Қалай десек те, Алматыда өтіп жатқан ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада тарихында шаңғымен жүгіруші Анна Шевченконың есімі айшықты әріптермен жазылатыны анық. Анна – ел құрамасы сапында ең алғаш көзайым болып қола медальді әкеліп еді. Медальдар сандығын ашқан – осы Анна!
Шаршамайды екен, Анна қыз! Жан алып, жан беріскен екінші сайыста тағы да қолаға қол жеткізген Анна Шевченко классикалық спринтерлік жарыста алғашқы сайыста жолы болмай қалған Олжас Климинмен жұптасып алтын медаль алды. Қалай ұмытайық! Осы Аннада күміс медаль ғана жоқ еді. Ол олқылықтың орнын кеше толтырды. Үш спортшы бас түйістірген бес шақырымдық қашықтықта қорытындылайтын ақтық жарыста Анна Шевченко, Ольга Мандрика және Ирина Быкова 43:17,2 минуттық көрсеткішпен ресейлік басты қарсыластарға 52,1 секунд қана есе жіберіп, күміс медаль алды. Француздар жүлделі үшінші орында қалды.
Ерлер арасында өткен 7,5 шақырымдық командалық эстафетада ресейліктерге небәрі 1,8 секундқа жол берген Сергей Малышев, Виталий Пухкало, Ринат Мухин және Олжас Климин күміс медальға қол жеткізді. Чех шаңғышылары қола алды.
Бар үміт – шорт-тректе еді!
Спортшыларымыздың айбыны да, алдарына қойған асқаралы міндеттері де бізге таныс. Әлемдік жарыстардағы ойын өрнегі жанымызға жақын. Финалдық бәсеке үшін өткен 500 метрлік «құйын-перен» өткен жарыста әжептәуір көрсеткішке ілініп тұрған жерінен төрешілер бас ауырта ақылдаса келіп, жұлдыздай жылдам жүгіретін алматылық шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиевті қытайлық спортшыға саусағының ұшы тиіп кетті деп «жазғырып», жарыстан шығарды. Амал қанша! Нұрберген – «нағыз бәсеке – 1000 метрлік бәсеке, ертең...» дейді! Ер жігіттің сөзіне сенеміз!
Келесі жұптағы Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиевтің жарысы да осындай «штаттық емес оқиғаға» тап келді. Корейлік спортшының конькиі тиіп сүрінген Денис Никиша төрешілердің әділдігінің арқасында, жарыс жолынан тайғанап шығып қалғанына қарамастан, үшінші орын – қола медальға лайық деп танылды. Ал Абзал Әжіғалиев өзінің маңдай терімен күміс медальді иеленді. Шорт-трекші шорт мінезді сайыпқыран жігіттеріміз күмісті қомсынып отырған жоқ. Алайда, «Алтын – алда!» деді.
Ақпанның 6-сы айқаспен өткенмен, «алтынсыз» аяқталды!
Ертең бар, бүрсүгіні бар...
«Балуан Шолақ» сарайының батырлары 1000 метрлік, 5000 метрлік ертеңгі жорыққа шығуға тас-түйін дайын!
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«ЕгеменҚазақстан»
АЛМАТЫ