«Медеу» «Медеу» болғалы қазақстандық спортшылар Универсиада сынды аламан жарысқа алғаш рет ат салысқанымен, рекорд жаңғырта алмады. Конькимен жүгіруші Екатерина Айдованың екі мәрте алған қола медаліне малдандық. Барлығы 23 елден келген 170 конькишінің арасында, тіпті, біздің спортшыларымыз қалың шаңның арасынан көрінбей қалды. Өкінішті-ақ...
Бүгін атақты мұз айдынында коньки жарысынан масс-старттан соңғы жарыстар өтті. Жүлдесізбіз... Біз биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің универсиадалық ойындарға байланысты бас менеджері Дулат КЕЙКИНДІ әңгімеге тартқан едік.
– Дулат Жәрдемұлы, қазақ жерінде алғаш рет өткізіліп тұрған халықаралық қысқы жарыста «Медеу» спорт кешенінің жолы болмады ма, әлде спортшылардың асығы алшысынан түспей қойды ма?
– Биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің «Рекордтар ұстаханасы» деген аты бар. 1972 жылдан бері осы мұз айдынында 120 рет әлемдік рекорд жаңартылды. Оны Жер шары мойындаған, ендеше, бұған айдынның еш қатысы жоқ. Негізі, «Медеу» мүмкіндіктер берген еді...
– Ол кездегі «Медеу» мен қазіргі «Медеуді» салыстыруға бола ма?
– Әрине, болады. Мұз айдынына қашан да кешен жанындағы су қоймасынан мөлдіреген тау суы құйылып, мұз қатырылады.
– Алатаудың мұздақтарынан түзілген ол судың спортқа қандай қатысы бар, спортшыға маңыздысы қатқан мұз емес пе?
– Мұздақ суы кіршіксіз, тіпті, оның құрамында кәдімгі біз ішіп жүрген судың құрамындағы бірталай минералды қоспалар да жоқтың қасы. Мұндай мұзда спортшы да жұлдыздай ағады. Коньки мен мұз арасындағы үйкеліс мейлінше жеңілдейді. Мұны конькишілеріміз де жақсы біледі...
– «Медеу» спорт кешені айдынының басты ерекшелігі осы ғой сонда?
– Иә, басты ерекшелігі мұздың кристалдай тазалығында. Әрине, оның биік таудың қойнауында орналасқанының да себебі зор.
– Ендеше, дүниежүзілік қысқы спорт сайысында «Медеуде» неге жерлестеріміз жүлдесіз қалды?
– Рекордты спортшы жасайды, кешен – тіркейді. Жеңіс – спортшының қандай дайындықпен келгеніне байланысты.
– Конькимен жарысушылар сайысы басталғанда, Медеу шатқалында жапалақтап қар жауды. Біздің спортшыларымызға табиғаттың тосын осы құбылысы қатты әсер етті дегенге не айтар едіңіз?
– Ширек ғасырдан астам уақыт осында жаттығатын спортшылармен жұмыс істедім, «Медеу» спорт кешенінде қызмет атқардым. Менің білетінім, керісінше, туған жердің киесі спортшыларды қолдайды деп жатады.
– Дейтұрғанмен, тау шатқалындағы төпелеп жауған қар қырсығын аз тигізбеген шығар?
– Мен мұздату технологиясының инженерімін. Бұл сұрағыңызға еліміздің конькимен сырғанаушылар құрамасының бас бапкері, атақты конькишіміз Людмила Прокашеваның жауап қайтарғаны дұрыс деп ойлаймын.
– Бас бапкер жапалақтап жауған қардың астында тұрып, қазақстандықтардың үкілі үмітіндей болған Екатерина Айдоваға қатысты «Ауа райы неғұрлым қолайсыз болса, бізге солғұрлым тиімді», деп еді. Біз куәміз...
– Спорттың қуанышы мен өкініші қатар жүреді. Ең бастысы – әлемдік универсиада спортшыларына «Медеу» әдеттегідей жылы қабақ танытты. Давиде Джотто (Италия) мен Александра Качуркина (Ресей) алтын, Сейтаро Ичинохе мен Нана Такахаши күміс, Линус Хайтдеггер (Австрия) қола медальді еліне осы жерден алып кетті ғой. Бас жаттықтырушы айтқандай табиғат, яғни, «Медеу» біздің спортшыларымызға хал-қадерінше көмектесті...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ