ие бол­ған алқалы жиынға Сирия дағдарысына қатысты басты тарап­тардың өкілдері қатысқан бола­тын. Келіссөз нәтижесінде Сирияда атыс­тың тоқтатылуына және арандату­шы­лыққа жол бермеуге кепіл­дік беретін үш­жа­қты тетік қалыптас­тырыл­ды. Ресей, Түркия және Иран ел­дері атысты тоқтату режі­міне кепіл болатын болып шешілді. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»