Кеше Қазақстанның «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының штаб-пәтерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы конституциялық реформаларының жобасын талқылауға арналған конференция болып өтті.
Оның жұмысын партия орталық аппаратының жетекшісі Фарид Ақбердиев ашып, жүргізіп отырды. Конференцияға еліміздің 13 аймағындағы партия филиалдарының өкілдері қатысты. Конференцияға қатысқандар, әсіресе, алынып тасталған нормалар туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Мәселен, бұрынғы Президент өкілдігіне енетін республикалық мемлекеттік бағдарламаларды Президенттің бекіту құқы енді Үкімет басшысына берілетіндігі туралы көптеген оң пікірлер айтылды. Осы жайтқа байланысты Фарид Ақбердиев Президенттің Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында білдірген пікірлерін алға тартып, осы уақытқа дейін Елбасына тіпті ауыл мәселелерімен айналысуға тура келгенін жеткізді. Билікті осынша орталықтандырылғанның кесірінен Президент әкімдер мен министрлер шешуге тиісті барлық мәселелермен айналысуына тура келіп отырғанын көлденең тартты.
«Сондықтан да министрлер мен әкімдер өзіне жүктелген міндетті ешкімге қарайламай, батылдықпен орындауы керек қой», деді аппарат жетекшісі. Сонымен қатар, биліктің вертикалдығы өткен уақыт аралығында тиімді қызметтер атқарып, оң нәтижелерге қол жеткізілгендігі де ауызға алынды. Жалпы, «Ауыл» партиясы конституциялық реформалар мен Президенттің соңғы Жолдауын халыққа түсіндіру бойынша 15 шара жоспарлаған екен. «Халықпен кездесулерде бізге осы мәселелер бойынша көптеген сұрақтар қойылады. Біз оларға толымды жауаптар беруге тырысамыз. Сонымен қатар, біз өз ұсыныстарымыз бен пікірлерімізді арнаулы комиссияға да ұсынатын боламыз», деді Фарид Ақбердиев.
Партия төрағасы, сенатор Әли Бектаев Президент Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатымен өңірлерге шыққан Парламент депутаттарымен бірге сапарда жүргендіктен, конференция жұмысына қатыса алмады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»