07 Ақпан, 2017

Доллардың нығаюы мұнай бағасын төмендетті

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Астана уақытымен таңғы сағат 09:00-да Брент маркалы мұнай бағасы 0,5 пайызға дейін арзандап, 55,91 долларға саудаланды. "Қара алтынның арзандауына бірінші себеп доллардың қымбаттауы", - дейді Commerzbank сарапшысы Карстен Фритч. Ал кеше мұнай құны соңғы аптадағы рекордтық көрсеткішке жетіп, барреліне 57 доллардан асып кеткен еді. Оған түрткі болған ОПЕК келісімінің сақталуы мен Иран-АҚШ қатынасының шиеленісуі. Тегеранның баллистикалық зымыран ұшыруы екі ел арасындағы шиеленісті жағдайды одан сайын ушықтыра түсіп, Трамп әкімшілігі парсыларға қарсы жаңа санкция әзірлеген. Нәтижесінде, өткен жұма күні АҚШ Иранның 12 кәсіпорны мен 13 тұлғасына санкция салған. Трейдерлердің пікірінше, Тегеранға қарсы салынған санкцияның күшейтілуі Иран мұнайының экспортына кедергісін келтірмек. Рейтердің хабарлауынша, ОПЕК елдерінің мұнай өндірісі биыл қаңтар айында 1 млн баррельге дейін азайған. Ал жоспар бойынша, бұл елдер жыл ортасына дейін 1,8 млн баррель азайтуы тиіс еді. Қазақстан болса, өзіне тиесілі 20 мың баррельді артығымен орындап жатқанын өткен апта хабарлаған едік.