07 Ақпан, 2017

Ғалымдар қауымының қолдауы

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысы­ның Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг өтті. Оған белгілі ғалым, экономист, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов, Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли Әбішев пен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков қатысты. Брифингте ғалымдар Елбасы Жолдауындағы білім және ғылым мәселесіне қатысты өз пікірлерін білдірді. – Бүгінгі күнде Қазақстан халқы үшін көптеген бағдар­лама­лар іске асырылып келеді. Біз, ғалымдар қауымы Ел­басының «Қазақстанның Үшін­ші жаң­ғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабі­леттілік» Жол­дауында ата­ған бастамаларын толықтай қол­дайтыны туралы мәлімдейміз. Президент өзінің Жол­дауында елімізге дамыған 30 елдің қатарына қосылуға мүм­­кін­дік беретін келесі маңыз­ды бағыттарға екпін берді. Олар – экономиканы қарқын­ды түр­де технологиялық жаңғыр­ту, дәстүрлі негізгі салалар­ды дамыту, еңбек нарығын жаң­ғыр­ту, макроэкономика­лық тұрақ­­ты­лық; адами капиталдың сапа­сын көтеру, институттық түрлен­діру, қауіпсіздік, сыбайлас жемқор­лықпен күрес, ­– деді Р.Алшанов. Сонымен бірге, ол Президент бастамаларының қазіргі заман талаптарына сай екенін, оның Жолдауда ең алдымен білім беру жүйесінің рөлін өзгертуге ерекше назар аударғанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Жол­дауда ІТ-білім, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мен патриоттық тәрбиенің өзек­тілігін атап көрсетті. Мұ­ның барлығы жастардың бойында мем­ле­кетіміздің жаңа даму кезеңінде қажетті, өмір үшін маңызды жаңа дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыра­ды. Білім беру жүйесінде ІТ-сала­ның қарқынды дамуы және мұғалімдер білік­тілігі­нің жоғары­лауы қала мен ауыл мек­­теп­­­тері­нің арасын­дағы білім сапа­сы­ның айыр­ма­шылығын азай­ту­ға септігін тигізері ай­қын», – деді ол. Кездесуде Әли Әбішев жас­тар үшін ең маңызды мәселе – жұмысқа орналасу мәселесі еке­нін, осыған байланысты Елбасы өз Жолдауында жұ­мыс­­керлердің жаңа заман сала­лары­ның мамандықтарына көшуі үшін қолайлы жағдайлар жасау міндетін қойғанын айтты. Осыған орай ол өзі қызмет ететін Атырау мұнай және газ уни­вер­ситетінде дуалды оқу бағ­дар­ламасының жүргізіліп жатқанын мысалға келтірді. «Президент еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу қа­жет­ті­лігін атап өтті. Біздің білім ордасы сту­дент­тердің бос уақытын­да жұ­мыс істеп, тәжірибе жинауы­на мүм­кіндік беріп отыр. Мысалы, біз сту­дентті оқытып қана қой­май, оны кәсіби маман ретінде тәр­­­бие­л­еп, өз ісінің нағыз шебе­ріне, ма­­ма­нына айналдыру үшін жұ­­мыс жасап жатырмыз», – деді ол. Ал Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Жолдаудағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының мәні мен маңызын айтып, бола­шақта еліміз ақпараттық жағынан дамыған, ең озық мемлекеттердің қатарынан көрінгісі келсе, қазірден бастап жер-жерде, ел-елде интернет жүйесін жетілдіру керектігін атап өтті. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»