Түйткіл
Қарағанды, оның ішінде Теміртау қаласы «ғасыр індетінің» келеңсіз көрсеткіші бойынша көш бастап тұрғанына көңіл құлазиды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы санақ бойынша Қарағанды облысында АИТВ жұқпасын жұқтырған 4704 науқас тіркелген. Оның ішінде 2841-і Теміртау қаласынан. 52-сі – 14 жасқа дейінгі жасөспірім... Түйткілді терең қаузап, көкейдегі көп сұраққа жауап іздеп көрдік. Бірыңғай көлеңкелі тұстарын теріп жазбай, одан сақтану, алдын алу шаралары жайына кеңінен тоқталуды өзімізге талап қылғанбыз. Қалай күресу керек, қандай шаралар қолға алынуы тиіс? Атқарылған ауқымды істерде ілгерілеушілік бар ма? Алдымен Қарағанды облысындағы ЖИТС пен күрес қызметінің тарихына үңілдік...Әуелде
Қарағанды облысындағы ЖИТС-пен күрес қызметінің тарихы 1989 жылы наурыз айында қалалық инфекциялық аурухана жанынан АИТВ диагностикалық зертханасының ашылуынан бастау алыпты. 1989 жылы қазанда ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес бойынша облыстық орталық құрылады. Әуелде орталықта үш бөлім жұмыс істеді. Қысқа мерзім ішінде бөлімдер жоғары білікті мамандармен толығып, АИТВ инфекциясының алдын алу жұмыстарына жүз пайыз кірісуге мүмкіндік алады. Сол жылы Теміртау мен Жезқазған қалаларында, 1998 жылы Балқаш қаласында ЖИТС пен күрес қызметтері ұйымдастырылған екен. Уақыт өте келе Қарағанды облысының ЖИТС пен күрес қызметі өз тиімділігі мен ықпалдылығын дәлелдеп, денсаулық сақтау саласының құрылымына енеді. 2013 жылы ақпанда ЖИТС-ке қарсы күрес қызметі қайта құрылып, қалалық орталықтар облыстық орталыққа біріктіріледі. Жалпы алғанда, адам бұл аурудан құлан-таза жазылып кетпейтіні белгілі. Тек, дерттің таралуын тұйықтап, тіркелген науқастарды қолдан келгенше емдеп, олардың ғұмырын сәл де болса ұзартуға мүмкіндік жасау қажет. Қарағанды облыстық ЖИТС орталығының басшысы Бейбіт Сағымбаев мырзаның айтуынша, облыс бойынша аталған дерттің анадан балаға берілу жолы бірен-саран ғана, тіпті тыйылған деуге болады.Жаңа құрылғы – жанға дауа
Биыл Қарағанды облыстық ЖИТС орталығының зертханасы жаңа заманауи жабдықтармен толықтырылыпты. Енді қала тұрғындарының Германия мен АҚШ-тан әкелінген «Rotor - Gene Q» және «EVOLIS» құрылғыларында тексерілуіне болады. Облыстық ЖИТС орталығының зертхана меңгерушісі Екатерина Сидилеваның айтуы бойынша, жаңа құрылғылардың көмегімен жұқпалы аурулардың қоздырғышын анықтап, ген экспрессиясының деңгейін бағалауға, тест параметрлерімен (оң, теріс, ішкі бақылау, қайталап тексеру) бақылауды жүзеге асырып, сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін ауруларды анықтауға мүмкіндік туған. Мұндай аурулардың алғашқы кезеңде ешбір клиникалық белгілері байқалмай, салдарынан соңғы кезеңдерде емделуі өте қиын екендігі белгілі. АҚШ-та өндірілетін «ARCHITECT і 1000 SR» автоматты анализаторы зәр-жыныс жүйесінің жұқпаларын, қалқанша без ауруларын, В, С гепатитін, онкологиялық ауруларды анықтауға арналған. Сонымен қатар, аталған әдіс бойынша тек қандағы ғана емес, кез келген басқа ортадағы: несеп, шырыш, сілекей, шырышты қабық, тіпті су немесе топырақтағы қоздырғыштарды анықтауға болады екен. «ARCHITECT і 1000 SR» аппаратының көмегімен АИТВ-жұқпасын жұқтырған аурулардың иммундық ахуалын анықтап, олардың деңгейін білуге болады. Бұл тексеріс антиретровирустық терапияны дұрыс тағайындау мақсатында жүргізілетін көрінеді. Қазіргі таңда құрылғыда күніне 50 тексеріс жасауға мүмкіндік қарастырылған.«Демі бардың – емі бар»
«Қарағанды облыстық ЖИТС-тің алдын алу және күрес жөніндегі орталығы» КМК үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) бірігіп, көптеген алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, қазіргі кезде әлеуметтік тапсырыс аясында Қарағанды облыстық ЖИТС орталығы «Мейірім әлемі» ҮЕҰ бірге АРТ-терапияны ұстану бойынша мультитәртіптілік топ (МДТ) жобасын жүзеге асырып жатыр. Психолог Динара Балғымбекованың айтуы бойынша, топ құрамына психолог, әлеуметтік қызметкер және кеңесші кіреді. Ол ЖИТС орталық маманы және аталған топтың біріккен жұмысы арқасында АИТВ жұқпасын жұқтырған адамдардың АРТ-терапия қабылдауға келісім беріп, оның оң әсерін тигізіп отырғандығын атап өтті. Мұнда АИТВ жұқпасымен өмір сүретін адамдар үнемі келіп отыратын қолдау тобы да жұмыс жасайды. Бұл ортадан сенімді дос, айнымас серік тауып, отбасын құрып жатқандар да жоқ емес. Осылайша, науқастар жағымды көңіл-күйді бастан кешіреді, ал бұл СD-жасушалардың көбеюіне алып келетін бірден-бір жол. Жақында қолдау тобына өзінің диагнозы жайлы естіп, өмір сүргісі келмейтінін айтқан бір жас жігіт қосылыпты. Мультитәртіптілік тобы жұмысының арқасында, ол көптеген достар тауып, тіпті, өз махаббатын да кезіктірген. Осыдан кейін суицид жайлы мүлде ұмытып, сүйіктісімен бірге өмірдің жаңа парағын ашуға бел байлапты. Қазіргі таңда жас жігіт некесін заңдастырып, дені сау ұрпақты өмірге әкелудің жолын қарастыруда. Бүгінде қолдау тобына 15 адам үздіксіз келіп жүр екен. – Мен ауқатты отбасында дүниеге келдім. Ата-анам ешқашан бетімнен қаққан емес. Бәлкім, осы ештеңеден тарықпағандығым да менің өмірімді құртқан шығар. 17 жасқа толғанымда замандасым ине егу арқылы есірткі пайдалануға көндірді. Алғашында ұнамағанымен, бірнеше рет қолданған соң, оған үйрене бастадым. Ал әрі қарай есірткіге деген ессіз тәуелділік пайда болды. Біз ол уақытта АИТВ жұқпасының берілу жолдары жайлы білмей, бір инені бірнешеуіміз пайдаланып жүрдік. Кейін отбасымды жоғалттым – есірткі қолданып жүргенімді білген жолдасым мені тастап кетті. Артынша өзім де темір тордың арғы жағына тоғытылдым. Сол жерде АИТВ-ға шалдыққанымды айтты. Әрі қарай өмір сүргім келмеген уақытта бостандықта қалған достарым қолұшын созды. Олар маған «ЖИТС-ақпарат» газетін және басқа да журналдарды жіберіп отырды. Қаншама материалға қанық болған мен, аталмыш аурумен бес жыл емес, он жыл, тіпті он бес жыл да өмір сүруге болатынын оқып білдім. Міне, екі жыл бойы АРТ терапияны қабылдап келемін. Мен сияқтыларға облыстық ЖИТС орталығында дәрілерді тегін береді. Өмір осылай бір қалыпқа келе бастады. Қазіргі таңда мен өзімді түсінетін адамды кездестіріп, бірге өмір сүріп жатырмын, – дейді АИТВ жұқпасын жұқтырған науқас Ирина БУХАРИНА. Теміртаулық Иринаның бүгінгі таңда жасы қырықтың қырқасында екен. Қазақ «Ауырып, жазылған жан олжа» дейді ғой. Саулық тіледік. «ЖИТС ОО» КМҚК білім беру саласында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Олар мектептерде, жоғары оқу орындарында, бизнес құрылымдарында дәріс оқып, есірткі қолданатын тұлғалармен жұмыс істейді. Біз АИТВ жайлы халықты қорқыту үшін емес, оның алдын алу үшін айтуымыз қажет. Осы жұмыстардың нәтижесінде облысымызда 20 мен 29 жас аралығындағы жастардың ауруға шалдығу көрсеткіші 7,1 пайызға төмендеген. Сақтықта қорлық жоқ демекші, жастар отбасын құрар алдында АИТВ инфекциясы мен жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекцияларға міндетті түрде тексерілгені дұрыс. Профилактикалық мақсатта 2014 жылы Теміртау қаласында арзан бағада сақтандырғыш құралдар сататын екі кондомат орнатылыпты. Қазақта «Жасырғанның жарасы асқынады» деген сөз бар. Дауасы жоқ дерттің жайын әңгімеледік. «Мың бір атты пәле, жүз бір атты қатер» аяқ астынан. «Ғасыр індетін» індетіп жаза берсек, бойыңызды үрей билей бастайды. Көкейдегіміздің көлеңкесі емес, күңгейін шолдық. Абзалы, өзіміздің іс-әрекетімізге жауапкершілікпен қарау. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ