07 Ақпан, 2017

«Отаныма оралғым келеді»

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
36 жастағы Геннадийдің тумысынан аяғының қан тамырлары зақымданып, мүгедек болып қалған еді. Құдайға құлшылық ететіндіктен, анда-санда Қазан қаласындағы қасиетті жерлерге тәу етіп қайтатын әдеті бар. Былтыр 2 қазанда кезекті мінәжат сапарына аттанып, көпке дейін хабар-ошар болмағанына алаңдаған туыстары полицияға қайрылған. Іздестіру шаралары барысында Ресейде қамалғаны анықталады. Ол туралы Есіл ауданында тұратын әкесі Леонид Полтавец әңгімелеп берді. – Қайтар жолда ұлым барлық құжаттары мен ақшасына қоса ұялы телефонын да ұрлатып алған. Жеке басын куәландыратын айғақ болмағандықтан Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас Қорған қаласында уақыт­ша ұстау оқшаулағышына жауып тастаған. Мұндағылар тез босайтынына сендіргенімен, бірнеше ай ұстаған. Оның себебін Қазақстанның консульдығына жіберілген өтінімге жауап хаттың кешігуімен түсіндірген. Бірыңғай экономикалық одақ түзілгелі екі ел арасында кідіріссіз жүріп-тұру да, хат-хабар алысу рәсімдері де әлдеқайда оңайланғаны белгілі. Мені қос тарап жауапты орындарының мүгедек жанның тағдырына деген немқұрайлы көзқарасы қынжылтады. Геннадийдің елге деген сағынышты сезімі шекараға келгенде тағы да су сепкендей басылған. Оның бұл әрекетіне шекараны заңсыз кесіп өтті деген қылмыстық айып тағылып, біраз уақыт кідіруіне тура келген. Леонид Александровичпен кейін хабарласқанымызда, ұлының аман-есен келе жатқанын қуана жеткізді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы